Субұрқақта шомылу қауіпсіз емес

Энтеровирусты инфекция – вирусты ішек инфекцияларының тобына кіретін жұқпалы ауру. Энтеровирустық инфекциялардың берілуі нәжіс-ауыз (су, тағам және тығыз қарым-қатынас арқылы) және ауа-тамшы жолдары (жөтел арқылы) арқылы жүзеге асырылады.

Ауру маусымдық сипатқа ие, инфекцияның таралуы көктем-жаз және жаз-күз мезгілдерінде туындайды. Жұқтырылу су, тамақ өнімдері, сондай-ақ науқастың нәжісі, жөтелген және түшкірген кезде өте ұсақ сілекей тамшылары мен қақырық арқылы жүреді. Инфекция ашық суқоймаларында шомылу кезінде өте жиі жұғады.

Энтеровирустар сыртқы ортаға төзімді: төмен температураларға шыдамды (тоңазытқышта бірнеше апта бойы сақталады), құбырмен келетін суда 18 күнге дейін тіршілігін жоймайды, өзеннің суында бір айға жуық, тазартылған ағынды суда екі айға дейін тіршілік етеді. Вирус жылыту, қыздыру, қайнату кезінде, құрамында хлор бар препараттардың, ультракүлгін сәулеленудің әсерінен жылдам жойылады.

Ауру температураның 38-40˚С-ға дейін көтерілуінен, әлсіздіктен, бастың ауыруынан, лоқсудан, құсудан және көздің қарығуынан басталады. Бұл симптомдар жүрек тұсының, іштің, бұлшықеттің, тамақтың ауыруымен, доғашықтағы және бадамша бездердегі ұшық бөртпелерімен қатар жүруі мүмкін. Кейбір жағдайларда мұрынның бітелуі, жөтел байқалады. Аурудың 1-2-күндері негізінен қолда, аяқта, ауыз қуысында және оның айналасында 24-48 сағаттың ішінде (кейде 8 күн) болатын, кейін жоғалып кететін бөртпе пайда болады.

Көрсетілген белгілерге шағымдар пайда болған жағдайда ауру өздігінен өтеді деп күтпей, тез арада дәрігерге баруыңыз қажет, өз бетіңізше емделуге тырыспаңыз.

Энтеровирусты инфекцияның алдын алу шаралары кез келген жіті ішек инфекциясы кезіндегі шараларға ұқсас – мынадай қағидаларды сақтаған жөн:

— ішу үшін тек қана қайнатылған немесе бөтелкедегі суды пайдалану;

— тамақ ішер алдында және дәретханаға барғаннан кейін қолды сабынмен жуу, жеке және қоғамдық гигиена қағидаларын қатаң сақтау;

— жеміс пен көкөністі пайдаланар алдында оларды щетканы қолдана отырып мұқият жуу және кейіннен қайнатылған сумен шаю;

— ресми рұқсат етілген жерлерде ғана шомылу, шомылу кезінде суды жұтпауға тырысу;

— азық-түлікті жеке тұлғалардан және сатуға рұқсат етілмеген жерлерден сатып алмау.

Жанар Оспанова, Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы