Сарысулық азаматтар 50 отбасыға азық-түлік таратты

Сарысу ауданында карантин жарияланып, блок-бекеттер тәулік бойы жұмыс істеуде.
Қиын жағдайда аудандағы тұрмысы төмен отбасылар да назардан тыс қалып жатқан жоқ.

Акция барысында ауданымыздағы қала, ауылдық округтердегі жалғыз басты көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі, әлеуметтік тұрмысы төмен 50-ге жуық отбасыға күнделікті қажетті азық-түлік үлестіріліп берілді.

 

 

«Бүгінде еліміздегі төтенше жағдайға байланысты халық қиындықтарды бастан өткеріп жатыр.
Осындай қиын шақта ауданымыздың қалталы азаматтары халыққа көмек қолын созуда. Арнайы қорға қыруар қаржы аударып жатқан кәсіпкерлеріміз де аз емес.

 

Біз де осындай игі істен шет қалмай осындай отбасыларға аз да болса көмек беруді жөн көрдік.
Ең бастысы-індеттің алдын алып, еліміз ауру-сырқаудан аман-есен шықса екен»,- дейді Сарысулық азаматтар.

Мұнан бұрында қайырымдылықтың ұйытқысына айналған азаматтар бұл игі іс жалғысын табатындықтарын айтып, аты-жөндерін атамау мен жария етпеуді сұрады.

 

 

Мұндай жомарт жандарға Алланың нұры жаусын деп көмек алған отбасы мүшелері ұйымдастырушыларға алғыстарын жаудырып, ақ баталарын берді.

Бір отбасының өзіне ұн, қант,картоп,пияз, күріш, сәбіз қабымен, май,шәй, макарон тағы басқа қажетті азық беріп жатқан азаматтарға Саудакент ауылындағы Майлыбай мешітінің бас имамы Ғабит Кәрімбеков:

— Халқымыз: «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің», – дейді. Адамға жақсылық жасау, қайырымдылық көрсету – халқымыздың мақтан етерлік дәстүрлерінің бірі. Бұл дәстүр қазақ тіршілігінде түрліше іске асып отырған. Қайырымдылық – адамгершілік белгісі.

 

 

Қазақтың жақсы қасиеттерінің асылы – жомарттық, кең пейілділік. Ол адамға қызмет қылып, жақсылық жасауға пейілді жанға тән сипат. Жомарт болу – өзіңде барды зәру адаммен шын жүректен бөлісу. Осыған орай ауданымызда ізгі істер жиі ұйымдастырылып тұрады.

Осы қайырымдылыққа мұрындық болған қалталы азаматтарға Алла разы болсын. «Ислам діні жағдайы бар азаматтарды қоғамдағы әртүрлі тағдырымен қайырымдылыққа мұқтаж болған кісілерге, қоғам мүшелеріне көмектесуге, қол ұшын беруге, жәрдемдесуге шақырады.

 

 

Бір-бірімізге бақыт сыйлар жүрек жылуымыз, мейірімділігіміз сарқылмасын!
Аялы алақанымызды, қол ұшымызды созып, қайырымдылық жасап, көмек қолын күткен әрбір жанның жүрегіне жылылық ұялатып, өмірге деген көзқарасын өзгерту осы отырған барлық азаматтың борышы.
Уақытша қиындыққа мойымайық. Ендеше, болашағымыз бақытты болсын десек, бір бірімізге қолдан келер қамқорлығымызды аямалық ағайын!,-деген жүрекжарды лебізін білдірді.

 

 

Дариха Үмбетиярова,

Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы.