Сессия

Кеше аудан әкімдігінің мәжіліс залында сегізінші шақырылған Байзақ аудандық мәслихатының бірінші сессиясы болып өтті. Сессияға аудандық мәслихаттың депутаттары, аудан әкімі Бақыт Қазанбасов, аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауыл, ауылдық округ әкімдері қатысты.
Сессияны Байзақ аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Абдан Төлепбергенов ашып, жүргізіп отырды. Абдан Баяуұлы алдымен аудандық мәслихат депутаттары сайлауының нәтижелері туралы хабарлама жасап, жаңадан сайланған депутаттарға салтанатты жағдайда куәлік пен төсбелгі тапсырды.
Сегізінші шақырылған Байзақ аудандық мәслихаттың төрағалығына депутат Бақтияр Ақбаевтың кандидатурасы ұсынылып, ол депутаттар тарапынан қолдау тапты.
Депутат Б.Ақбаев өзіне көрсетілген сенім үшін аудан басшылығы, өз әріптестеріне алғыс айтып, алдағы уақытта ауданымыздың өсіп-өркендеуі жолында аянбай еңбек ететінін білдірді.
Сессияны әрмен қарай аудандық мәслихаттың төрағасы Бақтияр Ақбаев жүргізді. Онда депутаттар Елнұрбек Ермеков, Алтынбек Жәмішжанов, Гүлбахрам Ермековалар басқаратын «Аумақты экономикалық дамыту, қаржы, бюджет, әкімшілік аумақтық құрылым, адам құқығын қорғау мәселелері және жер учаскелерін сатып алу туралы шарттар жобаларын қарау», «Экология, табиғатты пайдалану, денсаулық, жанұя мен әйелдер ісі, мүгедектер және тұрғындардың тұрмысы төмен бөлігін әлеуметтік қорғау мәселелері», «Білім, тілді дамыту, мәдениет, ұлттық және азаматтық келісім, жастар ісі, спорт мәселелері» жөніндегі тұрақты комиссиялар құрылып, олардың мүшелері сайланды.
Сессияда аудан әкімі Бақыт Қазанбасов сөз алып, депутаттарды құттықтап, алдағы жұмыстарына табыс тіледі.

Байзақ ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.