Сарысу ауданы әкімі — Б.Жақсылықовтың аудан тұрғындарын Жаңа жыл мерекесімен ҚҰТТЫҚТАУЫ

Құрметті аудан тұрғындары!
Қадірменді жерлестер!

Уақыт жылжып, тағы бір жыл тарих қойнауына еніп, жаңа – 2021 жыл төрімізге аяқ басты.
Жаңа жыл – жүріп өткен жолымызға баға беріп, тың қадам жасайтын, рухани серпін беретін, жақсылыққа ұмтылдыратын, жарқын өмірге жол сілтейтін мереке.
Өткен, 2020 жыл еліміз үшін жарқын оқиғаларға толы болды. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылы 1 қыркүйекте жарияланған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын дамытуға басты басымдық берілді.
Елдің дәулеті артып, барлық әлеуметтік топтарға жасалған мемлекеттік қамқорлық бақытты өмірдің айқын көрінісін орнықтырды.
Қоғамдағы саяси тұрақтылық және халықтардың шынайы достығы біздің барлық табыстарымыздың кепілі болды.
Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы айтарлықтай өсіп, ауылшаруашығы мен өндіріс саласы жылды жақсы көрсеткіштермен аяқтап отыр. Шағын және орта бизнес өркен жайып келеді.
2020 жылы Жаңатас қаласындағы көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен көп жылдар бойы пәтер алу кезегінде тұрған 180 тұрғын жаңа пәтерге ие болды.
Ауданымызда «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы аясында — 23 нысанға, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында — 8 нысанға және «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында — 24 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілді.
Ал, келе жатқан Жаңа жыл жаңа жетістіктер мен жаңа мүмкіндіктерге жол ашсын. Жаңа Жылдан жақсылық пен қуаныш, бақыт пен мерекелік салтанат күтеріміз белгілі.
Алдағы жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы – Ыбырай Алтынсаринның 180 жылдығы және ел көлемінде қазақ халқы поэзиясының әйгілі тұлғасы, жыршы – Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы кеңінен атап өту жоспарлануда.
Осы айтулы шаралардың барлығы тарихи-танымдық деңгейінде өткізілетін болады. Баршаңызды осы атаулы мерейлі-мерекелерге белсенді ат салысып, лайықты өткізуге шақырамын.
Ардақты ағайын!
Жаңа жыл үміт пен сенімнің, шаттық пен қуаныштың жылы болсын! Сіздерге мықты денсаулық, отбастарыңызға амандық, баянды бақыт тілеймін! Жаңа жыл баршаңызға жақсылық әкелсін!