Тұлпар мініп ту ұстаған Шерата…

Дүние бір қисық жол бұраңдаған.
Бақ тайса, ерге дəулет құралмаған.
Күніне тоқсан-тоғыз бəле көрсең,
Сонда да күдер үзбе бір АЛЛАДАН!
Алғашқы рет Шератаның «Қызыл жебе» роман эпопеясының бірінші бетінен оқыдым. Бүтін дəуірдің трагедиясын сомдаған шығарма осы жолдармен басталады. Ауыр басталады. Жазушы бұл сөйлемдерді Тұрарды сүзектен тұрғызамын деп Саймасай байдың қара қойын ұрлап, ақыры «Қызыл жебе» жүйрікті ұрлауға ұласып түрмеге түскен Рысқұлдың аузымен айтқызады. Қарақшы атанып, қапаста отырған Рысқұлдың жендеттердің қолынан жентек-жентек қан құсып жатқанда күбірлегені бала Тұрармен бірге менің де танымыма таңбаланып, санама сіңіп қалған.
«Оян Тұрар» деп жалғасатын ұлы шығармадағы осы сөздер өмірімнің өзегі болғалы қашан. Күн сайын күре тамырымда қанмен араласып, жүрек пен сананы жалғап айналып жүреді. Бұл маған Алыптың берген алғашқы ақылы еді. «Бұралаңы көп қисық жолдарда бақтың тайып, дəулеттің дəуірлеген кезеңдерінде де күдер үздірмейтін Құдайдың құдыретін ұмытпа» дейді Шерата!

————————————————————————

Аңыз адамның қасында болып, əңгімесін тыңдап, рухын сезіну арманым Шерата елге оралғанда орындалды. Ол үшін Бекет, Қалыбек, Асқарбек көкелеріме қашаннан қарыздармын. Жастығыма қарамай жолбарыстың жанына жақындатты.
Аз уақыт атқосшысы болдым. Шақырғанда шауып келіп, қолына су құюға жарадық. Шамамызға қарамай Мыңбұлақтың тауына барып «Шераға сағаты» деректі фильмін түсіруге үлес қостық. Тым құрығанда тастаяқпен Шерата шірене соққан шарларды тасып тұрушы ем.
Сол бір шіркін күндер…

————————————————————————

Тау бөктеріндегі «Талапты» ауылы. Шератаның туған бауыры Батырхан көкенің үйі. Кезекті тапсырмамен салып ұрып келген бетім. «Қызқасқыр» əңгімесінің қолжазбасы мен компьютерге терілген нұсқасын əкелдім шамасы.
Жолбарыс ата күншуақта шапанын желбегей жамылып отыр екен.
Сол жолы «Багираны» бірінші рет көруім. Шапанның шетін ала жатқан «Маугли» мултьфильміндегі қара қабыланнан аумайтын көзінің қарашығынан басқасы сары тұрқы ұзын қара мысық.
«Тыныштықты бұзған кім» дегендей «Шерхан» мен «Багира» бірдей жақтырмай қарады.
— Мұхаммед əликсалам етегінде ұйықтаған мысықты оятпас үшін шапанын ойып қалдырып кеткен екен. Жарықтықтың жаны бардың бəріне жақсылықпен қарағаны да…
«Ұлылық қарапайымдылықтан тұратынын білесіңбей сен өзі» ?!
Содан кейін жолбарыс журналистің қасынан қабылан мысықты көрмедім.

————————————————————————

Шератаның маған көзі үйреніп, менің қобалжуым сиреген кездер еді. Көңілденген күндері «Жасикоо» деп даусын созыңқырап еркелететін. Жақтырмаса «Күйеу» деп қысқа қайыратын.
— «Шерата күйеулігімнен інілігім жақын емес пе» десем…
— əй сен Жуалыдан мына Мыңбұлақтан қыз алып отырсың ба?
— ия
— бітті күйеусің!
Одан кейін сұрақ қойып, сұрағына өзі жауап беріп састыратын.
— Осы сендер жорналистер қайда қарайсыңдар, мына қаланың барлығын мағынасыз сөздер басып кетіпті.
— қандай сөздер көке?
— «Берекені көктен тілеме — көптен тіле»
Төле би деп жазып қойыпты. Оны Төле айтты ма, басқа айтты ма ол маңызды емес. Маңыздысы сөздің дұрыс жазылмауында.
Шерата сынай қарап:
— Көк деген көк аспан, көк аспанда көк тәңірі, тәңір дегеніміз құдай. Сонда құдайдан тілемейміз бе?
Ал көп дегеніңнің жақсысы бар жаманы бар. Адалы, арамы бар. Топтың ішінде тобыры болуы да мүмкін.

————————————————————————

Шератаны кезекті шарасына тасып бара жатырмын. Орталық көшелердің бірі.
— Тоқта, бала, ананы көрдің бе?
Жол үстіндегі жазу:
«Ақыл азбайды, білім тозбайды».
Шерата қолын көлеңкелеп тұрып:
— оттапты,- деді.
Білім тозбаса Дарвиннің ілімі қайда қалды? Адам маймылдан жаралды деп бір буын ұрпақ өскен жоқ па? 70 жыл желкемізге мінген Ленинизм, Марксизм білімдері қайда? Қазір пайдасы бар ма олардың? Жоқ. Яғни тозды. Ескірді. Жаңа білім келді. Ал ақылға келсек, менің жалындаған жас кезімдегі ақылымды тыңдады, соңымнан ерді, кәдеге жаратты. Кәзір алжуға шақ қалып, сексенге келгенде менің пәлсапам кімге керек? Міне, «Білім де тозады, ақыл да азады».
————————————————————————-

Тағы да «Талапты ауылы» тау бөктері. Батырхан ақсақалдың үйі. «Қазақ радиосынан» тілші қыздар «Шератадан» сұхбат алуға келіпті. Асқарбек Сейілханның (Бас редактор) тапсырмасы бойынша құдай берген қызыл ниваға қыздарды тиеп алып тұра шаптым. Елең-алаңда ескерусіз елпеңдеп жетіп келгенімді жақтырмады.
Зілмендей дауыспен:
— ей, Күйеу сынауға келдің бе? Сыртта күт! Қауметімді алып, көйлегімді ауыстырайын.
Сол күнгі сұхбат сүбелі болмады. Шерата қабағы ашылмай кіржиіп отырып алды.
Мен де бұртиып қайттым. Сақалдың қырылмағаны мен көйлектің үтектелмегенін радиодан кім көреді. Дауысы дұрыс басылса болды емес пе?
Ал қазір ойлап отырсам «Қызыл Жебе» шығармасында тұтқындағы «Тұрар» тергеушінің алдында «жейдемнің жағасы жуылмайынша жауап бермеймін» деп, таяққа төзіп отырып алатын эпизод бар. Əкесі Рысқұлдың «басыңа қандай күн тумасын жағаңды кірлетпе» деген өсиетін соңғы демі шыққанша орындап кетеді.
Қайран «Шерата» маған осыны айтқан екен ғой.

————————————————————————

Қара сөздің қазынасына сеңгірдің бесеуін көру бұйрыпты. Қалған ғұмыр Алланың қалауында. Кешелі бері шекпенді көрген, шекпеннің шетін көрген аға буын жазып жатыр. Жазатын жөндері.
Ал, іні буыннан Жалғас Саңғыл мен Данияр Əлімқұл жазды. Шератасы бар Жамбылда жазары бар жастар таусылмаса керек — ті. Рахмет жігіттерге!
Қабырғалы қаламгер Нұртөре Жүсіптің өзі не дейді, байқадыңдар ма?
«Шераға шекпенінің бір түймесі болуға жараймыз ба?» дейді.
Ал біз ше?
Шекпенде сол түймені төрт-бес қайтара орап ұстап тұратын жіңішке жіптер бар. «Солардың бір бола аламыз ба»?

———————————————————————-

Шератаны мен осы бейнесімен таныдым, сол бейне сақтаулы жүректе. Көпшілік халықтың да көкейінде, көңілінде осы бейне! Айбынды, асқақ Алаштың Ұлы перзенті.
Сондықтан заңғар жазушыны мұқатқыларың келмесе қазіргі шау тартып, шөккен суретін салмағандарыңыз мақұл.

Шерата шапандарыңа да, шарапаттарыңа да мұқтаж емес, дəл қазір!

Жасұлан Әбдіхалық Фб парақшасынан