ШАРА ЖИЕНҚҰЛОВАНЫҢ ЕСТЕЛІГІНЕН

Алматыны алманың атасы десе дегендей-ақ, жас кезімнен есімде қалған бір нәрсе – алыстан алма иісі аңқып тұрушы еді. Мен осы Алматыда 1912 жылы дүниеге келіппін.
Менің әкем Баймолда Жиенқұлұлы үш ағайынды кісі: ағасы Байбұлан, інісі Нұрымбай. Қарқаралы уезі, Шұбартау болысынан ертеректе көшіп келсе керек. Әкем жеті жасында әке-шешесі өліп жетім қалады. Сосын ағайынды үшеуі қол ұстасып, керуеншілерге ілесіп Балқашқа келеді. Одан Ілеге балық тартқан балықшыларға жалданып осы Іле бойында қалып қояды. Үлкен атамыз Байбұлан көпеске приказчик болып жұмысқа тұрады. Ал менің әкем көпестің егінін оратын малайы болып жалданады. Егіншілік жұмысқа жарымаған соң, көпестің атын айдайтын көшір болады. Жылдар өтеді, еті тірі ағайындылар әлденіп, қор жинап, өз алдарына тіршілік ететін күйге жетеді. Ақылдасып Алматыға көшіп келеді, бұл жерден қора-жай сатып алады.
Әкем Баймолда екі әйел алған. Бәйбішесінен 14 қыз туған. Ұл болмағанға қапаланып, сақалынан жасы сорғалап жүргенде менің шешем Тыныбаламен кездейсоқ ұшырасады. Он бесінші қыз болып дүниеге мен келіппін. Алайда, Тыныбала шешем оның сүйіп қосылған жары болған соң онша ренжімейді, ат шаптырып той жасайды. Он алтыншы қызы – Хадиша туғанда сақалын жұлып жылапты деседі. «Жасым болса жер ортасына келді, орнымды оңалтар ұл бермеген Құдайға не дейін?» – деп зар еңірегенде, тыңдаушының сай-сүйегі сырқырап, шешелеріміз үйден қашып шығады екен. Хадишадан кейін апам біразға шейін бала көтермей қалады. Атам одан сайын налиды, ақырында апам екі ұлды қатар туады. Атам қуанғаннан бар малын шашып үлкен той жасайды, сөйтіп, біраз қорынан ажырап қалады. Жоқ нәрсеге жүнжіп, таусылып көрмеген ол «екі қолға бір жұмыс» деп ежелгі кәсібінде жүре береді. Апам кейіннен тағы бір құрсақ көтереді, ұл туады. Әнуарбек, Жорабек, Талғатбек атты ұлдары болғасын атам көңілденіп, шайқала бастаған тұрмысын қайта қаз тұрғызады.

#Әсет_Ақмолда