ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ, ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНДА БІРНЕШЕ АУЫЛҒА ГАЗ БЕРІЛДІ

Түркістан облысында 40-қа жуық тоқтап қалған газ нысандарының мәселесі шешілді. 1,5 жылдың ішінде саладағы «сақалды құрылыс» ретке келтіріліп, 120 мың абонент табиғи газбен қамтылды. АГРС проблемасы жақын уақытта толық шешілмек. Бұл жұмыстар Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының жіті бақылауымен жүзеге асуда.
Бүгін Қазығұрт ауданында тағы бір автоматтандырылған газ тарату станциясы іске қосылды. Нәтижесінде 9 елді мекен халқы табиғи газбен қамтылмақ.
Құрылысы 2017 жылы басталып, аяқсыз қалған нысан облыс әкімінің тапсырмасымен назарға алынып, жұмысы аяқталды. Оған республикалық бюджеттен тиісті қаржы қаралған. «Шанақ» автоматты газ тарату станциясының құрылысы барысында жалпы 18 000 метр газ құбыры тартылған.
Қазығұрт ауданына арнайы іссапармен келген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды газ тарату станциясының іске қосу жұмыстарымен танысып, Шанақ ауыл округі, Ақжар елді мекенінде халықпен жүздесті. Ауылдарды дамыту бойынша ақсақалдармен ақылдасты.
– Қазығұрт ауданындағы 61 елді мекеннің газға қосылмаған төртеуі ғана қалды. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Инфрақұрылыммен қамтылу жағынан ең дамыған аудандардың бірі. Мемлекет басшысының тапсырмасымен, ауылды дамытуға күш салынған. Бұл жұмыстар тоқтамайды. Әрине, Үкімет тарапынан жасалып жатқан жұмыстар көп. Ауылдарға газ келді. Тұрғындар от жағу машақатынан құтылды. Енді аулаға ағаш отырғызуға, айналаны абаттандыруға уақыт табылады. Біздің қояр талап – осы. Тазалықты көрген жас ұрпақ та соған ұмтылып өседі. Түркістан облыс орталығы болғалы, өңірімізге халықаралық деңгейдегі шаралар өтеді. Шетелден қонақтар көп келіп жатыр. Инвестор таза, ауызбіршілігі бар жерге келеді. Елдің жағдайына қарайды. Жерді игеруді де үйрену керек. Мал бағуда да заманауи бағытқа көшуге ұмтылу қажет. Халықтың жағдайы жақсара түскені жақсы. Жастардың білім алуға ұмтылысы, жеке кәсіптің дамуы, ішімдіктен бас тартқан ауылдардың артқаны қашанда қолдауға ие, – деді Дархан Амангелдіұлы.
«Шанақ» автоматты газ тарату станциясының қуаттылығы 15000 м3/сағатты құрайды, 10-нан астам елді мекенге газ жеткізуге қауқарлы. Ал, қазіргі таңда атаулы газ тарату станциясының 6 елді мекенде (Шанақ, Ақжар, Ызабұлақ, Ескі Шанақ, Шанақ бекеті, Бақабұлақ) құрылыс жұмыстары аяқталып, 4 мың тұрғын, яғни, 600-ге жуық абонент табиғи газбен қамтамасыз етіліп жатыр.
Түркістан облысында былтыр 111 мыңнан астам халық газбен қамтылды. Бұл еліміздегі ең үлкен көрсеткіш. Яғни газбен қамтылған әрбір 3-ші ауыл Түркістан өңірінде орналасқан. Одан бөлек, соңғы 10 жыл аралығында құрылысы жүргізіліп, іске қосылмаған нысандарды қосу бойынша жұмыстар қарқын алды. Халық санымен есептегенде, 1 млн 650 мыңға жуық халық не облыс тұрғындарының 77,8 пайызы табиғи газбен қамтылған.
2023 жылы 27 жоба іске асырылып, 27 елді мекен газбен қамтылған. 47 нысан құрылысы 2024 жылға өтпелі болды. Биыл газдандыру жұмыстарына 10,1 млрд теңге қаржы бөлінген. 71 нысан құрылысы жүргізіледі. Жыл соңына дейін 38-і пайдалануға берілсе, 33 нысан 2025 жылға өтпелі.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі