ШЕТПЕДЕ ШЕШЕНДІК ӨНЕРГЕ БАУЛИТЫН ТЕГІН ҮЙІРМЕ АШЫЛДЫ

Мемлекеттік бағдарлама аясында Шетпеде шешендік өнерге баулитын тегін үйірме ашылды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен балалар мен жасөспірімдердің мемлекеттік шығармашылық тапсырыс арқылы үйірмелермен қамту жобасын Ғалия Ордабаева қолға алып, 10-17 жастағы балаларды сауатты сөйлеуге үйретіп жүр. Бұл туралы Маңғыстау ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Оқушылардың ойға жүйрік, сөзге шешен болуы үшін еңбек етіп келеді. Мақсаты – үйірмеге қатысушылардың бойына көшбасшылық қабілетті қалыптастыру, кітап оқуға деген ынтасын арттыру, ой-пікірін еркін айтуға баулу. Үйірме басшысының айтуынша, балалардың көркем шығармаларды оқуға деген қызығушылығы артқан. Ғалия Ордабаева үйірменің жоспарын өзі жасақтап, ішіне маңғыстаулық би-шешендердің сөзін, даулы мәселелерді шешудегі тапқырлықтарын қосқан. Осылайша, жас ұрпақты мәдениетті сөйлеуге баулып келеді. Шешендік өнерден бөлек балаларға дұрыс жазуды да үйретіп жатыр. Үйірменің ашылғанына көп болмаса да оқушылары республикалық байқауда жүлделі орын алып, халықаралық сайысқа жолдама алған. Қазіргі кезде үйірмеде 40 бала бар. Олар аптасына 2 сағат білім алады. Ғалия Ордабаева үйірмеге қатысқысы келетін балалардың саны артқанын айтады. Осыған орай алдағы уақытта, үйірмені кеңейтуді жоспарлап отыр.