СҚО әкімі жұмыссыздықпен жеке «күресіп» жүр ме?

Петропавл қаласында кезекті бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Солтүстікқазақстандықтарды жұмысқа орналастыру барысымен өңір басшысы Ерік Сұлтанов жеке танысты. Бұл туралы «ЕлАна» СҚО әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Бұл жәрмеңкеге қала және облыстың кейбір аудандарынан 38 кәсіпорын қатысып, екі қолға бір күрек таппай жүрген тұрғындарға жалпы саны 471 бос жұмыс орындарын ұсынды. Аталған жәрмеңкеде жұмыс іздеп жүрген 500 адамның төбесі көрінді. Ағымдағы жылы өткізілген бос жұмыс орындары жәрмеңкелері жөнінде облыс әкімі Ерік Сұлтановқа Петропавл қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлмира Жәкенқызы баяндап өтті.

dsc_4333

Облыс әкімі бос жұмыс орындарын ұсынған жұмыс беруші компаниялардың қызметкерлерге қоятын  талабын және ұсынылатын жалақы мөлшері туралы сұрады. Ерік Сұлтанов жұмыс берушілерге тәжірибесі бар қызметкерлермен қатар,  жас мамандарды да қызметке тартуға ұсыныс білдірді.

dsc_4371

«Тәжірибесі жоқ маманды алып, үйреткен дұрыс, бұдан бөлек, жалақысы да жақсы болуы қажет. Мысалы, инженердің жалақысы 100 мыңнан кем болмауы керек. Сонда ғана жақсы маман, соған сәйкес жақсы технология болады»,- деп облыс басшысы баса айтты.

Жыл басынан бері облыста барлығы 8 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізілді. Онда 134 кәсіпорын мен түрлі ұйымдар 1671 бос жұмыс орындарын ұсынды. 

dsc_4325

Бос жұмыс орындарының жәрмеңкелеріне қатысу арқылы 341 адам жұмыспен қамтылса, олардың 73-і тұрақты жұмысқа орналасқан. Ал, 42-і уақытша қоғамдық жұмыстарға тартылса, 7-і әлеуметтік жұмыс орындарына алынды. Тағы 21-не қайта даярлау курстарында оқуға жолдама берілді.