СУҒА АЙНАЛҒАН АҚША
Сүт сатумен айналысатын бір саудагер пайданы көбірек табу үшін сүтіне су қосып сатуды әдетке айналдырады. Күндердің күнінде, әлгі сүт сатушы көрші қаланың базарынан үлкен табыс тауып кемемен үйіне қайтады. Жолда көзі ілініп кеткен саудагер ояна келсе, тиын салатын әмияны орнында жоқ. Шарқ ұрып Іздей бастайды.
Сөйтсе ақша толы әмияны желкенге шығып алған маймылдың қолында тұр екен. Бишара кейіпке түскен саудагер Маймылға қолын жайып әмиянын қайтаруын сұрап жалына бастайды. Маймекең мәз. Сақ-сақ күледі. Бір уақытта әмиянның ішіндегі ақшаларды шаша бастайды: мақұлық бірін саудагерге лақтырса, бірін суға лақтырып ойнайды. Құдды бір табыстың тең жартысы суға тиесілі екендігін білгендей.
Бұдан шығар қорытынды, кісі ақысы — құдай ақысы. Сен адамдарды алдағаныңмен Құдайды алдай алмайсың! Адал жолмен тапқан нәпақада береке бар.
Арам ақша абыройыңды түсіреді. Берекеңді қашырады.
Нағашыбай Қабылбек
Фб парақшасынан

