Түрік әлеміндегі діни ахуалды ушықтырушы кімдер?

«Айнала алмай ат өлсін, айыра алмай жат өлсін» деген рухтандыратын осы сөзді ұстанатын кез әлдеқашан жетті. Жаһандану заманында түркі халықтары бірлесе күрескен жағдайда ғана тамырымызды сақтап қала аламыз деген ойға еріксіз жүгінеміз. Әсіресе түркі халықтарын тамырынан қопарғысы келетін әсіре топтардың пиғылдары зұлымдыққа толы. Жалпы түркі елдеріндегі қазіргі діни ахуалды мамандар
көзімен салмақтап көру, соған сай әрекет ету, яғни нақты бір қағида аясында бейімделу ғана бізді жат діндердің ықпалы мен азуынан қорғай алады. Бұл жөнінде А.Иасауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жанындағы Түркология ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері, ф.ғ.к., доцент Әбжет Бақыт Сырымұлымен пікірлескен болатынбыз.

УЛАНҒАН ЖАС АТА-АНАСЫН ДА ТЫҢДАМАЙДЫ

— Осы күні әлемді жайлаған терроризмнің лаңы түркі елдерін де шарпуда. Бұны айтпас бұрын, алдымен түркі елдеріндегі қазіргі таңдағы діни ахуалдың тамырын басып көрсек…

— Расында да қазіргі кезде әлем жұртшылығы терроризмнің қатты белең алуына алаңдаулы. Терроризмнің лаңы салдарынан мыңдаған бейбіт тұрғын опат болуда. Соңғы кезде Түркия елінде жарылыс ұйымдастыру жиілеп кетті. Бұл жарылыстардың артында Түркияның тұрақты экономикалық дамуына қарсы топтардың

OLYMPUS DIGITAL CAMERA

жасырын әрекеті тұр деп қарауға болады. Кез келген дамушы елдің экономикасын тұралатып, елдегі тыныштықтың шырқын бұзудың оңтайлы әдісі — терроризм. Оны қазіргі Сириядағы соғыстан-ақ көруімізге болады. Әрбір соғысып жатқан оппозициялық әскери топтардың барлығының артында жекелеген елдердің қолдаушы мүдделестері бар. Солардың берген ақшалары мен қару-жарақтары соғыс отын үрлей түсуде. ХХІ ғасыр идеологиялық соғыстың ғасырына айналып бара жатыр. Діни идеологияны жамылған жат пиғылды экстремистер алдымен бейбіт тұрғындар арасында өз идеологиясын жаюға тырысады. Өз қатарлары көбейе бастап, белгілі дәрежедегі ықпалды күшке айнала бастаған тұста билікке сес көрсетіп, өзінің биліктен алатын орны мен үлесін мойындатуға күш салады. Егер билік қарсылық танытқан жағдайда әр жерден жарылыс ұйымдастыру, ел ішінен бүлік жасау сияқты өздерінің дағдылы әдістерін іске қосады. Сирия жеріне барып, қолына қару алып соғысып жүрген Қазақстан мен Орта Азияның діни сенімге уланған жастары сол сырттан келген уахаббистік, салафилік ағымдардың жоспарлы әрекеттерінің бір көрінісі ғана. Келесі кезекте Қазақстан жерін де екінші Сирияға айналдыру үшін дайындалып жатқан «дала командирлерінің» іс-тәжірибеден өту алаңы сияқты көрінеді. «Жиһад» сөзін тек қана соғыс деп, басқаша түсінетіндер бар. Бұл еліміздің тұрақтылығы мен дамуына зор қауіп деп қараған дұрыс.

— Орта Азияда, әрине, түркі елдерінде жат діни ағымдардың, экстремизмнің теориясы мен практикасын уағыздайтын көптеген ислам ұйымдары әрекет етеді. Бір ғана мысал келтірейік, мұндай ұйымдардың бірі — Хизбут-Тахрир партиясы. Бұл қозғалыстың ең мықты позициялары Өзбекстанда бар. Қырғызстанда да, бірінші кезекте этникалық өзбектер арасында Хизбут-Тахрир қолдаушыларының саны өскен. Ендеше, осы тектес Ислам атын жамылған ұйымдардың негізгі ошақтары қайда, олардың мақсаттары не?

— Хизбут-Тахрир партиясы 1953 жылы Шығыс Иерусалимде шариғат үкімін орындаушы Такиуддин ән-Нәбхани атты қазының бастамасымен құрылған ұйым болғаны белгілі. Бұл ұйымның негізгі мақсаты — бұрынғы халифатты қайта қалпына келтіру. Әлем мұсылмандарын орталықтан басқарылатын қуатты ислам мемлекетіне айналдыру, қалған елдердің барлығын халифатқа біріктіру. Яғни «Хизбут-Тахрир» партиясына кірген кез келген адам өз елінің тәуелсіздігін, шекарасын, мемлекеттің заңы мен конституциясын мойындамайды деген сөз. Осы утопиялық идеяның аясында топтасқан фанаттар өз мақсаттары жолында көптеген елдерде әртүрлі террорлық әрекеттерді жүзеге асыруда.

detail_421715934865a077fbc6c2143bc78e07Елімізде «Хизбут-Тахрир» ұйымы экстремистік ұйым ретінде мойындалып, бұл ұйымға 2005 жылы тыйым салынды. Бұл ұйым айналасына топталғандардың көпшілігі саяси идеологияға уланғандар болып келеді. Әрине, кеше ғана тәуелсіздігін жариялаған Орта Азиядағы Қазақстан секілді мемлекеттерде идеология әлі толығымен қалыптасып болған жоқ. Оның үстіне кешегі атеистік режимнен шыққан елдер үшін, бұрынғы ата-баба ұстанған дәстүрлі ислам құндылықтарын толықтай қалпына келтіру үшін әлі де тынымсыз жұмыстар жүргізілуі керек. Түркі жұртшылығынан шыққан кемеңгерлердің барлығы толық адам бейнесін қалыптастыруға ұмтылған. Ғасырлар бойы атабабаларымыз ислам дінінің құндылықтарын келешек ұрпақтың бойына дарытумен болды. Түркі халықтары қанағатшылыққа, сабырлылыққа үйренді, ізгі адам болып қалыптасу жолында көптеген жұмыстар жасалды. Ең жоғарғы деңгейдегі мұсылман көркем мінез иесі болып табылады. Көркем мінезге ие болған кісі басқа бір адамды өлтіру былай тұрсын, ешкімнің көңіліне де тимейтін, жұрттың барлығын бауырындай көретін, көкірегі мейірімге толы кемел адам болып есептеледі. Осылайша келген қонағына есігі ашық, дарқан көңілді халқымыз арасында бұзақылар болмайтын, оларды жазалайтын түрме, абақты атауымен болмаған, телісі мен тентегін ағайындар ортаға алып өздері жөнге салып отырған, осылайша еліміз мамыражай өмір сүрді. Біреудің дүниесіне біреу көз алартып қарамайтын, бұл дүниенің қызығынан гөрі Алланың мейіріміне бөленуді қалайтын, ел арасындағы білімді билер мен уәлилердің уағызына сүттей ұйып отыратын дәстүр қалыптастырған болатын. Негізгі идеологтарымыз жыраулар мен ақындар болды. Мұсылман мұсылманға бауыр болды. Қазір жұрт сөзге де, сертке де сенбейтін болған. Қоғамда болып жатқан келеңсіздіктерге төзе алмайтын, сабырсыз да қатыгез ұрпақ қалыптаса бастады. Мінезі қисық адам кемшілікті өзінен іздемейді, оған кінәлі мемлекеттік қызметкерлер деп қарайды. Өз елінің рухани байлығымен сусындамаған ұрпақ жат ағымның жетегіне кетеді. Олар өздерін әлпештеп өсірген атаанасы мен туған бауырларын да тыңдамайды, қаны қарайған кезде оларға қол көтеруге шейін барады.

ТӘУБЕСІ БАР ДҮНИЕДЕ ЭКСТРЕМИЗМ БОЛМАЙДЫ

— Қай уақытта да Кеңес Одағының құрамынан бөлінген Қазақстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан сынды түркі елдерінде халықтың ұстанатын негізгі діні ислам болса да, ол мемлекеттерде христиандық, индуизм, буддизм, иудаизм сынды т.б. әлемдік дәстүрлі діндердің дамуына кедергі жасалмаған. Экстремистік топтардың төрге озып, еркінсуінің себебі осында емес пе?

— Бұл сұраққа жауап бермес бұрын түркі халықтарының өткен тарихына көз жіберіп алғанымыз дұрыс сияқты. V-VII ғасырларда Түрік қағанаты құрылған тұста сырттан келген көптеген миссионерлерге өз дінін таратуға ешқандай да қысым жасалмаған. Соның негізінде Шығыс Византиядан қысым көрген Нестор атты христиан өз ілімі несториандық бағыттағы дінін түркі тайпаларына уағыздап, бірнеше тайпаларды өз сеніміне кіргізген. Ираннан қашқан манихейзм дінінің өкілдері өз ілімін түркі тайпалары арасына таратқан. Қытайдан келген будда ілімі, кейін ислам дінін де түркі жұрты соғыссыз қабылдағаны белгілі. Демек, қай дінге болса да атабабаларымыз сабырлы кейіпте болып, ол діндердің өкілдерін қудалауға ұшыратпаған. Түрік патшалары соның ішінде өзіне қолайлы дінді ғана қабылдаған. Мысалы, Тоныкөк абыздың ақылының арқасында көк түріктер будда дінін қабылдамай қойғандығы тарихтан белгілі. Манихейзм дінін қабылдаған ұйғырлар кейін Ұйғыр қағанаты тұсында өздерінің ресми діні ретінде мойындаған. Алайда зәрдушт діні мен христиандық және буддалық діннің негізінде пайда болған бұл діннің кемшілігі мұнда көптеген ұсақ құдайлар болғанымен, шын Құдайды дәріптеуді ұмытып кеткендігі еді, әрі әлемдік діндердің бұл дінге қарсы шығуының өзі, бұл діннің басты кемшілігі жаратушы бір Алланың орнын көрсете алмағандығында болатын. Ұйғыр қағанатының құлауының да салдары христиан діні мен будда діні және ислам дінін ұстанатын тайпалардың манихейзм өкілдеріне қарсы шығуынан болды. Ұйғыр қағанаты құлаған соң, манихейзм діні де жойыла бастады. Бірақ түркі халықтары арасына таратқан «мани» жазу графикасы ХV ғасырға дейін өмір сүрді. Ибн-Батута Бұлғар хандығына барғанда ислам дінін қабылдап қойғандығын көріп таң қалатыны бар. Демек, түрік тайпалары ислам дінінің құндылықтарын ерте кезеңдерде-ақ білген. Не үшін ислам діні Орта Азияға тараған кезеңде көптеген ғұламалар Орта Азия жерінен шықты? Себебі түркі мемлекеттері Түрік қағанаты кезеңінен бастап әлемдік діндер мен оның мәдениетін бойына сіңіре алды. Ислам дінінің ұрығы құнарлы топыраққа келіп түскені сол еді, әлемге әйгілі әл-Фараби, Бируни, әлХорезми, Қожа Ахмет Иасауи, Әбу Ханифа, Матруди, Имам Бұхари секілді данышпандар өз еңбектерін жазды. Кезінде Түркістан, Самарқанд, Бұхара секілді орталықтарда көптеген дін өкілдері өз діндерін жанжаққа таратып отырған. Кейін ислам діні келген соң да бұл қалалар ислам дінінің негізгі орталықтарына айналды.

l-1394601

Кейінгі кірген діни ағымдардың көпшілігі осындай қатпарлы үлкен тарихи мәдениетіміздің барлығын жоққа шығаруға құмар. «Сүннет» деп, үстіне арабтың дәстүрлі киімін киіп алатын болды. Бұл киімдердің көпшілігі ауа райы ыстық мекендерге ыңғайланған киімдер болатын. Мысалы, арабтармен қатар үндістандықтар да дәл сондай киім киеді емес пе? Күн ыстық болған соң, ұзын киім кию соққан желді етек арқылы қабылдайды да, денені салқындатып тұрады. Ондай киімді Қазақстанның солтүстік жағында киіп жүретін болсаң, ауруға ұшырайтының белгілі ғой. Сол үшін де әр нәрсеге байыппен қараған дұрыс шығар. Экстремизмнің негізгі міндеті діннің құндылықтарынан гөрі саяси күресті көбірек дәріптейтіндігінде. Әрбір пенде бұл дүниеде істеген күнәлары үшін пұшайман болып, о дүниеде Алла алдына барғанда сол күнәларының азабын арқалаудан қорқып, құлшылық жасаса, күнде тәубеге келіп, өз кемшілігін тек қана өзінен іздейтін болса, онда дүниеде ешқандай да экстремизм болмаған болар еді.

— Тәуелсіз алты түркі мемлекетінің ішінде Түркияны айтпағанда, Кеңес үкіметінің құрсауынан босаған қалған елдерде бір дінді екінші діннен биік көрсетуге бүгінге дейін жол берілмей келді. Осы орайда түркі халықтары дәстүрлі діндері мен кейінгі уақытта пайда болған әртүрлі наным-сенімдерінің аражігін шатастырып алғандай. Бұны бүгінгі кешенді түркология ғылымының бір міндеті дейтін болсақ, біздің қолымыздан не келеді? Қолымызды мезгілінен кеш сермеп қалмас үшін (бұл жерде Қазақстан үшін) не істемек керек?

— Кезінде неміс ғалымы Герхард фон Менде: «Кеңес Одағында ислам дініне қарсы өте күшті күрес жүріп жатыр, мұның себебі ислам діні түркі халықтарының ұлтшылдық сезімі мен дүниетанымдарының негізгі бөлігі ретінде саналуында. Дінге қарсы жүргізілген күрес түркі ұлтшылдығына, оның мәдениетіне қарсы жүргізілген күрес деп қабылдануы тиіс», — деген екен. Шындығында да кешегі Кеңес өкіметі дінге қарсы күрес жариялады, соның негізінде еліміздің рухани дүниесі құлдырап кетті. Қазақ халқы дінінен де, тілінен де айырылып, халық ретінде өмір сүруін тоқтатудың аз-ақ алдында қалды. «Адамның айтқаны емес, Алланың дегені болады» демекші, көрер жарығымыз бар екен. Тәуелсіздікке де қол жеткіздік. Кешегі ел ішінен шыққан оқымысты молдаларды, көзі ашық адамдарды қудалау, әр үйде сақталған діни кітаптарды отқа жағудың салдарынан ислам дініне үрке қарайтын ұрпақты қалыптастырды. Осыдан келіп «біздің дініміз «тәңіршілдік», «шамандық» наным-сенімдер болған екен» деген жалған діндерге сенушілік белең ала бастады. Шындығын айту керек, бұл нанымдардың ешқайсысы да дін деңгейіне дейін көтерілген емес. Себебі дін болу үшін оның пайғамбары мен аспаннан түскен кітабы болуы керек. «Шамандық наным табиғат заңдылығына құрылған дін екен» деушілер де табылады. «Шамандықтың шыққан төркіні — Тибет» деп Ә.Қоңыратбаев дұрыс айтады. Алтын Орда ыдыраған соң, соның қарамағында жүрген тайпалар кейін жекелеген хандықтар құрғандығы белгілі. Соның ішінде ислам дінінде қалғандар бір-бірімен бауыр болды да, бұрынғы шамандықты ұстанып қалғандар уақыт өте келе будда іліміне кіре бастады. Кешегі Алтай тауын мекен еткен Саян түріктері, хакастар т.б. халықтардың барлығы да кезінде шамандық нанымда болды. Солардың өзі уақыт өте келе ХІХ ғасырда будданың бір тармағы — бурханизмді қабылдады. Егер қазақ халқы шамандық сенімде келген болса, онда біз де будда ілімін қабылдаған болар едік. Әрине, бізде шамандық элементтер тұрмыстық салттарда болды, бірақ қазақ шамандық сенімді ұстанды дегенді білдірмейді. Бұл сенімдердің өзіне тән ерекшеліктерін халыққа түсіндіріп беру қазіргі түркология ғылымының тікелей міндетіне жатады. Бұл ағымдар жайында, олардың шығу тарихы мен қазақ арасына таралу кезеңдері жайында алдағы уақытта ғылыми монография жарияланатын болады. Қазіргі кезеңде әрбір қазақ терең білімді болуы керек. Кез келген діни ағымның жетегінде кетпес үшін өз елінің тарихы мен діни сенімін, салт-дәстүрінің озық жақтарын жақсы білуі керек. Оны басқа елдердің дәстүрімен салыстыра алатындай деңгейге жеткенде ғана сыртқы діни уағыздардың артынан көзсіз еріп кететін, біржақты ойлайтын жастарға тосқауыл қояр едік. Бұл жағынан Діни басқарма тарапынан да ел ішіне уағыз жүргізіп, дәстүрлі дініміздің құндылықтарын ұдайы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы айтып, түсіндіріп отырған дұрыс. Ол үшін әрбір көзі ашық азамат өз елінің болашағы үшін, ұрпағы үшін күресуі керек.

Біз дінді ұмытқалы қазақ қыздары ит жейтін, бақа-шаян жейтін, шошқа етіне құмартатын өзге ұлттардың өкілдеріне жиіркенбей тұрмысқа шығатын деңгейге жетті. Халал мен харамды айыра алмайтын бейшара күйге түстік. Осының барлығы да діни мәдениетіміздің жоқтығынан болып жатқан масқара тірліктер. Келешекте осындай масқаралыққа діни сауаты жоғары ұрпақтарымыз ғана тосқауыл қоя алатын болады. Басқа ешқандай да мәдениет мұны тоқтатуға қауқарлы емес.

Әңгімелескен НҰРГҮЛ ЖАМБЫЛҚЫЗЫ