Сәбидің санасымен санас!

Адамның миы 1,4 млрд. жүйке жасушаларынан тұрады. Сәбилерде оның көп бөлігі әлі әрекет етпейді. Жүйке жасушалары даму барысында өз араларында көпір секілді байланыс пайда болады, бұл бір бейне қол ұстасқан көп бала сияқты. Осы байланыстар арқылы адам еске түсіреді, зейіні жұмыс жасайды. Ал осы жасушалардың белсенді жұмыс істейтін кезеңі — сәби туғаннан 3 жасқа дейін. Сол уақыт аралығында әлгі байланыстардың 80%ы пайда болады. Осы байланыстар адамның ары қарайғы өмірлік қабілеттерінің іргетасы іспетті. Сезім, ойлау, логика, шығармашылық, креативтілік, өнер секілді қасиеттер сол байланыстар базасының мықтылығына қарай дамиды. Қысқаша айтқанда, алғашқы үш жылда баланың тәрбиесі мен дүниетанымына мықты іргетас орнатпаса, онда әлгіндей қабілеттерді алып кетуі қиын.

«Бір жасқа дейінгі бала 50-ден астам адамның түрін ажырата алады», — дейді жапон зерттеушісі Масару Ибука. Оны өзіміз де байқауға болады. Әке-шешесінен басқа адамдар қолға алғанда мазасызданып, жылай бастайды. Баланың бұл қабілеті ойлау арқылы емес, интуиция арқылы жүзеге асады. Яғни, бір көргенін ұмытпайды. Үлкендер бұл қабілетті әлдеқашан жоғалтып алған десек болады, себебі ешқайсымыз бір жылдың ішінде елу адамның бетбейнесін толық жаттап, ажырата алатындай тұстарын есте сақтай алмаймыз.

Сәбилер «қиын» немесе «оңай» деген ұғымды әлі білмейді. Біз, үлкендер, оларға «Моцарттың музыкасы мына бір жастағы сәби үшін тым күрделі, қиын» деп бағалауымыз мүмкін. Ал бала қиын не оңай деген түсінікті әлі ұқпайды. Сондықтан ол ағылшын тілі не қытай тілін, балаларға арналған ән немесе Бетховеннің симфониясын бірден қабылдай береді. Бір нәрсенің оңай не күрделі екенін біз біліміміз арқылы білеміз. Пикассоның салған суреттерін қарап отырып: «Пах! Неткен тамаша!» — деуіміз мүмкін, себебі оның авторын немесе бағасының қандай екенін білеміз. Ал сәбилер алдауды білмейді, егер бір нәрсе оның назарын толық аударса, демек оның қызық болғаны. Сәбилер цифрдан гөрі, жануарды тез жаттап алады. Қазір теледидардан беріп жүрген «Таңғажайып адамдар» бағдарламасында Белла Девяткина деген төрт жасар қыз әлемнің ең танымал жеті тілінде еркін сөйлейтінін ел алдында көрсетті. Шешесі қызына жанжануардың, түрлі-түсті жемістердің суретін көрсете отырып, әр тілді ойын ретінде үйреткен. Нәтижесінде қарапайым қыз зейінін жоғары деңгейге жеткізіп, мықты полиглоттардың өзін шаң қаптыратын деңгейде. Бұның мәні мынада: сәби заттың бейнесін жаттап алады. Оларда үлкендер сияқты затты талдау, қорытынды шығару деген функция әлі дамымаған.

Құрметті ата-ана! Егер сәбиіңіз бір затқа қызығушылық тудырса, бояу қаламмен сызып ойнаса, фигуралардан бірнәрсе құрап жатса, оның ойынына кедергі жасамаңыз. Сіздің көз алдыңызда шашылып жатқан ойыншықтар тұруы мүмкін, ал баланың әлемінде үлкен ғажайып сценарийлер жүріп жатады. Қандай ойыншыққа, ойынға құмар екендігіне қарай, балаңыздың қандай салаға икемділігін сәби кезінен біле аласыз.

Мирас Кесебаев