САРЫСУЛЫҚ ТӘУЕЛСІЗДІК ҚҰРДАСТАРЫНЫҢ ФОРУМЫ ӨТТІ

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Сарысу ауданында «Тәуелсіздік — тұғырым» атты тәуелсіздік құрдастарының форумы өтті.

Аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылған үлкен іс-шараға барлық мекеме қызметкерлері мен колледж студенттері және аудан тұрғындары қатысты.

Форумда алғаш сөз алған аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев аудандағы мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуына тоқталып, қоғамның қозғаушы күшіне айналған өскелең ұрпаққа деген үлкен сенімін білдірді. Осы ретте форумның төрінен табылған аудандық мәслихат хатшысы Асанбай Сейналиев пен ардагерлер кеңесінің төрағасы Жанат Жұмаділдаев та ел болашағына бейжай қарамайтын жастар жайлы жылы лебіздерін білдірді.

 

 

Алаш зиялысы Мағжан ақын сенген «жалынды жастардың» бір толқыны салтанатты жиында сарысулықтардың атынан үн қосты. Солардың бірі, Тәуелсіздіктің құрдасы, Игілік ауылдық округінің әкімі — Жандос Жанайдаров. Ол өз сөзінде ақынның жыр жолдарынан үзінді оқып, замандастарына патриоттық мәндегі үндеуін жолдады.

Тәуелсіздік құрдастары да орда бұзар 30 жасқа келді. Бірі – асқар тау әке, аяулы жар, енді бірі – ел тұтқасын ұстаған аптал азамат. Аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Самат Тоқбанов та – Тәуелсіздік құрдасы. Үлкен форумның басы-қасында жүрген азамат жиында сөз алып, жастарға деген мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмек-қолдаулар жайлы кеңінен баяндады.

 

 

Іс-шара соңында ауданның дамуына өзіндік үлесін қосып, әр салада үздік деп танылған 40-тан аса тәуелсіздік құрдастарына аудан әкімінің Алғыс хаты мен «Тәуелсіздік құрдастары» мерекелік медалі табысталды.

 

Айта кетейік, ауданда 14 пен 29 жас аралығындағы жастар саны – 9 545. Бұл аудан халқының 21% пайызын құрайды.

Сарысу ауданы әкімдігінің Баспасөз қызметі