Сіз үшін қай шақ маңызды?

Ертеректе өз заманына әйгілі, қазір бізге есімі беймәлім үш данышпан бір дастархан басында кездесіп қалыпты. Олар «Адам баласы үшін өткен шақтың, қазіргі сәттің және болашақтың қайсысы маңызды?» деген сұрақтың жауабын іздемек болады.

Біріншісі «Менің өткенім болмаса осы күнге жетпес едім. Өйткені өткен өмірімде жасаған істерім мен үшін маңызды және осы күнге жетуім үшін негіз болды. Мен өткен өмірімді, сол өткеніме қатысы бар адамдарды сағынамын. Өкінішке орай, олар қазір жанымда жоқ. Бірақ, мен соларға ұқсайтын адамдарды іздеп тапқым келеді» дейді.

Ал, екінші данышпан «Мен сенімен келісе алмаймын. Егер сен айтқандай адам үшін өткені маңызды болса өмірде ешнәрсе өзгеріссіз қалады. Өткен өмірдің естеліктерімен өмір сүретін адам ешқашан алға жылжымайды. Өйткені, ол болашаққа ұмтылмайды, керісінше өткен шағына оралғысы келеді. Адам үшін оның өткені емес, оның болашағы маңызды болуы керек. Мен үшін бұрын не істегенім, қандай адамдармен араласқаным маңызды емес. Бүгін мейлі қалауымдағы астан өзімді шектейтін шығармын, бірақ өкінбеймін. Себебі, мен ол ақшаны болашағым үшін жинаймын. Бүгін достарым шақырған жерден қалып, түнімен кітап оқитын шығармын, алайда ол үшін өмірге өкпелемеймін. Ертең қандай тұлға болып қалыптасатымды болжап қуанамын. Бес жыл бұрын кім болғанымды ойлағаннан, бес жылдан кейін  қайда және кім болып өмір сүретінімді ойлау маған ләззат сыйлайды. Өткенімнің болашағыма қатысты болмайды» деп жауап береді.

Үшінші данышпан үнсіз. Бір уақытта ғана «Қазір сендер таласып жатқан  өткен өмір мен болашақ біздің санамызда ғана. Неге естелік пен елесті қуып өмір сүру керек? Өткен өтті, келешек әлі келген жоқ. Болашақ бола ма, белгісіз. Тіпті, бүгінгі күннің батқанын көру бұйыра ма, оны да білмейміз. Сондықтан да дәл қазіргі және осы сәттегі өмірді бағалау керек. Осы сәтті, міне, қазіргі осы күнді керемет өткізуді ойлайық» депті.

Мен үшінші данышпанның ойын қолдаймын. Өткенді ойлағаннан көңіл көктемейді, мұңлы. Болашақты ойлай берсең тыныштығыңнан айырыласың. Үрей, күдік, қорқыныш тудырады. Сөйтіп, екі шақ бүгінгі, қазіргі – осы шақтың шаттығын ұрлайды.

Ал, сіз үшін қайсысы маңызды? Мысалы бір жігітпен (қызбен) таныстыңыз. Таңдау сізде. Ойланып отырсыз. Келісімімді берейін бе? Сіз қалай таңдайсыз? Оның бұрын қандай жұмыс істегеніне  ( жеке кәсіпкер болған,  қазір күзетші),  төрт жыл бұрынғы суретіне қарап (сымбатты, сұлу болған, қазір 38  кг салмақ қосқан) таңдау жасайсыз ба? Әлде, оның «Қазір бойдақ болған соң алаңсызбын, үйленгеннен соң, кейін бала-шаға көбейгенде тынбай еңбек етемін, бірнеше дүкен ашамын. Келешектегі ұйқысыз түндерімді ойлағандықтан, қазір көп ұйықтап алайын деп  жүрмін. Қазір пәтер жалдап тұрам, келешекте екіқабатты үлкен үйім боларына сенемін» деген арманына қарап отбасы құрасыз ба? «Қазір 105 кг семіз болғанымен, бұрын 58  кг болған ғой» деп қыздың бірнеше жыл бұрынғы сымбатына қызығып үйленбейсіз ғой. Немесе «40-50 кг салмақ тастаса керемет болады. Арықтау жоспарында бар екен ғой» деп, толық қызға үйленесіз бе?

Арақтың кесірінен ажырасқан, қазір де күн де ішеді. Бірақ «Саған үйленсем, араққа жоламас едім. Мен осылай жұмыссыз, арақ ішіп жүре бермеймін. Келешегім керемет болады» десе, оған жар болуға келісе салмайсыз ғой. Өйткені, оның арақты қоятынына күмәніңіз бар. Бүгінгі жағдайына қарайсыз. Арманындағы әдемі жоспарына бола тұрмысқа шықпайсыз. Қазіргі, бүгінгі  тұрмысына қарап жар таңдайсыз. Ендеше, осы шақтың бағасын біліңіз. Бүгін үйленуге ұсыныс жасаңыз. «Кейін өзі ана болғанда қадірімді ұғар» демеңіз, дәл қазіргі қателігін  қазір айтып  ұқтырыңыз… Ертең бәрі кеш болады.

Арайдың хатынан, Шымкент қаласы