ШЫНАЙЫ ТАРИХ ӘДІЛЕТКЕ ЖҮГІНЕДІ
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған Ұлттық Құрылтай бес рет шақырылып, ел тарихында орны елеулі Ұлытауда, Түркістанда, Атырауда, Көкшетауда, Қызылордада өтті. Бұл маңызды жиындарда заман талабынан туған елдік жөн-жобалар, мемлекеттік ұстанымдар айқындалды. Жаңа Конституция іргетас тұжырымы айтылып, елдің бас құжаты жалпыұлттық референдумда қабылданды.
Жалпы, ұлтымыздың тарихында әрбір Құрылтайдың өзіндік орны, атқарған рөлі бар. Оларды ұмытуға болмайтынын замана ойшылы, жазушы Әбіш Кекілбайұлы аманаттап кеткен еді. Саяси-әлеуметтік маңызға ие тарихи мекендеріміздің қатарында Қазақ хандығының бірлігі мен сапасына ықпал еткен, еліміздің алғашқы заңдық-құқықтық жөн-жосығын, ұлысаралық ынтымақты жоғары деңгейде талқыланған Мәртөбе,
Орта Шыршық бойындағы Күлтөбе, Қарақұммен қатар, 1726 жылғы Ордабасы құрылтайы ерекше аталады. Өткенді ұмытуға болмас.
Сол бір ел басына күн туған сын сағаттарда халықты, тұтас ағайын елдерді бірлікке, ынтымаққа шақырған Ордабасы Құрылтайына биыл 300 жыл толып отыр.
1993 жылы данагөй үш алыпты — Төле бидi, Қазыбек бидi, Әйтеке бидi еске алуға арналған ұлы басқосуға тәуелсіз Қазақстан, Өзбекстан, Қырғыз республикаларының ел басшылары қатысып, ортақ мәмілеге қол қойғаны есімізде.
Расында, бұл — Орталық Азиядағы түркі дүниесінің үлкен саяси мәнге ие жиыны-тын. Жиырмаға жуық елден қонақтар, барлық облыстардан сан мыңдаған адам қатысқан құрылтайдағы тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың: “Бұ қазақ бөлiнiп те көрген, бiрiгiп те көрген. Бөлiнгенi – Ақтабан, бiрiккенi – Ордабасы” дегені пікірі қанатты сөзге айналып кеткені де мәлім.
Содан бері 33 жыл өте шығыпты. Алайда Ордабасы тауының, музей-қорығының бүгінгі күйіне қарап, тарихи мұраға, тағылымға екіұдай көзқарасты байқауға болар еді…
Қазақтың тарихи бірінші парламентінің орны саналатын қасиетті Мәртөбе де бұл жерден қашық емес. Танымдық, тағылымдық туризмді дамыту үшін жаңашыл идеялар қажет-ақ. Өңірдегі осы мекен қазірдің өзінде салалық оқу орны студенттерінің, креативті ойы бар жастардың жобасына сұранып тұрғандай.
Осы орайда тарихи мұраны насихаттауға, соның ішінде Мәртөбеге қатысты Әбіш Кекілбайұлының мына ұсынысын басшылыққа алу көкейкесті: «Мұра етіп қалдырудың ең үлкен жолы – тарихты жамамау керек. Тарихқа жөндеу жараспайды. Қазір біз сәл нәрсе болса, тарихты әсемдеуге кірісеміз. Ол бізді тарихтан аластатады. Меніңше, осы тарихи ландшафты сақтау керек, Мына қалған төбеге ештеңе қоспау керек. Осы қалпында сақтап, жан-жағына келетін жол салып, алысырақ әңгіме құратын жерлер салу керек. Жыл сайын осы жерде ұрпақтардың басқосуы ма, әлде зиялылардың басқосуы, ақсақалдардың тәрбие, заман барысы жөнінде ақылдасуына лайықты жиындар өткізіп тұру керек. Бұрынғы екі кезең сияқты екі кезеңде келіп, пәтуа, халықтың өзінің пәтуасы, үкімет араласар-араласпас, билік алысу, саясаттандандырылған мәслихат емес, қазақтың тәрбиесі, қазақ баласының келешегі, кәсіпке үйрену, мына заманда неден тартынуымыз керек, неден безінуіміз керек, неге үйренуіміз керек деген пәтуаны осындай жерде жүргізсе, дұрысырақ болар еді деп есептеймін».
Әрине, «осы жылдың жүгі онсыз да ауыр» деп сылтауды алға тартатындар да табылар. Бірақ бәрі ниетке байланысты. Өздеріңізге белгілі, 2026 жыл Қазақстанда ресми түрде Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Оның ауқымы кең және мүмкіндіктері де жетерлік. Сонымен бірге, Біріккен Ұлттар Ұйымы Қазақстанның бастамасына орай Халықаралық еріктілер жылы деп белгіленген жылы волонтер қауымы көмегіне сүйеніп көп іс атқаруға мүмкіндік жеткілікті деп ойлаймыз.
Ең бастысы, бұл идея жаңа Ата заңда нақты жазылған Ұлы Даланың мыңдаған жылғы тарих сабақтастығын жалғауға, жаңашыл Орталық Азияның бірлік-берекесіне елеулі ықпал етері сөзсіз.

