Сапасыз тұрғын үйлер – апатқа апарар тура жол

Мәжілісте Палата спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутат Нұрлан Дулатбеков ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдады. Біздің депутатпен әңгімеміз осы сауал төңірегінде өрбіді.

— Нұрлан Орынбасарұлы, әңгімемізді Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа жолдаған депутаттық сауалыңыздан бастасақ, қандай мәселені көтердіңіз?

— Өздеріңіз білесіздер, 2017 жылдың алғашқы күні Қарағанды облысында қайғылы оқиға орын алды. photoТөтенше жағдай 1 қаңтар күні 22.40-та болды. Шахан кентіндегі 60 пәтерлі тұрғын үйдің подъездерінің біріндегі жертөледе бу қазандығы жарылысынан 15 пәтер зардап шекті. Жойқын апат 9 адамның өмірін қиды, оның арасында 3 бала бар. Тосыннан келген бұл апат зардап шеккендерге ғана емес, барлық қазақстандықтарға оңай тиген жоқ. Ел бірігіп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, барынша қолдау көрсетті. Бүкіл қалалар мен елді мекендерде еріктілер штабы құрылып, төтенше жағдайдан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жиналды, әлі де толастар емес. Депутаттық сауалымда Үкімет басшысына осындай оқиға енді қайталанбаса екен деген ойымды жеткізуге тырыстым.

— Біздің білуімізше, Парламент депутаттары оқиға орын алған күні белсенділік танытты. Апаттың қалай орын алғанымен жіті танысқанынан хабардармыз.

— Иә, алғашқылардың бірі болып Парламент Мәжілісінің өкілдері де апат орнында болып, жағдаймен танысты. Қайтыс болғандардың отбасыларына арнайы кіріп, көңіл айтты, жергілікті тұрғындармен кездесіп, ой бөлісті, пікір алмасты. (Мәжілістің 107 депутаты арнайы ашылған есепшотқа бір күндік еңбекақысын аударды).

— Өзіңіз аралаған Қарағанды облысы әкімі мен аудан әкімдерінің жасап жатқан жұмыстарына көңіліңіз толды ма?

— Жұмыс сапары барысында Шахан, Шахтинск, Абай, Саран елді мекендерінде болдық. Әкімдермен бірге жүрдік. Әрине, сапар барысында әкімдердің жұмысымен танысып келдік. Өз ойымша, облыс әкімі көптеген күрделі мәселелерді көтеріп, олардың шешілу жолдарын да тауып жатқан секілді.

— Шахандағы оқиға — үлкен трагедия. Оның енді тағы қайталанбасына кім кепіл? Халықпен жүздесу барысында көңілге не түйдіңіздер?

— Шахан кентінде 90-жылдардан бері орталықтандырылған жылу жүйесі жоқ болып шықты. Бұл өзекті мәселенің шешілуі қомақты қаржыға келіп тіреліп тұрғанын Үкімет басшысына депутаттық сауалымда қадап айттым. Сосын біздің Қарағанды облысында болған іссапарымызда сайлаушыларымыздың, жергілікті жұрттың бізге деген өтініштері — шаһарда орталық қазандық салу жайы, зейнеткерлікке қатысты, күнделікті өмірдегі транспортқа қатысты мәселелер сөз болды. Сондай-ақ мәдениетке, өнерге қатысты да мәселелер қаузалды. Соның ішіндегі ең өзектісі — Қарағанды қаласындағы Тәттімбет атындағы өнер колледжінің проблемасы. Сонымен қоса, соңғы кездері құрылыс жұмыстарының сапасыздығына және бақылаусыз жүргізілуіне айғақ іспетті, тұрғын үйлердің, ғимараттардың, құрылыстардың құлап түсуі жиілеп кетті ғой. Осыған қатысты келіп жататын арыз-шағымдар да көп.

— Парламентке де арыз-шағым жазатындар қарасы көп болды ғой?

— Сондай көп деуге болмас, бірақ бар. Азаматтар Парламент Мәжілісіне тұрғын үйлердің құрылысы барысында жіберілетін ақаулар мен кемшіліктеріне, олардың ережелері мен сметалық нормаларының бұзылуына әкеп соғатыны жайлы арызданады. Көп жағдайларда болжам жасалған апаттардың бастапқы кезеңдерінде азаматтардан арыздар түскені белгіленген. Бірақ, өкінішке орай, бұған мемлекеттік органдар еш шара қолданбайды. Депутаттық сауалымда бұл жайлы да қамтылды.

— Халықпен жүздесу барысында ащы айтылған мәселелер болды ма? Қанша дегенмен Шахан кентінде болған қайғылы оқиға халықты ашындырмай қоя ма?

— Ел болғасын артықкем сындар айтылып жатады ғой. Бірақ бәріне мұқият қарауға тырыстық. Алайда менің депутаттық сауалда айтқым келгені мынау еді. Апат болған Шахан кентінде жертөледе орналасқан 14 қазандық бар. Елді мекендегі 20-дан астам көпқабатты үй сол қазандықтардан жылу алады. Тұрғындар оларды өз қаражаттарына тұрғызған. Бірақ халық бірнеше жылдар бойы құзыретті мекемелердің бірде-бір рет тексеріп келмегенін айтады. Мұндай мәселе облыс орталығына қанаттас шағын қалалар — Саран, Абай, Шахтинск қалаларында да болған.

— Біздің түсінгеніміз, сіздің Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалыңыз сапасыз салынып, қайғылы жағдайға ұрындырып жатқан тұрғын үй саласына қатысты болды ғой?

— Солай десеңіз де болады. Тұрғын үй саласында соңғы 10 жыл көлемінде орын алған қайғылы оқиғалар, тұрғын үй қорын салу мен пайдалануда мемлекеттік және қоғамдық бақылаудың төмендеп кеткенін көрсетеді. Ғаламтор мәліметтері бойынша, барлық шағын қалаларда апатты деп танылған үйлер бар. Бұл дегеніңіз, көрініп тұрған апат және адам өміріне төнген қауіп қой. Депутаттық сауалдың соңында 6 мәселені төтесінен қойып, Үкімет басшысы Бақытжан Әбдірұлынан осы айтылғандарды ескере отырып, бір шара қолдануды сұрадым.

1. Тұрғын үй және әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысы және оны пайдалануға мемлекеттік бақылау жасау саласында тәртіп орнату бойынша Үкімет тарапынан жоспарланып отырған іс-шаралар туралы хабардар етуді;

2. Тиісті мемлекеттік органдарға елдің жергілікті мекендеріндегі тұрғын үй қорының жағдайына сараптама жүргізу және тұрғын үйлердің қауіпсіздігін сақтауға, жылумен қамтамасыз етуге бағытталған қажетті шаралар қабылдау жөніндегі ұсыныстар дайындау туралы тапсырыс беруді;

3. «Өңірлерді дамыту — 2020» бағдарламасы бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңарту және тұрғын үй секторын күрделі жөндеуден өткізуге қаржы көздерін өсіру мүмкіндігін қарастыруды;

4. Тұрғын үй қорын ұстауға және пайдалануға қоғамдық бақылау жүргізу тәсілдерін кеңейтудің мән-маңызын, осы жүйеге тұрғын жайлардың меншік иелерінің қоғамдық құрылымдарын тартуды оқып-зерттеуді;

5. Жаңадан салынып жатқан объектілерде ҚР архитекторлық-құрылыс заңнамасының талаптарының орындалу барысын қадағалайтын барлық құзіретті органдарды тексеруді;

6. Сапалы әрі қауіпсіз баспанамен қамтамасыз етуде заңнаманы жетілдіруді сұраймыз», — дедім.

— Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК