ШУЛЫҚ ШАРУАЛАР ҒЫЛЫМИ БАҒЫТҚА ДЕН ҚОЮДА

Бүгінде диқандар үшін қауырт науқанның жүріп жатқаны белгілі. Осыған орай, егістіктегі өнімін шығынсыз жинап алудың қамымен жүрген шаруалардың еңбегін көріп, жиын-терін жұмыстарына дайындықтарын байқап қайттым.
Ең әуелі Ескі Шу ауылдық округінде ірі көлемде жүгері, қант қызылшасы және картоп егетін “Kyzylsha” ЖШС-нің егістік алқабында болдым. Негізінен бүгінде егіліп жатқан тұқымдардың басым бөлігі көршілес мемлекеттерден келуде.

Осы олқылықтың орнын толтыру үшін аталмыш серіктестік биылдан бастап дәнді дақылдарды ғылыми бағытта егу жұмыстарын да мықтап қолға ала бастаған. Мысалы олар 480 гектарға жүгері ексе, оның 40 гектарын арнайы тұқымдыққа егіп, будандастыру арқылы жүгерінің егістікке қолайлы түрін шығармақ.

Одан бөлек, 1000 гектар қант қызылшасы мен 140 гектар голландиялық картоп және 1500 гектар мақсары егуде. Жалпы, аудан бойынша 2000-нан аса алқапқа егін егетін серіктестік жыл сайын егістік көлемін арттырып отырғанын да айта кеткен жөн.

Сонымен қатар, биыл көкөніс өнімдері де бітік шыққан. Әсіресе, жайқалтып жуа егетін шаруалар агротехникалық талаптарды бұлжытпай орындаудың арқасында жыл сайын мол өнімге қол жеткізіп келеді.

Баптай білсе жер-ананың жомарт екеніне көз жеткізген дихандар биыл 13 мың гектардан аса алқапқа пияз егіп отыр. Сәтін салса, жуық арада жиын-терін жұмыстары да басталмақ.

Көркем Асқар