Сауда орталықтары мен мейрамханалар әлі ашылмайды – Үкімет

Елдегі төтенше жағдайдың аяқталуына байланысты брифинг өткізген вице-премьер Ералы Тоғжанов алдымен ТЖ кезінде мемлекет тарапынан жасалған шараларға тоқталды. Оның айтуынша, төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия ТЖ мезгілінде 18 отырыс өткізген. Әр отырыс сайын халыққа әлеуметтік-экономикалық көмек көрсету туралы жедел шешімдер қабылданып отырған.

Сондай-ақ Ералы Тоғжанов 11 мамырдан бастап республика аумағындағы төтенше жағдай режимі аяқталғанымен, халық күткендей, ойын-сауық орталықтары мен мейрамханалардың ашылмайтынын хабарлады.

«Кәсіпкерлер мен халық тарапынан ойын-сауық орталықтары, мейрамханалар мен қонақүйлер қашан ашылады деген сұрақ түсіп жатыр. Бұл нысандардың жұмысы бұл сатыда (төтенше жағдай аяқталған сатыда – авт.) қалпына келмейді. Оларды ашу мәселесі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, әр өңірде әкімдіктің шешімімен қаралады», – деді Тоғжанов.

Үкімет басшысының орынбасары халық әлі де карантин шараларын барынша сақтау керегін айтты.

«Енді аз ғана шыдап, карантин шараларын барынша сақтау керек. Біз коронавирус инфекциясының таралу деңгейін 40-50 пайыздан 5,3 пайызға дейін азайттық. Бірақ карантин шараларын әлі де сақтау – міндетіміз», – деді Ералы Тоғжанов.

 

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған