Сарысу ауданында 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары

Бұл бағыттағы аудандық іс-шаралар жоспары бекітіліп, оның орындалу барысы аудандық штабтың отырыстарында және аппараттық кеңестерде жан-жақты қаралып, жауапты мекемелерге тиісті тапсырмалар жүктелді. Бүгінгі таңда жылу жүйелерін ретке келтіру, қажетті отын қорын жасақтау, әлеуметтік сала нысандарын қысқы маусымға толық әзірлеу және қазандықтардың техникалық дайындығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып жатыр. Жалпы алғанда, алдағы жылыту маусымында аудан көлемінде 5 697 нысанды жылумен қамту көзделсе, оның 1 924-і Жаңатас қаласында орналасқан.
Ауданның Тоғызкент, Майлыкөл, Әбілдә, Досбол және Шағалалы елді мекендеріндегі 400 жеке тұрғын үй табиғи газбен жылытылады, ал қыс мезгіліндегі газ тұтыну көлемі шамамен 1,2 миллион текше метрді құрайды. Сонымен қатар, аудан бойынша 4 685 жеке тұрғын үй көмір отыны арқылы жылытылады. Бұл көрсеткіш жылыту маусымына қажетті твердь отын қорын алдын ала жасақтаудың маңызын айқын көрсетеді. Жеке тұрғын үйлерді көмірмен қамтамасыз ету мақсатында биыл 17 мың тонна көмір қажет деп белгіленген. Қазіргі уақытта аудан аумағында көмір сатумен «Искаков», «Шералиев» және «Урдабаева» жеке кәсіпкерліктері айналысуда, ал көмір тұйықтарында бүгінде 600 тонна қор жинақталған. Тұрғындардың көмірге деген сұранысын уақытылы өтеу – алдағы уақытта да басты назарда болатын маңызды міндеттердің бірі.
Жаңатас қаласының орталықтандырылған жылу жүйесіне 534 нысан қосылған, оның ішінде 109 көпқабатты тұрғын үй бар. Өткен жылыту маусымы аяқталған соң, сәуір айының 11-інен бастап жылу желілеріне гидравликалық сынақ жұмыстары жүргізілді. Аталған сынақ нәтижесінде 16 көпқабатты тұрғын үйдің желілерінен ақаулар анықталды. Мұндай кемшіліктерді суық түспей тұрып анықтау – дайындық жұмыстарының тиімділігін көрсетеді. Қазіргі таңда анықталған ақауларды жою және тұрғын үйлердің жылу жүйелерін толықтай ретке келтіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Қысқы кезеңде білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт ошақтарының жылуы үзілмеуі тиіс. Осы мақсатта әлеуметтік нысандардың отын қорын қалыптастыру мәселесіне ерекше мән берілген. Ауданда көмір және сұйық отынмен жылытылатын 78 әлеуметтік нысан жұмыс істейді, олардың жылыту маусымына жалпы қажеттілігі 8 307 тонна көмір мен 489 тонна дизель отынын құрайды. Атап айтқанда, денсаулық сақтау саласындағы 18 нысанға 1 000 тонна көмір сатып алуға 30 миллион 900 мың теңге қарастырылып, «Консоль-2020» ЖШС мердігер ретінде анықталды. Қазіргі таңда тасымалдау жұмыстары жүргізіліп, тұйыққа 700 тонна көмір жеткізілді. Мәдениет саласындағы 28 нысанға қажетті 1 147 тонна көмірге 27,6 миллион теңге бөлініп, жұмыс толығымен аяқталды. Спорт саласындағы 3 нысанға қажетті 365 тонна көмір мен 11,3 тонна дизель отыны толық жеткізілді. Ал білім беру саласындағы 29 нысанға жоспарланған 5 795 тонна көмір толығымен тасымалданып, дизель отыны бойынша да келісімшарттар жасалып, тасымал жұмыстары тәмамдалды.
Жылу қазандықтарындағы қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Осы мақсатта әлеуметтік нысандардағы 236 от жағушы операторды қыркүйектің 15-іне дейін арнайы қайта даярлау курстарынан өткізу жоспарланған болатын.
Жаңатас қаласының орталық қазандығының қысқы маусымға дайындығы – аудан үшін стратегиялық тұрғыдан аса маңызды бағыт. 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына қазандыққа 14 232 тонна мазут қажет. Мазут сатып алуға облыстық бюджеттен 1 миллиард 754 миллион теңге қаралған. Оның 578 миллион теңгесіне 4 305 тонна мазут өткен жылыту маусымының бірінші тоқсанында сатып алынған болатын. Ал қалған 1 миллиард 167 миллион теңгеге жаңа маусымға қажетті мазут сатып алу жоспарланып отыр, ал әлеуметтік мазуттың бағасы қыркүйек айында нақтыланады. Қазіргі уақытта қазандық қоймасында 2 140 тонна мазут қоры бар, бұл шамамен 31 тәулікке толық жетеді.
Жылу жүйесін жаңғырту бағытындағы ауқымды жұмыстардың қатарында қалалық қазандықты табиғи газға қосуға дайындық жұмыстары да бар. «QazaqGaz» өкілдерімен бірлесіп қазандықтың газ құбырына қысыммен тексеру жұмыстары жүргізіліп, барлық есептеу және бақылау құрылғылары тиісті сынақтан өткізілді. Жаңадан орнатылған қазандықтарды табиғи газға қосып, сынақтан өткізуге толық дайындық жасалды. Яғни, қажет жағдайда қазандықты газ жүйесіне лезде қосып, тиісті сынақтарды жүргізуге техникалық мүмкіндік бар және қалалық орталық қазандық газ қабылдауға толығымен әзір.
Қысқы кезеңді тұрақты, қауіпсіз әрі ешқандай іркіліссіз өткізу – ортақ мақсат. Анықталған кемшіліктерді дер кезінде жою, отын қорын толықтырып отыру, жылу желілерін қайта тексеру және әлеуметтік нысандардың дайындығын пысықтау жұмыстары алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек. Өйткені «қыстың қамын жаз ойла» демекші, Сарысу ауданында алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары осы қатаң ұстаныммен тұрақты түрде жалғасуда.
