Саудакент саз мектебіне Ы.Дүкенұлының аты қайта берілді

⚜️Жуырда ҚР Үкіметінің арнайы бекітілген Қаулысымен Саудакент балалар саз мектебіне Сарысудан шыққан танымал күйші Ықылас Дүкенұлының аты ресми түрде қайта берілді.
⚜️Биыл ашылғанына 50 жыл толған білім ошағы бүгін қос қуанышқа орай, ардагер ұстаздары мен танымал шәкірттерінің басын қосып, үлкен іс-шара өткізді.
⚜️Салтанатты жиынға аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев пен аудандық мәслихат хатшысы Асанбай Сейналиев бастаған жауапты сала басшылары және аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысты.
⚜️Жиында алғашқылардың бірі боп сөз алған Марат Қырғызәліұлы сонау 1971 жылы ашылған саз мектебінің жарты ғасырлық тарихына кеңірек тоқталып, танымал тұлғаның атын алған білім ошағына шығармашылық табыс тіледі.
⚜️Сондай-ақ, тарихи сәттің басынан табылып, сөз алған Сарысу ауданының Құрметті азаматы Алтын Досжанова мен ардагер ұстаз Жеңіс Тоқталиев осынау білім ошағының негізін қалаушы Сәбит Нұркеев туралы жылы лебіздерін білдіріп, тамаша естеліктерімен бөлісті.
⚜️Іс-шара барысында жиылған көпшілік мектептің ауласында орналасқан Ықылас Дүкенұлының еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, өнер ордасының материалдық-техникалық базасымен танысты.
⚜️Одан әрмен салтанатты іс-шара Саудакент мәдениет үйінде саз мектебінің үздік шәкірттерінен құралған оркестрдің «Күй-құдірет, күй-кие!» атты мерейтойлық концертіне ұласты. Мұнда да аудан әкімі сөз алып, білім
саласының дамуына қосқан зор үлесі мен үздік жетістіктері үшін бірқатар мектеп ұстаздарын Құрмет грамотасымен марапаттады.
⚜️Күмбірлеген күй мен әуезді ән әдемі үйлесім тапқан тамаша кеш, әрмен қарай ардагер ұстаздар мен танымал түлектердің дидарласуымен өрбіді.
☑️Сарысу ауданы әкімдігінің Баспасөз хатшысы