Сараңдық бақытсыздыққа апарады

Әлішер Науаи «Қайтсем байлығымды бұдан да асыра аламын деген бай алтын тонға оранып отырса да, қиға қонған қоңыздай көрінбек» деп айтып өткен екен.

Жүректегі сараңдық адамды бақытсыздыққа душар етеді. Алдар көсенің замандасы болған бір патша өзінің нөкерлерінен: «Жер бетіндегі адамдардың жартысы кедей де, жартысы бай. Ендеше, айтыңдаршы, осы екеуінің қайсысының қолы ашық? Қиын сәтте бай бірінші көмек бере ме, әлде кедей көмек қолын бірінші созады ма? Осы екі топтың қайсысын сараң, қайсысы жомарт?» — деп сұраған екен. Аз-маз ойланған екі уәзір өздерінің сараңдықтары әшкере болмасын деп: «Тақсыр, әрине, бай болып көмектеседі. Өйткені ақшасы көп. Бір-екі адамға көмектескеннен, біреуге жақсылық жасағаннан оның ақшасы таусылып қалмайды ғой. Керісінше, кедей бәрін өзіме деп тыға береді. Бай жомарт, кедей сараң болады», — деп жауап береді.
Осыны естіген хан қайыршы болып киініп, ел аралауға кіріседі. Ең бірінші өзінің осы екі уәзірінің есігін қағудан бастайды. Алайда нағыз сараңдық осыларда жатыр екен. Бірі көмек сұрай барған қайыршыға итін айтақтатып қуып жіберсе, екіншісі есіктің алдына дейін тоқпақтап, сүйреп шығарады. Екі уәзірінен осылай көңілі қалып шыққан ханның басқа байлардың есігін қаққанда да жолы болмайды. Бірақ қараша киіз үйлердің егесі — кедейлер дастарқанына сандығындағы соңғы асын қойса да, қайыршы болып жүрген ханды аш қайтармайды.
Хан ең қораштау деген киіз үйдің есігін қағып: «Таң атқанша түнеуге бола ма?» — деп рұқсат сұрайды. Үйіне кіргізген кедей қайыршының алдына барын тосады. Хан кедейден қонаққа лайық құрмет көрсетіп, қой сойып, ет асуын сұрайды. Сонда кедей күмілжіп, есіктің алдындағы жалғыз қойын союға мәжбүр болады. Қайыршы: «Соңғы қойың болса, соймай-ақ бере салсаң да болады», — деп, өзімен жетектеп алып кетеді.
Ертесіне сарайға оралған хан екі уәзірін шақыртып, қызметінен кететінін және дүние-мүлкін тәркілеп, кедейлерге үлестіріп беретінін айтады. Ал жалғыз қойын қайыршыға жетектетіп жіберген кедейге «уәзірім бол» деп ұсыныс жасап, ол берген қойдың салмағымен бірдей алтын берген екен деседі.
Міне, дәл осы екі уәзір секілді сараңдығынан арылмаған пенденің бір-ақ күнде қолындағы барынан айырылып қалуы да ғажап емес. Өйткені Құдай да пендесінің пейілін сынап көруі үшін күнде өмірімізге өзгелерді жіберуде. Сынақтан сүрінбейік. Көмек сұраған жанды тым болмаса жылы сөзбен қолдайық!

Оңалсынның хатынан,

Түркістан қаласы