Шаруасы шалқыған «Алмас» шаруа қожалығы  

Ел экономикасының негізгі қазығы – ауыл шаруашылығы екені белгілі. Елбасы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында дәл осы агросаланы ел экономикасының негізгі драйверіне айналдыруды тапсырғаны белгілі. Ал бірер жылдан бері Жамбыл облысында қант қызылшасы шаруашылығы мықтап қолға алынып, жүйелі жұмыстар жалғасын табуда. Биыл да тәтті түбір жинау науқаны дер кезінде басталып, талай тірлік тіктеліп отыр.    

Атап айтсақ, Қордай ауданы Бетқайнар ауылдық округіндегі «Алмаз» шаруа қожалығына тиесілі қант қызылшасы алқабында жұмыс қызған. Шаруа қожалығының басшысы Жұмабек Ещигановтың бастамасымен егістікте комбайнмен қатар, жұмысшылар «тәтті түбірді» жинауда алдына жан салмай келеді. Көктемде егілген немістің «Виорика» және «Акация» сұрыпты қызылшасы пісіп, қажетті салмағын жинаған. Алқаптан жөнелтілген «тәтті түбір» жүк көліктеріне тиеліп, бірден Меркі қант зауытына тасымалданады. Бағалы дақылдың салмағы орта есеппен 2-6 келі болса, арасында 10 келі тартатын түбірлер де кездеседі. Күніне 3-3,5 гектар алқапты жинап жатқан комбайнның көмегімен жақын арада өнім толығымен жиналуы тиіс. Алайда, ауарайы өз өзгерісін енгізуі де мүмкін. Сол себепті «тәтті түбірді» жинауды сапалы әрі жылдам жүргізу жұмысшылар үшін басты міндет.

— Біздің қожалықта 20 шақты адам жұмыс істейді. Барлығы білікті қызметкерлер. Ал, маусым кезінде жұмысшылар саны артады. Негізінен жергілікті тұрғындарды еңбекке тартамыз. Мемлекеттің көрсеткен көмегін атап өткім келеді. Қант зауытына қызылшаның келісін 8 теңгеден өткізсек, 12 теңге қосымша субсидия аламыз. Бұл әрине, шаруалар үшін үлкен көмек. Биылғы ауарайына қарамастан жиналған өнім жаман емес. Гектарынан 700-750 центнер қызылша жинап келеміз, – деген шаруа қожалығының басшысы өзге де еккен дақылдарын атап өтті.  Мәселен  биыл «Алмаз» шаруа қожалығы 500 гектарға бидай, 700 гектарға арпа, 300 гектарға жүгері және 40 гектарға пияз еккен. Егіс алқаптарында негізінен тамшылатып суару әдісін қолданатын агроқұрылымда қажетті техниканың да барлығы бар.

Ерте көктемнен қара жерге ақ түскенше егістікте жүріп еңбек еткен азаматтар енді бейнетінің зейнетін көруге дәмелі. Тағы бір атап өтетіні, Жұмабек Ещигановты Бетқайнар ауылының тұрғындары жомарт жанды азамат ретінде таниды. Ендеше, туған ауылына жақсылық жасаудан өзгелерге үлгі болған шаруаға біз де сәттілік тіледік.

Жалпы, қызылша жинау науқаны өзге де округтерде қарқын алған. Мәселен, Ноғайбай ауылдық округіндегі «Даму» шаруа қожалығы 30 гектарға қант қызылшасын егіпті. Юрий Швецов басқаратын агроқұрылым осымен үшінші жыл қатарынан бағалы дақылды егіп, биыл да жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Диқандар жинаған «тәтті түбірдің» орта салмағы 3-5 келі, кейде 10 келіден асып жығылады. Ал, өнімділік гектарынан 600 центнерді құраған. Бүгінгі күнге 8 гектардан 200 тоннадан астам өнім қант зауытына жөнелтіліпті. Егіс алқаптары таулы аймақта орналасқанын және қарапайым суғару әдісін ескерсек, бұл көрсеткіштің жаман емес екенін анық аңғарамыз.

Дедек Төлен