ТҮРКІСТАНДА ЖЕКЕМЕНШІК МЕКТЕП САЛУҒА НИЕТТІ КӘСІПКЕРЛЕР БАС ҚОСТЫ

Түркістан облысында мектеп тапшылығын жою мақсатында арнайы жоспар түзіліп, мәселе шешімін тауып келеді. Бұл жағдайда кәсіпкерлер де жекеменшік мектеп салуға ниет танытып жатады. Ал оның тәртібі ескеріле бермейді. Облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаевтың төрағалығымен білім саласына жеке инвестиция тарту мақсатында жиын өтті. Кәсіпкерлерге осы бағытта бірқатар ақпарат ұсынылды. Басқосуға Түркістан облысы «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев, тиісті департамент және басқарма басшылары, аудан, қала әкімдіктерінің өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты.
– Өңірде білім беру инфрақұрылымын дамыту мақсатында 2023-2025 жылдар аралығында 100-ге жуық мектеп салынады. Оның ішінде «Білім инфрақұрылымын қолдау қоры» арқылы, Президент тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Жайлы мектеп» пилоттық жобасымен, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасымен, жалпы сипаттағы трансферттер есебінен білім ошақтары ел игілігіне беріледі. 2023 жылы 35 жекеменшік мектеп пайдалануға берілді. Нәтижесінде облыстағы жекеменшік мектептер саны 137-ті құрады. Осы ретте кәсіпкерлердің де ықпалы зор. Десе де «Жайлы мектеп» жанынан жекеменшік мектеп салу тиімсіз. Оны білім нысандары жетіспейтін, сонымен қатар шалғай елді мекендерде салу әлдеқайда пайдалы деп ойлаймын, – деді Бейсен Дәулетұлы.
Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы білім беруді және медицинаны дамыту комитетінің отырысында негізгі жалпы білім беру бағдарламалары талқыланды. Сонымен қатар жалпыға қолжетімді және тегін қызметті ұйымдастыру мен оны лицензиялау жайы баяндалды. Мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы, сондай-ақ жұмыс істеу қағидаларына сәйкес жүзеге асыру барысы түсіндірілді. Мектеп ашу кезінде қойылатын негізгі санитарлық-эпидемиологиялық талаптар мен ережелер айтылды. Жекеменшік мектептерді ашу кезіндегі мемлекеттік қолдау бағдарламалары, аумақтарда қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемасының қызметі және іске асырылуы жөніндегі талаптар, жер қатынастарын реттеу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру шарттары да назардан тыс қалмады. Өзекті мәселелер талқыланды. Сонымен қатар сауалдар қойылып, пікірлер айтылды.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жеке инвестиция есебінен білім ошақтарын салу жөнінде тапсырма берген болатын. 300 оқушы орынға дейінгі білім нысандарының құрылысын салуда жекеменшік секторды тарту көзделген. Осылайша мектептегі оқушы орындарының тапшылығы азаймақ.
Қазіргі таңда құрылыс салуды қажет ететін 23 мектеп бар. 6512 оқушы орын тапшылығы анықталған. Оның ішінде Қазығұрт пен Келес аудандарында 4 мектептен салу қажет. Ал 3 елді мекенде білім ошағы жоқ. Жалпы бүгінде 11 кәсіпкер қызығушылық танытып, нақты 5 ұсыныс түскен. Ал Облыстық білім басқармасы кәсіпкерлерге саладағы тиісті нормативтік-құқықтық актілер мен жаңартылған білім беру жүйесі бойынша әдістемелік көмектер көрсетуге және оқушылармен қамтуға дайын екенін жеткізді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі