ШУ ӨЗЕНІ СУЫН МОЛАЙТУ МӘСЕЛЕСІ ҚОЗҒАЛЫП, МАҢЫЗДЫ МІНДЕТТЕР БЕЛГІЛЕНДІ

Соңғы жылдары Шу өзені суының Созақ ауданы аумағына келіп жайылуы, «Тасөткел» су қоймасынан Шу өзенінің төменгі арнасына экологиялық су тастау жүйесінің бұзылуы аудан тұрғындарын алаңдатқан басты мәселеге айналды.
Бұған дейін су үрдісінің кешігіп, аз мөлшерде келуі экологиялық жағдайға теріс әсер ететіні жөнінде тиісті орындарға бірнеше рет хат жолданып келді.
Бүгін Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі, Су шаруашылығы комитеті және «Шу-Талас» бассейндік инспекциясы аталған мәселені шешу жолдарын қарастыру үшін арнайы жиын өткізді.
Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданында өткен жиынға министр Нұржан Нұржігітов, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев және аудан депутаттары мен ардагерлер, БАҚ өкілдері, сондай-ақ су шаруашылығы саласының мамандары қатысты.
Алғашқы жиын Мойынқұм ауданындағы Гуляев шабындық алқабының маңында орналасқан «Радай» аумағында өтті. Мұнда Шу өзені арнасының ауданға келіп жайылуының экологиялық маңыздылығы талқыланып, аудан ардагерлері мен мамандар өз пікірлерін білдірді. «Фурманов» су торабынан Созақ ауданына арнайы қазылған 120 шақырымдық айналма каналының жай-күйі сөз болды. Жағдайын тексеру мақсатында жиын «Фурманов» су торабының басында жалғасты.
Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов 120 шақырымдық айналма канал бойымен жүріп, оның құрылымын қалпына келтіру үшін қажетті құжаттарды рәсімдеуді тапсырды. Нұрбол Тұрашбеков бұл мәселе облыс әкімінің жеке бақылауында екенін атап өтті. Сонымен қатар, жұмыстардың заң аясында ұйымдастырылып, мерзімінен кешікпей жүзеге асуын қадағалайтынын жеткізді.
Шу өзенінен Созақ ауданына бағытталатын судың мөлшерін арттыру мәселесі де кеңінен талқыланды. Шу өзенінің суын аудан аумағына ақпан айының соңына дейін жеткізу келісілді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі