Шуағын төккен қыз.

Сырт қарағанда кейбір адамның бүгінгі тұрмысы мен қоғамдағы орны әу бастан осылай қаланып, еш қиындықсыз өріле салғандай көрінуі де мүмкін.

Расында Құралай Жұмаханқызы Әшірбекова өмірден өз орнын тапқан, қалаулы мамандығын игерген, отбасылық бақытқа да ие жан. Ал осының барлығы оған сый табаққа салынып, тойбастардай тартыла салмағаны тек жанашырларына ғана аян.

Құралай Жұмаханқызы:

— Мектеп бітіргенімізге он жыл болған мерейтойға жиналғанымызда, бастауыш сынып жетекшісі болған Азнабаев Қасқырбай деген ағайымыз қатты таң қалдырған еді: — Мынау сенің балдырған кезіңде жазған «Кім болам» атты шығармаң – деп әбден сарғайған қос бетті ұстатты. Мен онда: «Өскенде халықты емдейтін ақ халатты дәрігер болғым келеді» деп жазыппын…

Сол балалық арман келе-келе оның шынайы жүрек қалауына айналды. Және бұған басты себептің бірі ата-анасының әсері. Әкесі Жұмахан дәрігер болса, анасы Ұлжан фармацевт-провизор еді. Осындай ортада өскен бес баланың арасында дәрігерлікке құштарлық Құралайға дарыған еді.

Арман қала Алматыға келіп, медициналық институтқа құжат тапсырып, бағын сынады. Егер әркімнің таңдаған жолы салдырлатып өте шығатын жайдақ болып жатса, онда аса мән-мағына да бола қоймастай-ау, сірә… Ал тым жанға батар кедір-бұдыр тартылса да өткеннен кейін болмаса, өтіп кеткенше қаншалықты машақатты бастан кешірерсің… Бастапқы жылы бағы жанбай, ол уақытты бос кетірмеу үшін республикалық медициналық училищесіне түседі. Оны тәмамдағын соң Ұлы Отан соғысы мен мүгедектерін оңалтатын әскери госпиталға орналасады. Бірақ алған бетінен қайтпайтын өжет қыз әр күзге қарай институтқа ұмтылады. Осы кезең аралығында госпиталь аясында еңбек тәжірибесі қалыптасып, кейбіреулер місе тұтарлық биікке де көтеріледі. Аға медбике қызметінде жүргенде ақыры жоғары оқуға ілігеді. Және осы тұста болашақ өмірлік жары, жаңадан келген жас маман Гамаль Кәрімұлымен танысады.

Құралай Жұмаханқызы:

— Егер мансап қуаласам, онай биіктерге көтерілуге де мүмкіндіктер болды. Бірақ менің басты қағидам емшілік екенін іштей жақсы түсінгендіктен өзімді клиницист-дәрігер ретінде танимын. Әрине басшылық қызметтің өз тартымдылығы бар. Қарапайым халық жай дәрігерден гөрі бас дәрігер немесе соған тете қызметтегі адамдары сыйлайтыны жасырын емес. Олардың әкімшілік жағынан қарағанда мүмкіндіктері мол екені де рас. Ал маман ретінде қағазбастылық пен әкімшілік әлемінің бітпес жыры кәсіби деңгейіңді қарайтып жібереді. Менің ол ортадан қашқалақтайтыным да содан болар. Билік тізгінін қолға ұстауға жасың да жарасымды, білімің мен біліктілігің де сай деген қолқаларды әзірше басынан ғана сипап қойып жүрмін.

Жоғары оқуға түскен соң, бұрынғы қалыптасқан күнкөріс көзі ауысып, енді сабақтан тыс мезгілде табыс табу қажет болды. Бірінші курста Гамаль екеуі шаңырақ көтерді. Одан дүниеге тұңғыштары Насиха келді.

Гамаль күндіз дәрігер, түнге қарай «Қолда сытырлайтын тірі ақша» табу үшін күзетке шықты. Құралай күндіз сабақ, түстен кейін «практика», сосын түн жамылып жасайтын дәріханаға қызметке тұрды. Тіпті өзі істеген госпитальде түнгі кезектегі санитарка болып та тиын-тебен қағыстырды.

Осылай аяққа көтерілу дегенді мақсат еткен екеуі кішкентай Насиханы жанашыр адамдарға бақтырып, күнді түнге, түнді күнге соқты десе де болады…

Осы госпиталде еңбек жолын бастаған Құралай Жұмаханқызының тек дәрігерлік еңбек өтілі жиырма жылға таяпты. Бүгіндері ол жоғары санаттағы дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты, терапия бөлімінің меңгерушісі.

Құралай Жұмаханқызы:

  • Бюджеттік саланың жалақысы сүрініп-қабынған күнкөріске болмаса,

керілуге келмейді. Мен өзімнен гөрі осындағы санитаркалар мен медбикелердің мардымсыз табыстарына ішім ауырады. Қазіргі кезде жалпы елді жайлаған несие алу деген дерт өршіп барады. Пәтерақы, күнделікті жол шығыны тағы басқа өрмекшінің торындай торлап жатқан тұрмыс нәубеті бас көтертпейді. Сосын госпиталге жатушылардың да психологиясы ерекше, олар масылдық негізде қалыптасқан. Тек алу ғана. Біз денсаулығымызды бердік, енді сендердің қандарыңды ішуге қақымыз бар деген сияқты пікірде. Тұрмыстық тығырықта жүріп тыңғылықты жұмыс атқару да оңай емес, оның үстіне шамкөңіл науқастардың шіренуі мүлдем жүйкелетеді.

Бақыт дегенді әркім әрқалай түсінер. Тек, барлығына ортағы: шуаққа бөленуден гөрі өзгені шуаққа бөлеуге дайын тұратындық. Жастайынан осындай жарқын мінезге ие болған Құралай Жұмаханқызы Насиха мен Абайға ана болса, ғылым жолында көз майын тауысып жүрген Гамаль Кәрімұлына асыл жар. Бағасы құнсызданып бара жатыр деген адами қасиеттерді ардақтап жүрген бірден-бір азаматтар. Өздері ұшқан ұяның өнегесін сабақтастықпен өз балапандарына дарыта алатын қазақы тәрбиедегі Отан құраушы — отбасы.

Заман Төлеуов,

Алматы қаласы