САМАРҚАННЫҢ КӨК ТАСЫ

Көктемнің наурыз айында жер дүниенің буынын босатып, қара тасты да ерітетін Құдайдың құдіреті шексіз ғой. Осы Самарқанның көк тасы дегенге кез келгеннің қолы жете бермейді екен. Көк тасты алу үшін күн-түн демей күзететін көрінеді. Тастың балқып еритін уақытын дөп басып ешкім айта алмайды.
Ертеректе осы өзіміздің Созақ өңірінен Құлбай деген жігіт барыпты дегенді қариялар әңгіме арасында айтып отыратын. Сол Құлбай Самарқанға екі сапарлап жолы болмапты. Үшінші мәрте тәуекелге бел буып, жөн білер деген кісілерге еріп тағы шығады. Марқұм болған әкесінің басына көк тас қоймақ болған жігіт осы жолы мықтап дайындалып шығады.
Наурыз айының ортасы ауа барып, тастың жібитін уақытын аңдып жатып алады. Білетіндердің айтуына қарағанда, көк тас бір сәтке ғана ериді де, қайта қатады. Сол уақытта өткір қанжармен ойып алып үлгеру керек екен. Ал еритін уақыты күндіз бе, түнгі мезгілге тура келе ме — белгісіз.
Енді Құлбай күндіз-түні кірпік қақпай, тастың балқитын уақытын күтіп жатады. Үшінші күн дегенде көк тас ысығандай болады. Сол уақытта неше күн ұйықтамай, әбден қалжыраған Құлбай да қалғып кетеді. Тасты балқытқан құдірет адамның да буын-буынын босатып жіберетін болса керек. Бір сәтке ғана қалғып кеткен Құлбай көзін ашқанда, қолындағы қанжары көк тасқа жартылай қадалған күйі қатып қалған екен дейді.
Осылайша, Самарқаннан тағы да жолы болмай, салы суға кеткен жігіт елге оралыпты деседі.
Айдар ТЕМІРБЕКҰЛЫ
СЫРЛЫ СОЗАҚ