Серік Ақсұңқарұлы МАҒАУИН ФЕНОМЕНІ

«Ты царь. Живи один»-дегенді Пушкин осы біздің Мағауинге арнап айтқан сынды. Әр халықта тарихтың әр түрлі кезеңдерінде екі патша болады. Біреуі—тақта отырады, екіншісі ұлтының рухын билейді! Совет Одағында, Иосиф Сталиннің заманында — Осип Мандельштам, Анна Ахматова, Андрей Платонов, Михайл Булгаков; біздің—Елтай Ерназаровтың кезінде—Шәкәрім; Голощекиннің кезінде—Мағжан, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов… Никита Хрущевтің тұсында— Борис Пастернак, Андрей Вознесенский, Евгений Евтушенко; Дінмұхаммед Қонаевтің тұсында — Олжас Сүлейменов, Мұқағали Мақатаев; Назарбаевтың кезінде —Мұхтар Мағауин, Жәрікен Бөдеш, Темірхан Медетбек,Ұлықбек Есдәулет болып, бірінен соң бірі өзгеріп тұрды. Айырмасы — осы ғана.

Қазақтың саясынан сайғақ құрлы сая таппай, мұхит асып Мағауин де кетті, — Алаштың алғашқы эмигранты атанып… Бір кезде қазақ әдебиетінің бастау бұлағын 15-16-шы ғасырларға тіреп еді. Енді Атажұртынан адасқан Шыңғыс ханды еліне қайтарып алды! Ылғи осындай, ұлттық руханиятта кесек-кесек құбылыстар жасаған ғаламат дарын иесі! Он тоғызыншы ғасырда Абай, Әлихандарымыз болса, ХХ-ХХI ғасырда Мағауиніміз бар, Алашқа бұдан артық не нәсіп қылады Тәңірі?!

Мұхтар Мағауин
(02.02.1940 ж.—09.01.2025 ж.).

Үйсін мен Арғын,
Керей,
Адай ұлы –
Һас Сақтай Халық болдық қалай ірі:
Көшіртіп Дінді арабқа Көк Тәңірден,
Адами жолға салдық анайыны.
Жүргенде ат үстінде көзге ілмеп ем
Жабысып жерде жүрген жабайыны;
Қазақтан қай жұрт осы аруақты,
Түркіден басқа ел осы қалай ұлы?!
Мағжан – Бекзат жұртым, маңқылдап кеп,
Басыңа қалай шықты малай ұлы?!
Жатырда жанталасып жатыр білем,
Тоныкөк, Тоқтардайын талай ірі;
…Алтыауыз, алтыбақан – ағайыны,
Кеудесін керінеген Абай үні, –
Аузынан Бөкейханов Әлиханның
Бүгін кеп түскендейін бар айыбы, –
Алланың бетін елге бұрамын деп,
Алаштың боздап отыр Мағауині!

– Мен! – дейді – Алаш ұлы!
Адам ұлы!
Мейірім жоқ адамда, Алла, ая мұны:
Бүгіні көзге қораш көрінген соң,
Аңыз ғып айтады ылғи баяғыны.
Осынау алты Алашқа аян үні, –
Өзі – ұлы,
Өзінен де Абайы–ұлы,
Жыр болған жылқышыға, қойшыға сөз,
Қазақтың, қайран, Мұхтар Мағауині!