САРЫАҒАШТА РЕСПУБЛИКА КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ВЕЛОШЕРУ ӨТТІ
Республика күні мерекесі қарсаңында Сарыағаш ауданында әуесқойлар арасында велошеру өтті. Шараға Қазақстан және Өзбекстан мемлекетінің 200 велошерушісі қатысты. Оның ішінде кәсіпқой спортшыларымен бірге қарапайым әуесқойлар да бар.
Велошеру Шымкент қаласынан бастау алып, «Жібек жолы» кеден бекетінің маңында мәреге жетті. Жалпы велошерушілер 120 шақырым жолды велосипедпен жүріп өтті. Спортшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және сақтық шараларын алдын алу мақсатында жол бойы медицина және полиция қызметкерлері сүйемелдеді.
Салауатты өмір салтын насихаттаған шара «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы және ҚР Велосипед федерациясының бастауымен жылда дәстүрлі түрде өтуде. Велошерушілерді аудан әкімі Арман Абдуллаев арнайы күтіп алып, алда келе жатқан мерекемен құттықтады. Сонымен қатар Қазақстанның велосипед спорты федерациясының Президенті Раимбек Баталов, «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарушы директоры Мұратбек Маханов қатысты.
Велошерудің басты мақсаты – Қазақстан және Өзбекстан Республикасы арасындағы достық қарым-қатынастарды дамыту, нығайту және тұрғындар арасында салауатты өмір сүру салтын насихаттау.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі