Сөз жүректен, сезім Абайдан

 

Абай Құнанбайұлын тек жазба әдебиетінің негізін қалаушы деп біледі көбі. Одан қала берді қара сөздерін оқып, жаттайды. Хакім Абайдың 180 жылдығына орай, Түркістан қаласы әкімдігі Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен Түркітілдес халықтарының кітапханасы бірлесіп, «Сөз жүректен, сезім Абайдан» атты әдеби кеш ұйымдастырды. Кеш барысында оқырмандар Абай өлеңдерін оқып, күйлерін орындады. Сонымен қатар қара сөздерден үзінділер келтірді. Орталықтың қазақ тілі оқытушысы Жұмабаева Айгерім Мұхтарқызының Абайға арнаған арнауы көрермен көңілінен шығып, ерекше әсерге бөледі. Сондай-ақ ұлы ақынның мәңгілік туындысы – «Көзімнің қарасы» әні де шырқалып, жүректерге жол тартты.

Тағылымды кешке қалалық Ардагерлер ұйымының мүшесі, ҰОС-на теңестірілген ардагер, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Өтепберген Қуанышбай, еңбек ардагері, чемпиондар атасы Хамза Пәйізұлы, Түркістан облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі, облыстық медиация кеңесінің төрағасы, «Бітімгер» медиаторлар қоғамдық бірлестігінің басшысы Бақытжан Жармаханұлы, «Қолқанат» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Налибаев Тұрғанбай Асенұлы, Әлем жазушылар одағының мүшесі, Өзбек халық жазушысы Аматаева Мухаббат қонақ болды. Сонымен қатар кешке Түркістан жоғары педагогикалық колледжінің студенттері мен Ерубаев атындағы мұражай қызметкерлері де қатысып, шараның мазмұнды өтуіне өз үлестерін қосты.

Абайдың терең мұрасын дәріптеген бұл кеш расында жүрек пен сананы тәрбиелейтін, ұлт руханиятын байытқан тағылымды мәдени шара болды дейді қатысушылар.

Түркістан қаласы