Сарысуда егіздерге арналған ерекше байқау ұйымдастырылды

Аудандық жастар ресурстық орталығы «Егіздерім — мақтанышым» атты егіздерге арналған аудандық байқау ұйымдастырды.

Екі күнге созылған сайысқа 12 жұп қатысып, өзара бақтарын сынады.
Онлайн форматта өткен байқауда өтініш негізінде келген фотосуреттер орталықтың әлеуметтік желі парақшаларында жарияланып, лүпіл санына қарай жеңімпаздар анықталды.

Жарыс нәтижесі бойынша көрермен көзайымына айналып, ең көп лүпіл жинаған Асыл мен Айым 1 орынды, Айболат пен Жанболат 2 орынды, Көркем мен Еркем 3 орынды иеленді.

Қатысушы жұптардың арасында ең үлкендерінің жасы – 11-де болса, ең кішілері 2 айлық екен.

Егіздерді жарық дүниеге әкелу бақыты бұйырған ата-аналарды қуаныш пен шаттыққа бөлеген мұндай айрықша шараның марапаттау рәсіміне жеңімпаздар арнайы шақыртылып, Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталатын болады.

Қызу тартысқа қатысқандар бұл игі іс-шараны дәстүрге айналдыру керек деген ниет білдірді.

Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі