”Салауатты ата-ана мәдениеті” байқауы

Адамзатты тәрбиелеу өте ұзақ және күрделi процесс. Жеке бастың қалыптасуы, оның рухани жағынан дамуы бала кезден бастау алады. Жас шыбық иiлуге қандай икем болса, бала да тәрбиенi қабылдауға сондай бейiм.
Отбасы тұлға қалыптастырушы бесік. “Азамат қалыптастырамын десең, бесігіңді түзе” – деп, ұлы ғұлама М.Әуезов бекер айтпаған.
Қазіргі отбасы тәрбиесіндегі басты нысана баламен рухани үндестік пен үйлесімділікке ұмтылу, ата-баба мұрасын сақтауға ұмтылу, халықтың тәлімдік мұрасын сақтауға көңіл бөлу, туыстық, отбасылық қатынастарды бала кезінен қалыптастыру.
Ұрпақ тәрбиелеу – ұлы міндет. Ұлы істер әрдайым жанкеш­тілікпен келері сөзсіз.
«Баланың бас ұстазы – ата-ана» екені әуел бастан мәлім дүние болса да, оларға тәрбие берумен емес, тіршілігін түгендеумен айналысып кеткен ата-ана жауапкершілігін сезінуі керек.
Осы мақсатта бүгін Жамбыл облысы білім басқармасының тапсырысымен «Салауатты ата-ана мәдениеті» тақырыбындағы ата-аналар арасында аудандық байқау өтті.
Байқауға қатысушылар «Сәлем түзелмей, әлем түзелмейді» , «Гаджетке тәуелділікті тоқтату жолдары», «Отбасында баланы еркелету сәті» , «Сегіз қырлы, бір сырлы» , «Туған жерге тұғырыңды тік» , «Салауатты ата-ана мәдениеті» блиц сұрақ-жауап тақырыптарында бақтарын сынады.
Байқау барысында ата-ана мәдениеті, құқықтық сауаттылығы дегенді әр ата-ана қалай түсінеді, құндылықтарға не жатады, оны қалай отбасында қолданып жүр, ата-ананың бала тәрбиесіндегі міндеттері тақырыбынан алынды.
Байқау тартысты да қызықты өтті. Байқау соңында жеңімпаздар марапаттап, сыйлықтар табыс еттік.
Бүгінгі қоғамдағы жағдай – кешегі ата-ананың жемісі. Сондай-ақ бүгінгі ата-ананың тәрбиедегі еңбегі – ертеңгі жаңа қоғамның көрінісі.
Атам қазақтың «Не ексең, соны орасың» деген сөзінің сыры осында жатыр.
Сондықтан «ата-ана» деген ұғымның қадірін арттырып, олардың саналы, салиқалы болуы жолында талай игі істерді ата-аналармен бірлесе атқаратын боламыз.
Маңызды мәселелердің мәйегін тарқатқан байқауда ата-аналар тарапынан айтылған ой-пікірлерден олардың бала тәрбиесіндегі олқы тұстар мен кемшіліктерге деген алаңдаушылықтары анық байқалды.
Өзара пікір алмасып, мамандармен ой бөліскен ортаның мұң-мұқтажы да тыңдалды.
Көкейіндегі көп мәселенің тарқауына арқау болған байқаудың өткеніне ата-аналардың айтар алғысы шексіз.
Алдағы уақытта бірлесе отырып бала тәрбиесі мен отбасы құндылықтарына қатысты талай түйткілдің түйінін шешетініне бек сенеміз.
Жақсы дүниені тап басып танып, ата-аналар назарына ұсынып, осы бағытта бірлесе жұмыс істеуге шақырған білім саласының ұжымына да дән риза болғандарын айтып жатты.
Мақсат Арапұлы Қазанғапов, Талас ауданы білім бөлімінің басшысы