Солтүстікте жаңа жылдық шыршаға қаржы бөлінбейді

Биыл Петропавлда жаңажылдық шырша орнатуға және көшені безендіруге қаражат бөлінбейтін болды. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов үнемделген қаржы басқа мақсатқа жұмсалатындығын айтып отыр, — деп хабарлады Baq.kz. 

Облыстық әкімдіктің отырысында Құмар Ақсақалов қала басшылығына бұл мақсатқа бюджет есебінен бір тиын да шығындамауды тапсырды. Жаңажылдық безендіру әшекейлерін қайта қолдану – бұл мәселенің ең тиімді шешімі екен.

«Қалада былтырғы шыршалар, иллюминациялар мен шамдар бар. Соларды қолдану керек. Мұз қалашықтарын демеушілердің көмегімен салуға болады. Бізге бюджеттік қаражатты жұмсау тәжірибесін тоқтатқан жөн», — деп атап өтті Солтүстік Қазақстан облысының Құмар Ақсақалов.

 Облыс әкімінің айтуынша, үнемделген қаржы қаланы көркейтуге бағытталады. Петропавлда өткен жылы жаңажылдық шырша құрып, көшені безендіруге 8 миллион теңге жұмсалған.