САРЫСУДА «АРУЛАР – АСЫЛ ЖАНДАР» АТТЫ ГАЛА-КОНЦЕРТ ӨТТІ

Аудандық мәдениет үйінде өткен «Халықаралық әйелдер күніне» арналған мерекелік кеш, Жаңатас қалалық балалар өнер мектебінің орындауындағы Қазанғаптың күмбірлеген күйінен басталды.

Салтанатты жиында аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев құттықтау сөз сөйлеп, бірқатар көпбалалы аналарға «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» төсбелгілерін және облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен арнайы Алғыс хатын табыстады.

–Жыл көктемнің алғашқы мерекесі 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күнінің қашан да орны ерекше, мәні бөлек. Бұл мереке адамзатқа әйел-ананың отбасындағы рөлін айғақтатып қана қоймай, олардың қоғамдық өмірдегі белсенді қызметін көрсетеді. Өйткені, әйел — ана, тәрбиенің қайнар бұлағы. Әйел — қоғамның қуанышы, отбасы шуағы. Кез келген мемлекеттің жеткен биігі, мәдениеті, оның әйелге деген көзқарасымен өлшенеді. Осы ретте баршаңызды әдемілік пен нәзіктіктің мәңгілік белгісі іспеттес, мейірімі мен сұлулығы мол мереке — Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! — деді аудан әкімі Марат Қырғызәліұлы ақжарма лебізінде.

Салтанатты кеште әуелеген ән де, күмбірлеген күй де, мың бұралған би де – аяулы аналарға, гүлдей құлпырған қыз-келіншектерге арналды. Мәдени іс-шараны ұйымдастырушылар алқасының шешімімен, концерттік бағдарламада жүректің қылын шертерлік ең таңдаулы туындылар көрініс тапты. Әсіресе, аудандық мәдениет үйінің жанынан құрылған Сарысу халықтық театрның «Әйел – ана, әйел – жар» атты қоғамдық қойылымы көптің көкейіне қозғау салды.
Сондай-ақ, кеш барысында облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы мен ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаменті бірлесіп ұйымдастырған спарттық бәсекеде топ жарған мемқызметкерлер де салтанатты түрде марапатталды.

Керемет кештің куәсі болған қала тұрғындары мен қонақтары тамаша мерекелік көңіл-күймен тарқасты.

Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі