Сен жынды емессің!

Белгілі жазушы Тұрысбек Сәукетаевтың

«Мен — жындымын!» романын оқығаннан кейінгі ой

Тұрысбек ағамыздың шығармаларын  бұрыннан үнемі қадағалап отыратын оқырмандарының бірімін. Оның «Сүткенже», «Айлы түн еді», «Қайыңдар, әппақ қайыңдар», «Көлеңкелер патшалығы» сынды әңгіме-хикаяттарын, сондай-ақ «Ай қараңғысы» «Желқайық», «Эпилог», «Қызылбектің қазасы» тәрізді романдарының біршамасын ой таразысынан өткізіп, тіптен «Ай қараңғы» романы жөнінде өз пікірімді газет бетінде білдіргенмін. Тұрысбектің жазу мәнері, стилі өзгелерге ұқсамайды деп кесіп-пішіп айтуға хақым да жоқ шығар. Алайда қай шығармасын оқысаң да жаңашылдық лебі самал желдей желпіп, ноқтамен жетектегендей оқырманын оқиға желісімен өзіне тарта білетін «сиқыры» бар. Бұл жазушының шеберлігі, бұл оның үнемі ізденетіндігінің белгісі деп білемін.

Кеңес өкіметінің бір зор шарапаты — әдебиетімізге оң көзбен қарады. Қаламгерлер ол кезде қоғамымызда ең беделді, ең танымал, ең бай адамдар болды. Олардың кітаптары көп таралыммен шығып, халықтың арасына түскен соң-ақ құмға құйылған судай сіңіп кете баратын. Оқырмандар қандай белсенді еді десеңші! Кітаптар түгілі «Жұлдыз», «Жалын» журналдарын жерге түсірмей, ондағы шығармаларды құныға оқитын. Қазақты Рух деген зәм-зәм суымен шомылдырып, жанын жаңғыртқан Әдебиет атты қасиетті самал бақтың күтімі ол кезде ғажап болатын. Меніңше, қазір Елбасымыздың «Рухани жаңғыруын» сол шақтары Әдебиет атқарды. Осы әдебиет самал бағымыз тәуелсіздігіміз кезінде дауыл соққандай күтімсіз қалып, айра-жайра болып, берекесі кетті. Алғашқы кезде Өлара кезең деп, өзімізді-өзіміз жұбаттық. Ал кейін еліміздің экономикасы дамып, қуаттанған соң да қаламгердің жағдайы жақсарған жоқ. Ең жаманы — қалың оқырманнан айырылдық. Қаламгер не жазса да ескерусіз, елдің де, мемлекеттің де назарынан тыс қалды. Әдебиетке баға берілмеді. Ол әркімге жәутеңдеп, жетім қалды. Әрине, нағыз қаламгерлер Әдебиет майданын тастап кетпеді. Тамаша шығармалар дүниеге келді. Міне, солардың бірі де бірегейі Тұрысбек ағамыз және оның шығармалары.

Әрине, ағамыздың барлық шығармаларын талдаудан аулақпын. Бірақ өткен жылы әдебиет пен оқырман қауымын атымен де, затымен де елең еткізген бір шығармасын іздеп тауып оқыдым. Ол — «Мен — жындымын» деген романы. Иә, «Алтын қалам» әдеби жүлдесі аясында 2016 жылы ҚР тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Жылдың үздік романы» аталымы бойынша бәйге жарияланды. Сол аламан бәйгеде Тұрысбек Сәукетаев осы романымен үздік атанып, жеңімпаз атанды.

«Мен — жындымын» шығармасы несімен үздік атанды?  «Траги-комедиялық сарында жазылған бұл роман өзінің көркемдік тосын сипатымен ерекшеленді. Шындық пен қиял, өң мен түс, әжуа мен мұң, мистика… мидай араласып, оқушыны сан қилы шарпысқан сезімге бөлейді. Күлесіз, күрсінесіз, өмір басқаша бір өң-бояумен құбылып, көз алдыңыздан өтіп жатқандай күй кешесіз». Кітап аңдатпасында роман ерекшелігі осылай сарапталынды.

Тоқсаныншы жылдары талай еркеккіндіктілер сенделіп жұмыссыз қалды. Тауфих те солардың бірі. Нархозды қызыл дипломмен бітіреді. Алматыдағы әйдік өндіріс тресінде экономист болады. Бас маман… үш бөлмелі үйдің кілті қолында. Егер Кеңес өкіметі жантәсілім етпегенде, кім білсін, бұдан да әрі шырқар ма еді, кім білсін. Әттең!.. Жо-жоқ, Тауфих «азат болдық» деп алақайлап қуанады. Бірақ көп ұзамай трест жабылып, ол жұмыстан да азат  болады. Бір күні «Паялы» үйге жұлқына кіреді: «Ей, «министр», осы сенікі не жатыс? Екі айдан бері жамбасың тесілген жоқ па? Бордақылаған мегежікдей тоңқайып қашанғы жатасың?!»

Балалардың көжесіне таласып, үйде омалып отырған еркекте қайбір авторитет болсын. Жүнжіп-жасып қалады екенсің. «Ләббай, тақсыр!» дегендей үнсіз елп етіп тұрып, емпеңдеп қасына жетіп бардым».

Осы бір шағын үзіндіде сол кездердегі әйел мен еркектің образдары шынайы көрініп тұр. Осылай біздің еркектеріміздің көбісінің «авторихасы» түсіп, үйкүшік болып, бала-шағасын бағып, ұнжырғасы түскен шағы. Әйелдер ала қоржын арқалап базарға кетеді. Жынды болудың алды осы. Тауфих та осы жаңаша өмір ағысымен ағып жүре береді. Базарға барып, сауда да жасайды: Негізі Тауфих бойында жасырынып жатқан талант бала кезінен бар. Абай мен Қасымның өлеңдерін оқығанда түсініксіз бір күйге түседі. «Жер-көкке сыймайтындай елегізіп, алабұртып, ауыл шетіндегі құм бұйраттарды кезіп кетеді. Әу, баста жазушылық таланты осылай көрініс береді. Міне, оның осы талантты биік үйдің жанынан  өтіп бара жатқанда басына кірпіш құлағаннан кейін жарқырап шығады. Жазбасына қоймайды. Жаздыратын — қара шал. Ол — Абайдың елесі. Абай бабасы бұған қалам мен қағаз алдырып, бұйрықты түрде үстелге отырғызады. Міне, Тауфиғымыз аяқ астынан жазушы болып шыға келеді. Қаламның рухы ішіне кіреді. Тыныштық бермейді. Көңіл көзі жарқырап ашылады. Түн. Ол үстелде. «Әлдебір сиқырлы сыбыр құлағыма жеткендей қара шалдың күбіріме, күңгірі ме… өмірі аузыма түспейтін түйдек-түйдек тосын ойлар қиюын тауып сыңғырлап тұрған кейбір көркем теңеу, келісті сөйлем, сөзбен салынған сырлы сурет…». Мінекей, сырт жұртқа Тауфихтың жынды болып көрінетіні, әрине, қаңғып келіп басына тиген кірпіштің кесірінен құс қайтқанда, келгенде аздап жынданатыны бар. Бірақ ол шындығында ұлы да шынайы дүниелер туғызады. Өмірдің шынайы көріністерін қағаз бетіне түсіретін хас шебер жазушыға айналады. Оның талантын, жазуын алдымен әйелі мойындайды.

Өкінішке қарай, оның кітаптарын нағыз жазушылар, көзі қарақты оқырмандар мойындағанымен, ащы шындық жазылған кітаптарын баспалар қабылдамайды. «Маркс, Шыңғыс Айтматов» боламын деген дәмесі, құлшынысын олар көп ұзамай өшіріп, жоқ қылады.

Себебі «баспаның принципін ұстанымына сай келмейді ал жынданбай көр! Иә-ә, сонымен Тауфих жазушылықты біржола қойғысы келгенмен, Абай бабасы қоймайды. Ол небір өмірдің шырғалаң жолдарында жүрсе де, киіз кітабын жанынан тастамай, күнделікті көңіл-көзімен көргендерін, түйгендерін шынайы түрде жаза береді, жаза береді. Өмірінің ең соңғы сәті трагедиямен біткен. Бәрінен айырылған, жападан жалғыз қалған, бірақ жынды емес. Тауфих байғұс өзін-өзі атып өлтіреді. «Жындының» жазбалары досының қолына түседі…

Тұрысбек ағамыздың бұл ерекше романын жұрт тақырыбы, кейіпкерлері ұқсас басқа да әлемдік тұрғыдағы шығармаларға ұқсатып, соларға еліктеген деп айтып жүр. Әрине, өмір біреу, тағдыр әртүрлі. Әрбір қаламгердің жазу стилі өзгеше. «Мен — жындымын!» деп айтса да, жынды емес кейіпкерінің жандүниесін, оның ұңғыл-шыңғылын қазғылап, жазушы ғажайып дүниені өмірге келтірген. Сарабдал сыншылар өздерінің сөздерін айтатын болар. Бірақ қазақ әдебиетінің тарихында өзіндік үні бар ерекше роман келгенін мойындауымыз керек. Тек оның сындарлы, шынайы бағасын бере білсек, шіркін!

Ертай Айғалиұлы