САБЫР АДАЙ – 63 ЖАС

Бүгін – елімізге танымал ақын, қоғам қайраткері, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Сабыр Адайдың туған күні.

Сабыр Шеркешбайұлы Адай – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2003), Махамбет атындағы халықаралық сыйлықтың иегері (2006), Президент сыйлығының (2006), «Құрмет» орденінің иегері (2017), Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты (2021). Жарық көрген кітаптары: «Таңғы нөсер», «Кетемін көкке жұлдыз боп», «Жұмбақ түннің жылуы», «Әр қазақ – менің жалғызым», «Қазақстан – жалғыз ұлы қазақтың», «Қарапайым қағидалар», «Серттесу» (таңдамалы), «Алтынзер», «Нәзира», «Уыз ана», «Ер Жалау», «Мырзалы Хан».

Ақынды туған күнімен құттықтай отырып, деніне саулық, отбасына амандық, шығармашылығына табыс тілейміз!

Құрметпен, Жазушылар Одағының Маңғыстау Филиалы

МЕНІҢ ЕЛІМ – МЕНДІК ОЙДЫҢ АСЫЛЫ

Не жазбағы бар дейсің бе мұның да.
Тонды пішсең, сырттан пішпе ғұмырда.
Дүниеге ат ойнатқан ел едік,
Бұл қазақтың кім жоқ дейсің ұлында.

Əр жусанның өз түбінде сыры бар,
Əр дəуірдің өз күнінде жыры бар.
Əр халықтың хақысы бар Ер тумақ,
Əрбір таудың өз биігі, шыңы бар.

Мендік елді мен танимын бастысы!..
Əрбір қазақ – бір Алланың ақ құсы.
Əр халықтың кеудесінде намыс бар,
Ешкім келмес табан асты жатқысы.

Менің Елім – Мендік ойдың асылы!
Бұла сезім буырқанды, тасыды.
Апанында мен бір жатқан көкбөрі,
Əлдекімнің деп жүрмеңдер жасығы!

ҚАРАКӨЗ-ЖЫР

Өлең қосып басымызды – жырладық,
Атасы бір, анасы бір, бір халық!
Бір түп ағаш секілденген жапанда,
Жалғыз-жалғыз жан кешеміз ырғалып.

Тамырым бір, тағдырым бір – ұлығым,
Жүрегіңнен естіліп-ақ тұр үнің.
Күміс жалын күнмен тарап, ай тұяқ,
Өлең болып келді саған құлының.

Маңдайымнан сыйпа менің, аймала,
Өз ұлың ғой – өз тілекшің қайда да.
Сені жырлау – менің жалғыз арманым,
Тұсау салма, шідерлеме, байлама!

Өз құлының сендік арды даулайды,
Сары самал, жел боп есіп саулайды.
Сен жатсың ба, өрісімді өгейлеп,
Қаракөз-жыр қазағымнан аумайды!

ҚАСҚЫРДЫҢ СОРЫ

Бөксесін заман күйлетпек,
Көк бөріні-ай сүйреп кеп,
Атасыз анау көп итке,
Талатып ерді үйретпек.

Талап та жатыр таңсыққа,
Əлде бір, төбет, қаншық па.
Байлапты есіл бөріні,
Аунатты иттер шалшыққа.

Шаттанды шулап үрісті,
Иесі иттің күлісті.
Көкбөрі жалғыз итің көп,
«Көптің ісі дұрыс-ты»

Жабыла талап арланды,
Қыңсылап иттер зарланды.
Өлтірді бөрі бір итті,
Өлгенше бəрі таң қалды.

Байлауда бөрі алқынды,
Қуаты иттің сарқылды.
Əділет болса майданда,
Көрер ем сенің артыңды.

Жалғыз да бөрі жан берді,
Жабылған иттер қан көрді.
Көкбөрі тектес ерлерім,
Иттерден қорлық сан көрді.

Көңілге мұнар орнап жүр,
Көзімді бұлт боп торлап жүр.
Киесін өзі қолымен,
Талатып итке қорлап жүр.

Біріксін ерлер алысса.
Жаманмен жалғыз табыс па.
Иттердің бағы – арсыздық,
Қасқырдың соры – намыста!

СЕН – ҚАЗАҚСЫҢ…

Жүрегіңе ұяласын жолбарыс
Жолбарысша тал бойыңда бар намыс!
Әрбір қазақ сенің туыс егізің,
Түркі, Тұран сенің асыл негізің.
Сен өйткені, қазақсың ғой, бауырым!
Ержүрек ел езді көрсе жерінер,
Бабаң – батыр, анаң – ақыл тегін ер,
Сен өйткені қазақсың ғой, бауырым!
Елің үшін еш дұшпанға табынба,
Сатқындық жоқ сенің ата қаныңда
Жарты малта жанға қуат, түн қатқын,
Ер алашқа атамекен қымбат тым.
«Отан – ана, Отан – ана» – деп өсірді арысым,
Ал арысы қорғайды ел намысын.
Қасарысса қанына қан басқаның,
Құшақ ашса, достық мәңгі дастаның,
Сен өйткені қазақсың ғой, бауырым!
Ойың – мұхит, көңілің – көл, ісің- құт,
Кем емессің ешкімнен де, күшің нық.
СЕН ҚАЗАҚСЫҢ, СЕН ҚАЗАҚСЫҢ, ҚАЗАҚСЫҢ
САБЫРЛЫСЫҢ, САНАЛЫСЫҢ, АЗАТСЫҢ,
Күндеушінің көздерінен қан ақсын!
Сен қазақсың, сен өйткені қазақсың ғой, бауырым!

КӨЗДЕР

Кім қалайша көреді екен өздерін,
Құмарлықтан мен де шыдап төзбедім.
Ар жағынан азу шықты ақсиған,
Суретімнің сүртіп едім көздерін.

Қандай қырсық мынау іске бастаған,
Бір көргенге сияқты едім жақсы адам.
Ортам ойшыл жандар еді мейірімді,
Көзіме кім азу тісін тастаған?

Барлығы да айлаларын асырып, …
Ар-иманға жатқандары бас ұрып.
Жайылады гүл-құшақтар көшеде,
Көздеріне азу тісін жасырып.

Өз буыма өзім есте піскенім,
Өзгелерге білмедім не істедім?..
Айтпадыңдар неге маған ертерек,
Көздерімнің қан-қан болған тістерін?!

#СабырАдай