ТҮРКІСТАНДА ВОЛЕЙБОЛДАН ӘЙЕЛДЕР АРАСЫНДА ҰЛТТЫҚ ЛИГАНЫҢ ПЛЕЙ-ОФФ ОЙЫНДАРЫ ӨТІП ЖАТЫР

Түркістандағы «Olympic Center» спорт кешенінде волейболдан әйелдер командалары арасында ҚР ХХХІІ чемпионатының плей-офф ойындары басталды. Шаршы алаңдағы волейбол бәсекесіне елімізден 8 команда қатысып, өзара мықтыларын анықтауда.
Рухани шаһарда басталған дүбірлі додаға Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, облыстық волейбол федерациясының президенті Тұрысбек Мыятбеков, облыстық мәслихат депутаты Сүлеймен Арыстанов, облыс спорт басқарма басшысы Қанат Жолдықараев, «Тұран» спорт ойын түрлері клубының директоры Сабыржан Бульдуруков және жанкүйерлер мен БАҚ өкілдері қатысты. Барлық командалар бас жүлде үшін келгендерін көрсетіп, тартысты ойындар өткізуде.
Алғашқы күндегі ойындар нәтижесіне тоқталсақ, «Жетісу» мен «Ертіс» арасындағы кездесуде 3:1 есебімен жетісулықтар жеңді. «Берел» — «Қарағанды» кездесуінде 3:0 есебімен «Берел» арулары мықты болып шықты. «Тұран» командасы «Алматыдан» 3:0 есебімен басым түсті.
Тартысты бәсекелер 20 наурызға дейін жалғасады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі