ТҮРКІСТАННАН БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНА 200 ТОННАҒА ЖУЫҚ ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕК КЕРУЕНІ ЖОЛҒА ШЫҚТЫ

Түркістан облысының тұрғындары еліміздің су басқан өңірлеріндегі жағдайға алаңдаушылық танытып, өз көмектерін көрсетіп жатыр. Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының тапсырмасымен өңірде гуманитарлық көмекті үйлестіретін штабтар құрылып, жұмыс істеп жатыр. Су тасқыны болған уақыттан бері өңірден Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау облыстарына 371 тонна гуманитарлық көмек жөнелтіліп, еріктілер көмекке барды. Ал бүгін Түркістан халқы атынан 9 ауыр жүк көлігі мен қосымша көліктерге тиелген 200 тоннаға жуық кезекті гуманитарлық көмек керуені жолға шықты. Онымен бірге 50 ерікті жас арнайы автобуспен жіберілді. Олар су тасқыны салдарын жою, ұйымдастыру жұмыстарына атсалысады.
Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жүректен жүрекке» акциясы аясында Түркістан облысы ҚХА жанындағы Түркістан облыстық өзбек және түрік этномәдени бірлестіктері бірлесе отырып, 5 жүк көлігіне тиелген гуманитарлық көмекті су басқан аймақтарға жөнелтті. Сонымен бірге Сарыағаш, Отырар, Келес, Сайрам, Сауран ауданы мен Кентау қаласы тұрғындары атынан қажетті заттар тиелген жүк көліктері де жолға шықты. Оларға негізінен азық-түлік, көрпе-төсек, киім-кешек және құрылыс материалдары артылған.
Іс-шарада Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев атқарылып жатқан шараның маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ күрделі жағдай кезінде көмек қолын созған облыс тұрғындарына, кәсіпкерлеріне, жастарына, өңірдегі Ассамблея мүшелеріне, этномәдени бірлестіктерге алғысын білдірді.
– Өздеріңізге белгілі еліміздің бірқатар өңірлері су тасқыны болып, тұрғындар үйлерін тастап кетуге мәжбүр болуда. Айтарлықтай материалдық шығындар келтірілді. Су тасқыны салдарын жою, сондай-ақ су тасқынына қарсы іс-шаралар мен авариялық-құтқару жұмыстары, еріген қар суын бұру жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Халқымыздың ауызбіршілігі мен ынтымағы осындай сын сағаттарда көрініс беретіндігі көңіл қуантады. Арыстағы жарылыс, Мақтаарал ауданындағы су тасқыны кезінде де еліміздің барлық облыстары көмек қолын созып, күн-түн демей гуманитарлық көмек жеткізілгені есімізде. Алғашқы күннен бастап облыста штаб құрылып, аудан, қалалардан жүк керуендері жіберілді. Міне енді бүгін сол ізгі істердің жалғасы ретінде Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен аудан, қала тұрғындарының атсалысуымен Батыс Қазақстан облысына 200 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жолға шығайын деп тұр. Аудан, қала тұрғындары атынан да жүк көліктері сапарға аттанады. Көмек қолын созған барлық азаматтарға, еңбекқор халқымыз бен ұйымдарға алғысымды білдіремін! – деді Бейсенбай Тәжібаев.
Айта кетейік, облыстан 150-ден астам кәсіби құтқарушы СҚО және БҚО-да су тасқынының алдын алу жұмыстарын жүргізуде. Түркістан облысындағы және аудан, қалалардағы Жастар ресурстық орталықтарында арнайы штабтар құрылып, гуманитарлық көмектер қабылдану үстінде. Ерікті жастар апат аймақтарына жіберілді. Осы уақытқа дейін өңірдің мейірімді халқы су басқан аймақтарға жүк көліктерімен 371 тонна гуманитарлық көмек жолдады. Оған бүгін де қосылып, гуманитарлық көмек көлемі 600 тоннаға жуықтады. Аудан, қалаларда жеке азаматтар да ұйымдасып, жүк көліктерімен көмектерін жіберіп жатыр. Сонымен бірге «Amanat» партиясының Түркістан облыстық филиалы, Іскер әйелдер кеңесі және өзге де ұйымдар қолдау көрсетсе, «Күшіміз бірлікте» қорына қаржы аударылуда. Облыс орталығында орналасқан «Экобазарда» өңірлік кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен гуманитарлық көмек пункті ашылған.
Түркістан облысында гуманитарлық көмек жинау, су басқан аймақтарға қолдау көрсету жұмыстары жалғасады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі