ШАРУАҒА, ФЕРМЕРГЕ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛУ КЕРЕК

Шағын шаруашылықтарды аралап, жұмысын көріп, мұң-мұқтажын білу мақсатында еліміздің облыстарын аралап жүрген ҚР Қазақстан фермерлері қауымдастығының басқарма төрағасы Жигули Дайрабаев жамбылдық шаруалармен кездесті. Кездесуге ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұлов, ветеринария басқармасының басшысы Нұржас Құрмантаев, сондай-ақ, агросалалық мекемелердің басшылары мен шаруа қожалық жетекшілері, фермерлер қауымдастығының облыстық және аудандық филиалдарының төрағалары қатысты.
Ауыл шаруашылығы басқармасының мәжіліс залында өткен жиында ҚР «Қазақстан фермерлері қауымдастығы» Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дулат Сұлтанбеков аймақтың агро саласында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы туралы баяндап, түйіткілді мәселелерді де тілге тиек етті.
Одан кейін сөз алған Жигули Молдақалықұлы «Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Яғни мемлекеттің негізгі мақсаты – адамға жағдай жасау. Конституцияда айтылғандай, еліміздің басты байлығы – адам, біздің баға жетпес капиталымыз – осы елдің халқы. Өкінішке қарай, оптимизация, урбанизация деген ұранмен көп жағдайда мәселенің қаржылық және экономикалық жағына баса мән беріліп, адамдардың тағдыры екінші кезекке қалып қойып жатыр. «Болашағы жоқ ауылдар» деген термин шыққанына да біраз болды. Бұл тіркесті сөздік қорымыздан, қолданыстан мүлде алып тастау керек. «Болашағы жоқ» деп жүздеген ауылды санаттан сызып тастау қазақтың болашағы жоқ деумен бірдей. Өкінішке қарай, сол саясаттың кесірінен 1 100 ауыл жабылды. Ауылда екі қазақ қалса да жол салып, су тартып, тұрмысын жақсартудың амалын ойлау керек» — деді.
Кездесуде шаруалар қауымдастық төрағасына көкейде жүрген сұрақтарын қойып, кездесіп жатқан мәселелерді шешуге ықпал етуін сұрады. Өз кезегінде «Негізі шаруа субсидия, кредит, дизельдік отын бер деп Үкіметтің артынан емес, Үкімет соның бәрін ұсынып шаруаның артынан жүгіруі керек. Себебі өнімді беретін, елді асырайтын шаруалар» — деген Жигули Дайрабаев қоғамдық ұйымның басшысы ретінде Үкімет пен тиісті министрліктерге мәселелерді жеткізіп, олардың шешілуіне ат салысатынын атап өтті.