СБЕР Алматыны қалпына келтіруге көмектеседі

Сбер қалаға көмек ретінде 550 миллион теңге бөлді. Бүгін, 12 қаңтарда Алматыға су жаңа 10 реанимобиль сыйға берілді, орын алған тәртіпсіздіктердің салдарынан бірнеше жедел жәрдем көлігінің жойылғанын ескерсек, бұл көліктер қаламызға өте қажет. Заманауи реанимобильдер барлық қажетті медициналық құралдармен жабдықталған, атап айтқанда, дефибрилляторлар, жүрек қағысын тексеретін толық жүйе, пульсоксиметрлер, тасымалдауға қолайлы тыныс алу аппараттары, оттегі баллондары. Сондай-ақ Банк Ұлттық кітапхана мен Республикамыздың мемлекеттік орталық мұражай ғимаратын жөндеп, қалыпты жағдайына келтіреді.

 

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қаланың біртіндеп бұрынғы өміріне оралғанын және орын алған оқиғадан кейін қалпына келтіру жұмыстарының жүргізіліп жатқанын айтты.

«Біз қазақстандықтардың қиын кезеңде ұйымшылдық көрсетіп, жұмылған жұдырықтай әрекет ете алатынына тағы да көз жеткіздік. Алматылықтарға тәртіпсіздік кезінде сабырлылық пен батылдық танытқандары үшін және бізге көрсеткен көмектеріңіз үшін алғыс айтамын» – деді Б. Сағынтаев.

Сондай-ақ қала әкімі зардап шеккен салаларды қалпына келтіруге, соның ішінде дансаулық сақтау саласына ірі бизнес және қаржы институттарының қолдау көрсетіп жатқанын ерекше алғыспен айтты.

 

 

«Алматы қиын кезеңді басынан өткізуде. Қазіргі уақытта басты ортақ мақсатымыз – туған қаламыздың бұрынғы келбетін қайтару. Біз осы бір маңызды іске өз үлесімізді қосқымыз келеді. Бүгін біз Алматы әкімдігіне алдыңғы қатарлы медициналық құралмен жабдықталған 10 жедел жәрдем көлігін табыстаймыз. Сондай-ақ Ұлттық кітапхана мен ҚР Орталық мемлекеттік мұражайын өз күшімізбен қайта қалпына келтіреміз деп шештік.

Біріге жұмылсақ, қираған нысандарды жылдам қалпына келтіріп қана қоймай, бұрынғыдан да күштірек боламыз деген сенімдемін» – деді «Сбербанк» АҚ ЕБ Басқарма Төрағасы Елдар Теңізбаев.

 

Бүгінде Сбер Банктің бөлімшелері мен банкоматтары еліміздің барлық аймақтарында штаттық тәртіпте жұмыс істейді. Несиелеуді қосқанда, клиенттерге барлық қызметтер қолжетімді.