СОҒЫС АРДАГЕРІН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Елімізде жыл өткен сайын Ұлы Отан соғысына қатысушылар қатары күн санап азайып барады. Биыл 99 жасқа толған, қимылы әлі де ширақ жерлесіміз, шығанақтық Сағаш Әбдіров ауданымыздағы Ұлы Отан соғысына қатысушы жалғыз майдангер қарт.
Мамыр айының 7 күні аудан әкімі Мәден Тоқтарбайұлы Мұсаев,Шығанақ ауылына арнайы ат басын бұрып, ауданымыздағы көзі тірі жалғыз Ұлы Отан соғысының ардагері Сағаш Әбдіровты Ұлы Жеңіс күнінің 75 жылдық мерейтойымен құттықтап қайтты. Жеңістің 75 жылдығымен 99 жастағы Сағаш Әбдіровты құттықтаған аудан әкімі Мәден Мұсаев бейбіт өмір үшін отқа түсіп, елі үшін жанын беруге даяр болған кешегі жауынгер, бүгінгі ардагеріміз Сағаш атаның ерен еңбегі ешуақытта ұмытылмайтынын жеткізді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұлының құттықтау хатын оқып беріп, бағалы сыйлығын тарту етті.
Мұнан соң аудандық мәслихаттың хатшысы Шахикерім Исабеков, Шығанақ ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Елжан Оспанқұловтар ардагердің ғұмыр жасының ұзақ болуын тілеп, Ұлы Жеңіс күнімен құттықтады.
Ал 99 жасқа келсе де әлі тың, сергек жүріп көпке қуаныш силап жүрген соғыс ардагері Сағаш Әбдіров өзіне көрсетілген зор құрметке разылығын білдірді әрі әлеуметтік тұрғыда қолдау білдіріп жатқан аудан басшылығына зор алғыс білдіріп, батасын берді.