Садақаны сауыңда бер

Оның әңгімесін осыдан қырық жыл бұрын естіген едім. Ал кейінірек жақын танысып, әңгімесін нақ өз аузынан тыңдадым.

Жүсіп дәулетті отбасында дүниеге келіпті. Әкесі өте қарапайым, кішіпейіл кісі болса керек. Сонша байлығына қарамастан, дүниенің соңына түспей қашанда қайрылғанға қол ұшын беруге дайын жүреді екен.

Жүсіптің айтуынша, оның бес жасар ес біліп қалған кезі болса керек. Олардың үйлерінің тұсына бір қарт кісі келіп, әлгі жерді тұрақтай бастапты.

Бұны байқаған Жүсіптің әкесі ол кісінің азық-ауқатын өз мойнына алмақ боп, онысын қызметші арқылы жібертсем ренжір деген оймен кішкене Жүсіп арқылы жіберіп тұруды жөн санапты.

Жүсіп әуелгіде жүрексінгенмен, келе-келе бұл әдеті өзіне ұнапты. Әлгі бейбақ қартпен отырып әркез әңгіме дүкен құрудан жалықпай, қайта соның айтқан әрбір сөзі бала жүрегінен терең орын алыпты.

Әлгі қарт бір күні: – Жүсіп, саған бір түйе жасайын ба? – деп сұрағанда, оған жоқ демек түгілі Жүсіптің есі кете қатты қуанады. Қарт бірақ бір шарты бар екенін айтыпты:

– Ол үшін сен үйдегілердің өзіңе беріп тұратын тәтті-пәтті, жүзім,жаңғақтарынан бір бөлігін үзбей маған әкеліп тұр. Бірақ маған әкелетіндерің тек саған ғана тиесілі берілгендер болсын, басқаларға тән нәрселерден әкелсең, түйең жасалынбай қалады.

Мұны әрі ешкім сезуші болмасын, – депті нықтап. Бұл істің жасырын болатындығы Жүсіпті тіптен қызықтырады. Өрік-мейізін әр әкелген сайын:

– Ата, қалай, түйем жасалып жатыр ма? – деп сұрап, кейуана қарттан «әрине» деген жауап естіп, көңілі көкке бір елі жетпей қалатын, өйткені әр әкелген өрік-мейізі арқылы түйесінің денесі мен мүшелері жасалуы керек-ті.

Күнді күн қуалап, Жүсіптің әбден мезі болып, тағаты таусыла бастаған кезінде көптен күткен қуанышты хабары да келіп жетеді: – Жүсіп, түйең жасалды.

Тек көздері де тамамдалу үшін екі мейіз әкелсең болғаны. Бойын кернеген қуаныштан көрер таңды көзбен атырып, түнде ертемен дайындап қойған мейіздерін ала сап, таң ата Жүсіп қартқа жүгірді.

Алайда қуанышы қойнына сыймай келгенде, қарт күркесіне жете бере бар көңіл-күйі су сепкендей басылды, өйткені қарт байғұс осы түнде көз жұмыпты.

Бар жаназа рәсімін әкесі атқарып, егіле жылаған кішкене Жүсіп ең жақын адамының бірінен айырылғандығына әлі де сенбеген күйде еріксіз қарияны ақтық сапарына шығарып салды.

Қарт денесі жерге берілген соң әне-міне дегенше 12 жылдай уақыт өтіп, Жүсіп баяғы балалығынан арылып, есейіп жігіт болды. Алайда бір күні аяқ асты жабысқан өкпе қабынуы мен шизофрения ауруынан мұрттай ұшып, төсекке таңылды.

1910 жылдар болғандықтан, әлі бұл аурудың емі табылмаған кез. Ауру әбден дендеп, асқынғаны соншалық – Жүсіптің әкесі байлығын шашып, сонау Парижге дейін қаратса да түк ем қонбайды.

Бірте-бірте өлім қаупі күшейе береді. Қайда апарса да, еститін жауабы бір ғана: – Бұл – әлі емі табылмаған ауру. Мүмкіндіктеріңіз болса, Жүсіпті Ыстамбұлдағы Психикалық ауруханаға жатқызып, арнайы күндіз-түні бақылаушы жалдаңыз, – болыпты.

Дәрменсіз әке байғұс жаны қалмай, айтылғандардың бәрін түгелімен орындайды. Күтушісіне де жақсы айлық төлеп тұрады.

Бірақ, өкінішке қарай, Жүсіпте жақсару нышаны байқалмай, күннен күнге нашарлаған дене әбден әлсіреп, құр сүлдері ғана қалады. Ауруханаға келгеніне тұп-тура алты айдан кейін Жүсіптен үміт үзген дәрігерлер «Балаңыз хал үстінде» деп әкесіне телеграмма жібереді.

Бұдан кейінгі оқиғаны Жүсіптің өзі былайша әңгімелейді: «40 °С-тан жоғары дәрежеде қызуым көтеріліп, денем күйіп-жанып, өртеніп қатты қиналып жаттым.

Бір уақытта қарасам ұшы-қиырсыз шөлге тап болыппын. Шыжыған күннің астында, қызған құмның үстінде жан шыдатпас аптап ыстықтан өліп барам.

Бір тамшы суға зар болып, осы жолы демімнің үзілетіндігіне әбден көзім жетіп, қоштаспақ ниетпен көкжиекке соңғы рет бір көз тастағаным сол еді, о тоба, өз көзіме өзім сенбедім.

Баяғы бала кезімдегі қарт бір түйені маған қарай жетектеп келеді екен. Әбден жақындағанда: – Жүсіп, балам! Түйең дайын, міне ғой, – деді.

Жатқан жерімнен қарт көмегімен әрең дегенде түйеге мінгенімде, шөлдегенім де, бойымдағы бар ауруым да ұшты-күйлі жоғалды. Сол сәт көзімді ашып:

– Мен қайда жатырмын? – деппін. Маңайымдағы дәрігерлер менің сауыққаныма түк те сенбепті. Өйткені мен бойымды меңдеген бір емес, барлық ауруымнан да құлан-таза айығыппын.

Мен өмірге қайта келгендей едім». Жүсіп басынан өткен осы оқиғаны әңгімелеп отырып, селкілдеп қатты жылады: – Көкірегі ояу, көзі ашық қартым-ай, – деді әлден уақытта күрсініп, – менің басыма келетін осындай қиын істі күні бұрын сезген екен ғой.

Маған тиесілі өрік-мейізді әкелткізгеніне қарағанда, оларды менен садақа ретінде қабылдаған екен.

Сірә, «Садақа өмірді ұзартады» деген хадис ұғымымен жасаған сияқты. Сол үшін тек маған тиесілі мейіздерді ғана қалап, сауабын маған бағыштап отырыпты…

“Садақаны сауыңда бер”- деген. Біз көбінесе басымызға іс түскеннен кейін жеті шелпек тарқатып,садақа беріп жатамыз.

Ал,сол садақамызды алдын ала берсек, келе жатқан бәленің басын қайтаратынын біліп жүрейік достар. Садақаларыңыз қабыл болсын.

Ардақты Камак

Мақсат Сқақовтың фейсбук парақшасынан

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған