ТҮРКІДЕН МҰРА ҚАЛҒАН МЕКЕН

                               Түркі жазба ескерткіштерінің бір бәйтерегі — Дун Хуаң жазбалары
u=2064638302,2036566851&fm=21&gp=0Дун Хуаң- сөзімізге арқау еткен бұл айтулы мекен дүниенің түкпір-түкпірндегі шығыс танушылар мен синологтарды, түркологтарды сондай-ақ ежелгі діндерді зерттеушілер мен тарихшыларды мол жазба материялмен қамдаған «алтын қамба». Осындағы, ғасырлар бойы еш бүлінбей сақталып келген жазбалар мен қабырға суреттер, будда мүсіндері зерттеушілер үшін таптырмас дерекөзі есептеледі. Ал біз үшін оның құндылығы бұл жерде сақталып келген жазбалар мен қабырға суреттер арасындағы көне ұйғыр жазуымен жазылған түркі тіліндегі жәдігерлер болмақ. Бұл жәдігерлер дүниеге «Дун Хуаң жазбалары» деген атпен әйгілі болса, 1930 жылдардан бастап қалыптасқан «Дун Хуаң тану ғылымы» адамзат өркениеті үшін көптеген құнды зерттеу натижелерін үсынды. Біз тақырыпқа арқау болған «Дун Хуаң жазбалары» туралы таныстыруымызды бастамас бұрын осы тарихи мекен туралы, ондағы қазыналардың қалай байқалғаны сонымен қоса ғылым әлеміне жария болуы секілді мағлұматтарды айта кетуді жөн көрдік. Дун Хуаң- бүгінгі Қытай Халық Республикасының солтүстік батысындағы Ган Су провинциясының батысындағы жер аты. Тарихшылар мен түркологтарға кеңінен таныс Хы Ши дәлізіне орналасқан. Ұзақ тарих көшінде Қытайдың орта жазығы мен батысты байланыстыратын өткел болып қалмастан, жібек жолының да маңызды бекеттері осында болған. Осылайша Қытай мен түркілер мәдениетінің тоғысқан алабы болып қалыптасқан Дун Хуаң өңіріне, Үндіден бастау алатын дудда діні орнығып, онан ары Қытайдың орта жазығына таралған. Жыл санауымыздың 366 жылынан бастап осындағы Мо Гау атты жерде будда ғибадатханалары салына бастайды. 1227 жылға дейінгі аралықта бұл өңірде қаншалаған патшалықтар билік құрып, саяси сахнада талай өзгерістер орын алғанымен барлығы будда сенімінен айныған жоқ. Өздерінің рухани трегі болып қалыптасқан дудда дінін барлығы ардақтады әрі діни сенімдері бойынша «үңгір қазып ғибадат орындарын әзірлеу сауапты іс» санағандықтан, Мо Гау шатқалына орналасқан бұтхананың айналасындағы беткейге үңгірлер қазып олардың ішін қабырға суреттермен безендіру, саз балшықтан күйдіріліп түрлі рең берілген пұттар қою уақыт көшімен бірге дәстүр болып қалыптасты. Осылайша Дун Хуаң алқабы ғасырлар бойы будда мүриттерінің киелі мекеніне айналып кетті. Әрі жалдар керуеніне ілесіп, будда номдары және оның тәпсірлері мен нистриян, мани дініне қатысты жазба мұралар жинақтала берді. Адамдар киелі санаған осынау жадыгерлердің қомақты бөлігі, қанша уақыт өткеніне және мемлекет басына қандай билік жүйесі орын алғанына қарамастан еш бүлінбей ХХ- ғасырға жетті. Мо Гау үңгірлері немесе «мың үй» деп аталатын ашық аспан астындағы бұл мұражай, қазыргі Ган Су провинциясына қарасты Дун Хуаң қаласының оңтүстік шығыс бағытында, қаладан 25 шақырым жерде. Таудың түстігі мен терістігінің аралығы 1680 метр болып онда ертеден жеткен 735 үңгір (кейбірінің биіктігі 15-30 метрге жететін) орналасқан. Таудың оңтүстік жағына ғибадат алаңдары бар болып, әр патшалық кездерінде салынған 492 үңгірде жалпы аумағы 45 мың шаршы метір қабырға сурет, 2415 дана балшық мүсін сақталған. Терістікке орналасқан 243 үңгір негізінен шәкірттердің оқу орны мен жатақханалары есептеледі. Осының ішінде ең құндылары үңгір ішіндегі кітапхана қоймаларында әр түрлі материялдардың бетіне түсірілген жазбалар. Олар санскрит тілінде, тохар, қытай, тибет және көне түрік тілдерінде(ұйғыржың жазуында) таңбаланған болып көп бөлімі еуропа мен Жапонияға әкетілген.
Мо Гау үңгірінің ғылым әлеміне танылуы және ондағы мұралардың қолды болуы
1900 жыл. Мо Гау үңгірінен қыруар көне жазбалар мен сызба суреттердің табылғандығы туралы хабар ақырындап төңіректің төрт бұрышына тарай бастайды. Осы арадағы бұтхана монагы Уаң юан лу, өзінің ғибадатхана қазынасынан қымқырған күмістерін жасыру үшін бір үңгірдің қабырғасынан қазына сақтайтын жасырын бөлме жасауға дайындалып жүріп, будда мүсіннің арт жағынан кішкентай есікті байқап қалады. Есікті ашқан ол биіктігі 3 метр, үзындығы 2,6 метр келетін шағын бөлмеге тап болады. (қазыргі №17 үңгір) бөлме ішінде жыл санауымыздың IV-XI ғасырлары аралығына тән көне жазбалар, қағазға, бұлға салынған суреттер, кесте бұйымдар қатарлы 50 мыңнан астам парақшаны байқайды. Міне бұл аты әлемді шарлап кеткен “ном сақталған үңгір” еді. Кейінгі зерттеушілер бұл бөлмеден табылған заттар мен тарихи жылнамаларға және жазбалардың XI ғасырмен шектелетініне, сондай-ақ Батыс Шия династиясы жазуының ұшыраспайтынына негізделіп бұл үңгір, монахтар жағынан дайындалып, тарихи жазбаларды Батыс Шия әскерлерінен қорғап қалу үшін тығып тастап сол беті қалып қойған деген тұжырымға тоқтайды.
Жасырын бөлме табылғандығы, оның ішіндегі көне жазбалар мен сызбалар туралы хабар ілезде жұртқа тарап кетеді. Бұл кездерде Шоқан Уалихановтың атақты Қашқария сапарынан соң сыры ашылған орта азияның осы бір бөлегіне еуропаның талай жиһангездері келе бастаған еді. Олардың ішінде Венгрияның, патшалық Ресейдің, Англияның шығыс танушылары мен архелогтары XIX ғасырдың соңғы шиергінде Үндістан мен Фамир үстіріті, Жетісу арқылы әр түрлі жолдармен Тарым дәриясын бойлап Қашқария өңірінен ежелгі жазбалар және көне жәдігерлер жинаумен айналыса бастаған болатын. Бұлардың ішінде Дун Хуаңға келіп “мың үйді” тамашалап қайтқандар да бар еді. Олардың ішінде Венгриялық зертеуші Клочи еуропада ашылған шығыс танушылардың жиналысында алғаш рет Мо Гау үңгірлеріндегі көне қабырға суреттер туралы бяндама жасайды. Осылайша еуропа ғалымдарының назарына іліге бастаған Дун Хуаңнан- мол қазына табылғандығы туралы хабар шетелдіктерді тіптен қызықтыра түседі. Бұл араға алдымен жеткендердің бірі Англия синологы Стейын еді. Ол Уаң юан лу монахқа ақ күмістерін бере отырып өзі құнды деп бағалаған көне жазбаларды ағаш сандыққа салып түйеге артып Үндістан арқылы еліне алып кетеді. Стейыннен кейін де бұл араға патшалық Ресейдің экспедициясы сан рет келіп талай көне жазбаларға ие болады. Осы мезгілдерде Германияның архелогиялық тексеру тобы төрт рет, Англия төрт рет, Жапония үш рет, Франция екі рет тексерулер жүргізеді. Нәтижеде діни сңаржақтылықпен тек қана будда мәдениетіне қатысты дүниелерді сақтап қалуды көзде ұстап, басқа мазмұндағы мұраларға болған немқұрайлылық пен үзбей орын алып отырған соғыс кесірінен талай бүліншілікті бастан өткеріп барған сайын азайып кеткен ерте заман жазбаларының қалғанын шетелдіктер елдеріне тасып акетеді.
Құпия бөлмені тауып онан шыққан дүниелерді шетелдіктерге сата бастаған Уаң юан лу монах ұзақ өтпей жергілікті билік тарапынан тұтқындалып басы шабылады. Бір қызығы, тарихқа аты қалған бұл монахты Қытай ғалымдары дүниеқор, топас адам ретінде бағалап келген болса соңғы кездері «түсіністікпен» қарай бастады. Себебі Қытай компартиясының көсемі Маоның жүргізген 1966-1976 жылдар аралығындағы 10 жылдық «мәдени төңкеріс» кезінде, «төрт көнені жоғалту» үраны астында қытайдың сондай-ақ басқада аз ұлттардың қыруар баға жетпес тарихи мұралары құртылып кеткен болатын. Осыны ескерген кейбір ғалымдар Дун Хуаң жазбаларының шетелдіктер қолына кетседе, жоғалмай аман қалғанына «себепкер» болған Уаң монахты «мәдениетті сақтап қалушы» адам деп қарай бастады. Ал Дун Хуаңдағы Мо Гау үңгірі 1961 жылға келгенде ғана Қытайдың «мемлекеттік маңызы бар қорғалатын орны» болып белгіленсе 1987 жылы БҰҰ жағынан «әлемдік мәдени мұра» қатарына енгізілді.

                                                                       Дун Хуаң тану ғылымы
Дун Хуаң мұралары Қытай архелогиясындағы сенцациялық жаңалық болып қалмастан дүние мәдениетu=3626283517,1424938152&fm=15&gp=0 тарихында маңызды орны бар. Табылған жәдігерлердің түгелге жуығы қолжазба болып аз бөлігін ойма жазулар ұстайды. Қазырге дейін жарыққа шыққан жазбалардың 6/5 бөлігі қытай тіліндегі қолжазбалар да 6/1 бөлігі көне тибет тілі, санскрит тілі, тохар тілі, көне түрік тілі секілді түрлі тілдерде жазылған. Қамтыған мазмұндары будда номдары мен оың тәпсірлері, балгерлікке, медицинаға, астрономияға, мани дініне, нисториян дініне қатысты жазбалар мен өлеңдерді қамтыған әдеби шығармалар, шежірелер, жылнамалар, ырым-тиымдар т.т лар болып, ол Қытайдың ерте заман тарихы мен орта азия тарихын, мәдениетін, тілін зерттеуде таптырмас дереккөзі болып саналады. Осылайша ғылым саласында аталмыш жазбалар мен Мо Гау үңгірлеріндегі суреттерді негіз етіп зерттейтін жаңа сала «Дун Хуаң тану» (еуропада «Tun huangology» делінетін) ғылымы пайда болды. Бұл ғылым саласы мына бірқанша мазмұнды қамтиды.
1. Дун Хуаң өңгірлерінің архелогиясы: Онда үңгірлердің қазылған уақыттары мен дәуірлерге бөлініуі, үңгірлер көлемі қатарлылар зерттеледі.
2. Дун Хуаң әсемөнері: Бұл салада мүсіндер мен қабырға суреттер, хаткерлік өнері, музыка, би және құрлыстардың келбетіне зерттеулер жасалады.
3. Дун Хуаң көне жазбалары: Бұл сала Дун Хуаң танудың ең түйінді обиектісі болып, үңгірде сақталған қолжазбалар мен ойма кітаптарды түрге айырып зерттеумен айналысады. Онда астрономия, жағрапия, саясат, дін, әдебиет, көркемөнер, лингвистика, жазу қатарлы түрлер айырым-айырым қарастырылады.
4. Дун Хуаң мұраларын қорғау саласы: Мұнда арнаулы мамандар осы өңірдің климаты мен құм ағысын алдын-ала болжап, үңгір іші-сыртының температурасын теңшеп қабырға суреттер мен мүсіндердің бояуының өшіп кетпеуін, түрлі химиялық өзгерістерге ұшырамауын қадағалап отырады.
5. Дун Хуаң тану теориясы.

                                              Дун Хуаң жазбаларының түркологиядағы орны
120511133840_2896Жоғарыда айтып өткенімізлей бұл көне жазбалардың ішінде түркі тілінде жазылған мұралар бар. Тарихта түркілер руна жазуынан кейін қолданған жазуының бірі соғды жазуы (б.з.д I – б.з IX ғғ.) негізінде қалыптасқан 22 әріптен тұратын, жоғарыдан төменге, солдан оңға қарай жазылатын көне түркі сүйретпе жазуы. Түрік қағанатының ордасында 795 жылы (тағы бір деректерде 789 жыл делінеді) хан жарлығымен жасалған. Мұны еуропа мен ресей ғалымдары “ұйғыр жазуы” (uighur script) деп атайды. Біз сөз етіп отырған Дун Хуаң жазбаларының ішіндегі түркі тіліндегі мұралар осы “ұйғыр жазуы” мен жазылған. Тарихшылардың зерттеуінше біріккен Түрік қағанаты ішкі алауыздық пен солтүстіктегі Енисей қырғыздары мен оңтүстіктегі шато түріктерінің шабуылы себебінен 840 жылы Ордабалықты тастап түс-түсқа тарайды. Батысқа беттеген 15 тайпа ел Жетісу өңірінде билік құрып отырған қарлұқтарға қосылады. Бұлар кейін Қарахан мемлекетін құрды. Бұдан өзге тағы бір топ түрілер Тибет пен Бесбалыққа, Тұрпан, Көкарт таулары төңірегіне қоныстанды. Қытай ғалымы Гың Шыминның зерттеуінше, “Біріккен Түрік қағанатының құрамындағы үшінші бір толқын тағы да үш топқа бөлініп оңтүстік батысқа ойысқан. Олардың бір бөлегі (13 тайпа ел, 100 мың адам) оңтүстікке бет алып, қытай қорғанының маңына тұрақтаған. Олар біртіндеп қытайға және маңындағы өзге ұлттарға сіңіп кеткен. Сол топтың енді бір бөлегі батысқа жылжып Гансу өңіріне тұрақтап, Ганжу ұйғыр мемлекетін (847-1036 ж.ж) құрды. Бұлар қазіргі сары ұйғырлардың ата-бабалары. Ол хандық XI ғасырда (1036) таңғыттар тарапынан жойылды. Ал үшінші топтағы 15 тайпа ел Шығыс Түркістанның Бесбалық өңіріне аялдап, одан Тәңір тауын басып өтіп Тұрпан мен Күшәрға қоныс теуіп, Идіқұт ұйғыр хандығын (847-1369 ж.ж) құрды”.
Міне осылайша Хыши дәлізі төңірегінде мемлекеттер құрып тіршілік еткен түркілер осы дәуірлерде будда дініне сенгендігі мәлім. Үнідден бастау алған будда діні Шығыс Түркістан, Ауғаныстан, Ферғана ойпаты қатарлы жерлерде жалпыласып осы аумақты мекен еткен түркілер мен басқа халықтардың рухани әлеміне ықпал еткен. Әрі орта азия (оның ішінде Тәңір таудың оңтүстік бөлегі) арқылы Қытайға тараған. Осындай ұзақ тарих көшінде түркі жазуындағы будда діні уағыздары мен номдар және олардың тәпсірлері бұтхана сөрелерінде сақталып сан ғасырды артқа тастап бүгінге жетті. Жалпы алғанда, Біріккен Түрк қағанатының көне түркі сүйретпе жазуымен сақталған жәдігерлерді: 1) Ислам діні туралы, 2) Мани діні туралы, 3) Несториян діні туралы, 4) Будда діні туралы мінажат уағыздар, 5) Түрлі іс қағаздар (қазірге дейін белгілі болған іс қағаздар 400-ге жуық) деп бес бөлікке бөлуге боладады. Мақаламыздың мақсаты Дун Хуаң жазбалары болғандықтан, біз басқа жазбалар туралы сөз қозғамай-ақ осы өңірден табылған мұралар туралы қысқаша мәлеіметтер береміз.
u=1159544215,832889434&fm=21&gp=0Қазіргі күнге дейін анықталған буддалық уағыз кітаптардың басты-бастылары төмендегідей: 1) Agama Sutra. 2) Tišastvusttik sutra. Мұнда Trapusa және Bhlika атты екі саудагердің Бұрханға садақа тамақ беріп, жақсылыққа жеткені баяндалған. 3) Udanavarga. Бұл буддалық мадақ жыр жинағы. 4) Maitrisimit (Майтри симит ном бітік). Бұл негізінен 27 перделі сахналық шығарма. Келешекте келетін майтри бұрхан туралы әңгімелер баяндалған. Аталмыш еңбек туралы түркологтар кеңінен зерттеген. (Қазақстанда 2013 жылы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы Отырар кітапханасы ғылыми зерттеу орталығы зерттеушілері жағынан қазақ тіліндегі нұсқасы басылып шықты.) 5) Dasakarmapathavadanamala. Аталған шығармада «буддалық әр түрлі іс әрекет» туралы ұстаз бен шәкірт арасындағы әңгімелер баяндалған. 6) Buddhacarita. Бұл ежелгі үнділік Asvaghosa деген ақынның Будда дінін уағыздаған жыр туындысы. 7) «Алтын жарық» (Толық аталуы: altun önglüg yaruq yaltrïγlïγ qopta kötrülmiš nom ilig atlïγ nom bitig). Онда қай мекенде қандай дұғаларды оқу керектігі, қандай орында төрт Махарач бұрхандардан медет тілеу керектігі баяндалған. Бұл жазба туралы Қытайда тұратын түрколог ғалым Еркін Ауғалиұлы зерттеулер жасап, құнды ғылыми мақалалар жазған. 8) Vimalakirti. 9) Saddharmapundar ka-sutrs. 10) Buddhavatamsaka-sutra. 11) Amitabha-sutra. 12) Amitayus-sutra. 13) Amitayur-dhyana-sutra. 14) Abitaki-sutra. 15) Mahaparinirvana-sutra. 16) Prajnaparamita-hrdaya-sutra. 17) Prajnaparamita-sutra. 18) Sadaprarudita мен Dharmodgata-ның әңгімелері. 19) Vajracchedika Prajna paramita-sutra. 20) Bodhisattva-carya. 21) Ksitigarbha-sutra. 22) Bhaisajiyaguru-sutra. 23) säkiz yükmäk yaruq sudur. 24) uluγ bulung yïngaq sayuqï king alqïγ tolu uqmaq atlγ sudur. 25) Kšanti qïlγuluq nom bitig. 26) yitikän sudur (Жеті қарақшы сүдүр ном қағидасы). 27) on han sudur. 28) Буддалық шасатар қағидаларына сұрақ-жауап. 29) Insadi-sutra. 30) xin köngül tözin uqïtdačï nom (Шын көңілмен туралықты оқытатын ном). 31) ögkä qangqa ultï säwinč ötüngülük nom. 32) Abhidharmakoša-šastra. 33) abidarmašastrtaqï činkirtü yörüglärning kingürü ačdačï tikisi. 34) kim-kaa-čaw. 35) abhidharmakošakarika және басқалар.
Осында аталған жәдігерлер өзге дін туралы баяндағанымен де тіл зерттеу саласында аса құнды айғақтар болып табылады. Дун Хуаң жазбалары табылып ол еуропа елдеріне апарылғаннан кейін көптеген шығыс танушылар мен түркологтар осы маңызды деректерге негізделе отырып талай еңбектер жазып шықты. Олардың бастыларынан Германиялық А. Вен. Габайынның 1941 жылы баспадан шығарған «Ежелгі түрік тілінің грамматикасы», С.Маловтың «Ежелгі түрік жазбалары», А. Шербак құрастырған «XII-XI ғасырлар аралығындағы түрік жазбаларының грамматикасы туралы зерттеулер», Түркиялық А. Жаппароғлы жазған «Ежелгі ұйғыр тілі сөздігі», Кеңес түркологтары жағынан дайындалып 1969 жылы жарық көрген «Ежелгі түрікше-орысша сөздік», Кононов жазған «VII-IX ғасырлар аралығындағы түрік руник жазуындағы шығармалардың грамматикасы», Түркиялық Қусейін Намық Орхан құрастырған «Ежелгі түрік жазбалары» (1987 жылы баспадан шыққан) қатарлы құнды еңбектердің көбі біз сөз еткен Дун Хуаңнан табылған жазбаларды негізге алды. Бұлардың барлығы тұтас түркі тілдес халықтар үшін ортақ қазына болып саналады. Міне осы тұрғыдан алғанда Дун Хуаң жазбаларының дүние мәдениет тарихында, қала берді қазақ халқының рухани әлемі үшін де маңызы зор болмақ.

Ерқазы СЕЙІТҚАЛИ