Сайыс алаңында – болашақ дәрігерлер

Жамбыл жоғары медициналық колледжінде «Анатомия және физиология үздігі – 2023» республикалық кәсіби конкурсы өтті. Болашақ медбикелердің анатомия мен физиология пәні бойынша теориялық және практикалық білім деңгейін тексеретін дәстүрлі байқау денсаулық сақтау саласындағы қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында ұйымдастырылды.

Студенттердің кәсіби шеберлігін бағамдап, логикалық ойлауын тексеретін сайыста 15 команда бақ сынады. Іс-шараның ашылу салтанатында сөз алған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова:

– Медицина саласы – адамзаттың әл-ауқаты үшін өте маңызды. Заманауи технологиялардың арқасында бұл салада күн сайын жақсы жаңалықтар жарияланады. Біз көптеген ғалымдардың адамзаттың игілігіне өте көп үлес қосқанын білеміз. Сіздер сол медицина саласындағы ғалымдар мен мамандардың ізбасарларысыздар. Медицина – күрделі де қызықты сала. Бұл мамандық басқа мамандықтар орнын алмастыра алмайтын, адамның үлкен жауапкершілігін талап ететін сала. Байқауға қатысу – тың ойлауды, ерекше шығармашылық көзқарасты білдіреді. Батыл болыңыздар және жаңа биікке ұмтылыңыздар, – деді.

Сайыс кезеңдері тыныстыру, электронды кітап дайындау, виртуалды құпия жәшікпен жұмыс, тест тапсырмаларын орындау және Пироговтың анатомиялық үстелінде ұсынылған бұлшықеттердің сипаттамасы сынды тапсырмалардан тұрды. Байқау қорытындысы бойынша жүлделі үшінші орынды Атырау жоғары медициналық колледжі «Энцефалон» командасы мен Түркістан жоғары медициналық колледжінің «Genesis» командасы алды.

Екінші орын Алматы жоғары медициналық колледжінің «T-киллер» командасына, бірінші орын Талдықорғаннан келген «7su anatomdary» командасына бұйырды. Ал бас жүлдені Шымкент қаласынан келген «Atlas» командасы иеленді.

Нұргүл ҚАНАТБЕКҚЫЗЫ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің

4-курс студенті.