Сабыр Адай шақырады

Жүрегіңе ұяласын жолбарыс

Жолбарысша тал бойыңда бар намыс!

Әрбір қазақ сенің туыс егізің,

Түркі, Тұран сенің асыл негізің.

Сен өйткені, қазақсың ғой бауырым!

Ержүрек ел езді көрсе жерінер,

Бабаң – батыр, анаң – ақыл тегін ер,

Сен өйткені қазақсың ғой бауырым!

Елің үшін еш дұшпанға табынба,

Сатқындық жоқ сенің ата қаныңда

Жарты малта жанға қуат, түн қатқын,

Ер алашқа атамекен қымбат тым.

«Отан – ана, Отан – ана» – деп өсірді арысым,

Ал арысы қорғайды ел намысын.

Қасарысса қанына қан басқаның,

Құшақ ашса, достық мәңгі дастаның,

Сен өйткені қазақсың ғой бауырым!

Ойың – мұхит, көңілің – көл, ісің- құт,

Кем емессің ешкімнен де, күшің нық.

СЕН ҚАЗАҚСЫҢ, СЕН ҚАЗАҚСЫҢ, ҚАЗАҚСЫҢ

САБЫРЛЫСЫҢ, САНАЛЫСЫҢ, АЗАТСЫҢ,

Күндеушінің көздерінен қан ақсын!

Сен қазақсың, сен өйткені қазақсың ғой бауырым!

©САБЫР АДАЙ

 17 мамыр күні «Әр қазақ-менің жалғызым» дегені бар қазақтың ұранына айналған, маңғыстаулық белгілі ақын, Президент сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сабыр Адайдың «Алтынзер» атты жыр кеші өтеді.

Өтетін орны: Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театры, сағат 16:00.

img-20170504-wa0003

Сабыр Шеркешбайұлы 1960 жылы 30 қыркүйекте дүниеге келген. Алматы эстрада-цирк өнері студиясының күй класын және Орал педагогикалық институтының филология факультетін тәмамдаған.

Сабыр Адайдың өлеңдері негізінен жас ұрпақты Отанды, елді, жерді сүюге бағыттап, патриотизмге тәрбиелейді.   

«СЕН ҚАЗАҚСЫҢ, СЕН ҚАЗАҚСЫҢ, ҚАЗАҚСЫҢ

САБЫРЛЫСЫҢ, САНАЛЫСЫҢ, АЗАТСЫҢ,

Күндеушінің көздерінен қан ақсын!

Сен қазақсың, сен өйткені қазақсың ғой бауырым!», деген өлең жолдарынан оның әр қазақты қаншалықты жақсы көретіні байқалады. Осы өлең жолдарынан бар қазақтың бойынан ұлттық намысты, рухты оятқандай.

Сабыр Адайды халқы сыйлайды, құрметтейді. Оның шығармашлығы қашанда жоғары бағасын алып отыр. Оған оның марапаттары дәлел.

Ақын марапаттары:

1987 ж — Бүкілодақтық халық шығармалық фестивалінің лауреаты

2001 ж — Қазақстанның соңғы 200 жылдағы таңдаулы елу ақыны шығармаларының алтын қорына енгізілді

2003 ж — Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

2003 ж — Халықаралық ЮНЕСКО-ның аясында өткен Махамбет Өтемісұлының 200 жылдық мерейтойы қарсаңындағы әдеби шығармашылық байқауының жүлдегері;

Поэзия номинациясы бойынша -Халықаралық Махамбет сыйлығының лауреаты

2003 – 2006 жылдары өткен республиканың ақындар айтысының жеңімпазы. Ақтауда Қашаған ақынның, Ақтөбеде Есет батырдың, Әбубәкір Кердерінің, Байғанинде Асау-Барақтың, Оралда Сырым батырдың, Шымкентте Үш бидің (Ордабасы), Көкшетауда Абылай ханның тойларында және Орта Азия – Қазақстан ақындарының айтысында жүлделі орындарға ие болған.

2005 ж —  Бейнеу ауданының құрметті азаматы;

2006 ж — Президент сыйлығының иегері;

2007 ж — Маңғыстау ауданының құрметті азаматы;

Ақын шығармашылығы:

«Таңғы нөсер» атты өлеңдер жинағының авторы

«Кетемін көкке жұлдыз боп» атты өлеңдер жинағының авторы

«Жұмбақ түннің жылуы» атты өлеңдер жинағының авторы

«Әр қазақ – менің жалғызым» (2002) атты өлеңдер жинағының авторы.

«Қазақстан — Жалғыз Ұлы Қазақтың» атты өлеңдер жинағының авторы

«Серттесу» (Таңдамалы) атты өлеңдер жинағының авторы

«Алтынзер» (Ұлт пен Ұл) — (2016) атты өлеңдер жинағының авторы

Айман Оңғарбайқызы,

Ақтау қаласы