Шылаушын өсіретін шаруа

Бүгінде істің көзін тауып, кәсіпке бет бұрған азаматтардың қатары артып келеді. Ортадағы бәсекелестік артқан соң, кәсіп бастаушылар тірліктің өзгеше, елге таңсық түрін бастауды жөн көреді. Осы жолда ізденеді, тәжірибе алмасады. Ондағы мақсат-істің жаңа түрімен айналысу арқылы, тұтынушыларды тарту, табысқа кенелу.
Бірақ, айтуға оңай болғанымен, ондай кәсіпті игеріп, пайдаға жарату кез-келгеннің қолынан келмейді. Жұмысты бастап, өнімің сұранысқа ие болу үшін де қанша уақыт пен қаражат шығындалады. Өйткені, табыс оңай келмейді. Табанды еңбек пен тәуекелді қажет етеді. Осынша қиындығына қарамастан тамдылық Еркеғали Жусанбаев кәсіптің өзгеше түрін қолға алған. Ол топырақты құнар­ландыратын шылаушын өсірумен айналысады. Мамандардың сөзінше, мұндай құрттардың ластанған табиғат үшін пайдасы зор көрінеді.
Егер біз ауладағы талдардың жапырағын, сабағын, немесе малдардан бөлінген органикалық заттарды шылаушындарға тастасақ, құрттар оны өңдеп биогумус деп аталатын биологиялық тыңайтқыштарға айналдырады. Әсіресе, шылаушындардың калифорниялық түрі жоғары бағаланады. Айталық, оның нарықтағы құны 1 шаршы метріне — 150 мың теңге. Түркістан облысында өнімнің бұл түріне сауда қызып тұрғанымен, біздің өңірдегі сұраныс төмен көрінеді.
Оңтүстік аймақтағы шаруалар тыңайтқышты кәсіпкермен келісіп, тапсырыс беріп алдырып жатады. Саудасы да қызып тұр. Сондықтан, бәсеке де жоғары, бағасы да құбылып тұр. Біздегі нәсібін жерден тапқан дихандар тыңайтқыштың қыр-сырын жете түсінбей жатқан сияқты. Өзім бастапқыда 1 шаршы метр топырақтағы құртпен бастағанмын. Қазір оның көлемі 30 шаршы метрге жетті. Маған қазір саудасы емес, оны көбейту- басты мақсат,-дейді «Еркебұлан» шаруа қожалығының төрағасы Еркеғали Жусанбаев.
Кәсібін үйдің ауласынан ашқан Еркеғали қазір қолдағы шылаушандарға малдың қиы мен шіріген шөптерді беріп жатыр. Мұндай органикалық тыңайтқыштарды ауыл ішінен табу қиынға соқпайды. Калифорниялық қызыл құрттар балықшылар арасында да үлкен сұранысқа ие екендігін бағамдасақ, оларды жекелеп сату арқылы да пайда табуға болады. Мұны жас кәсіпкердің өзі де мойындап отыр.
Құрттар үшін топырақтың ылғалдығы маңызды. Сондықтан, оларға үнемі су құйып отырамын. Бауырымен жорғалаушылар қыста жылы жерде болуы тиіс. Бұлар күтімді ерекше қажет етпейді. Сондықтан, көп уақытымды да кетірмеймін. Басқа да маңызды шаруаларыңыз болса жасай бересіз, құрттар өздігінен көбейе береді,-дейді тірліктің өзгеше түрін қолға алған кәсіпкер.
Жалпы, ауыл тұрғындары Еркеғалиды мұқтаж жандарға жәрдемі дайын, қайырымды істердің қасынан табыла білетін азамат ретінде таниды. Осындан аз уақыт бұрын Сарыағаш ауданынан 350 түп алма ағашының көшеттерін ауыл іргесіне алып келіп отырғызғаны бар. Былайғы ізгі істері де ел ішінде айтылып жүр.
Кәсіптің өзгеше түрін таңдап, тәуекелге білек түрген азаматтың тірлігі әрбірімізге үлгі. Ісімен танылу үшін емес, кәсіптің осы түрін елге таныту үшін еңбек еткен Еркеғалиға кәсіптің нәсібін көре бер демекпіз.
Көркем Асқар