Шуда қаржыгер күні атап өтілді

Жыл сайынғы 15 қараша Ұлттық валюта – теңге күні ретінде тойланатыны белгілі. Осыдан ширек ғасыр бұрын арнайы Жарлықпен бекітілген мереке қаржыгерлерге де қатысты кәсіби мереке екенін айта кеткен жөн. Ұлттық валютамызға теңге деп ат қойған –Халықаралық инженерлер академиясының академигі, Қазақстанның белігілі ғалымы, КСРО Мемлекеттік сыйлықтың және «Құрмет» орденінің иегері Сауық Тәкежанов болатын. Сонау 1992 жылғы талпыныс бір жыл ішінде аяқталып, 1993 жылы төл валютамыз айналымға енгенін ел жақсы біледі. Келер жылы еліміз теңгенің 30 жылдығына атап өтпек.

Мерекеге орай сала мамандары құрметтелген жиын апта басында аудан әкімі Сәкен Арубаевтың қатысуымен өткізілді. Онда Сәкен Қаланұлы қаржыгерлерді қабылдап, Ұлттық валюта төңірегінде аз-кем әңгіме өрбітті.
-Ел экономикасын ілгерілету туралы сөз қозғағанда оның күретамыры іспетті – ғасырға жуық тарихы бар қаржы жүйесін айналып өту мүмкін емес. Себебі, қаржыгерлердің қатынасуынсыз бірде-бір саланың толыққанды қызметін көзге елестетіп, бағытымызды бағдарлай алмаймыз,- деген аудан басшысы қаржыгерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, қаржы қазаны ортаймасын, еліміздің ырыс-құты арта берсін, несібеміз мол болсын деп ізгі тілегін білдірді.

Сонымен қатар өңір басшысы осы салада ұзақ жылдар бойы жұмыс істеген қаржыгерлерге «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін табыс етсе, бірқатар қызметкерлер аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын алды. Кәсіби мереке қарсаңында марапатталғандар өз алғыстарын айтып, ел игілігі жолында еңбек ете береміз деп сендірді. Сондай- ақ бүгінгі суретті ертеңгі тарих деп бағалап, естелік суретке түсті.

Шу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі