Рухани құндылықтарды дәріптеген апталық
23 сәуір –Ұлттық кітап күні. Осы атаулы дата аясында Батыс Қазақстан облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапханасында мәдени-рухани іс-шаралар кеңінен ұйымдастырылды.
Кітап – адамзаттың сарқылмас рухани қазынасы. Құнды қазынаның қадірін арттырып, оқырмандардың кітап оқуға деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында аталмыш арнаулы кітапханада бір апта көлемінде Ұлттық кітап күніне арналған іс-шаралар оздырылды.
Апталық іс-шара «Кітап білім шыңына жетелейді» атты ашық есік күнімен басталды. Ашық есік күніне облыс орталығындағы Сервис және жаңа технологиялар колледжі, Орал политехникалық колледжі, Орал «Сервис» технологиялық колледжінің студенттері қатысты. Шараның «Жарқын жүрек, жылы лебізбен» атты кезеңінде студент жастар үшін кітапхана бөлімдеріне саяхат ұйымдастырылды. Сонымен қатар «Тифлоқұралдар әлемі» көрмесі мен «Брайль алфавитін таны» бұрышындағы зағип жандарға арналған оқу және жазу жүйесі таныстырылды. Мұнда жастар түрлі танымдық ойындарға қатысып, брайль алфавиті мен жүйесі туралы білімдерін толықтырды. Сондай-ақ оқырмандардың кітап оқуға деген қызығушылықтарын ояту бағытында «Пайдалы лайфхактар» тақырыбында кеңестер берілді. Ашық есік күніне қатысушылар жасанды интеллектінің көмегімен дайындалған «Әдеби әлем» тақырыбындағы ұлттық әдебиетімізге қатысты түрлі тапсырмаларды орындауға да белсене атсалысты. Ал «Пікірлер палитрасы» алаңында жастар өздерінің кітап оқу туралы ой-пікірлерін ортаға салып, шарадан алған әсерлерімен бөлісті.
Кітаптың қоғамдағы маңызын арттыруды мақсат тұтқан апталық «Өлке тынысы – жыр үні» атты әдеби кешпен жалғасты. Арнаулы кітапхананың оқырмандары қатысқан шарада «Ақжайықтың әдеби шыңдары» деген тақырыпта кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге кітапхананың кітап қорындағы өңіріміздің ақын-жазушыларының арнаулы форматтағы әдебиеттері қойылған. Сонымен қатар облысымызға танымал Мұнайдар Балмолда, Талап Таймасұлы, Асантемір Қаршығаұлы секілді қаламгерлердің «Абадан», «Тоғыс», «Шідерлі шер» атты аудиокітаптары бойынша дайындалған буктизер (үзінділер келтіру арқылы оқуға тартуға, қызықтыруға бағытталған жарнамалық әдіс) көрсетілді. Бұдан әрі Қадыр Мырза Әлі, Қайрат Жұмағалиев, Ақұштап Бақтыгереева, Дариға Мұштанова, Ғайсағали Сейтақ және басқа да жерлес ақындардың өлеңдеріне кезек берілді.
Ұлттық кітап күніне арналған апталық аясында облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапхана ұжымы «Ашық аспан астындағы кітап әлемі» атты әдеби алаң және «Кітап әлемі – ғажап әлем» тақырыбында кітапханалық прайм-тайм өткізді. Ал апталық шараның соңғы күндерінде аталмыш кітапхана «Ұлттық кітап күні – руханият мерекесі» атты кітап фестиваліне қатысты.
Облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапхана директоры Марфуға Айтқалиеваның айтуынша, бұл руханият ошағы 2300-ден астам оқырманға кітапханалық қызмет көрсетеді. – Кітапханамызда 50 мыңнан астам кітап қоры бар. Кітапхана қорында Брайль кітаптары/нүктелі-бедерлі қаріп түріндегі әдебиеттер, дыбыстандырылған әдебиеттер, аудиокітаптар, бедерлі графикалық құралдар, жайпақ баспа қаріп түріндегі кітаптар жинақталған, – дейді Марфуға Кеңесқызы.
Ұлттық кітап күніне орайластырылған іс-шаралар барысында оқырмандар кітап – рухани байлыққа бастайтын жол екенін тағы бір мәрте сезінді. Бұл өз кезегінде сарқылмас қазынамызға деген құрмет пен қызығушылықты күшейте түседі деген ойдамыз.
Ләззат ҚАЖЫМОВА
Батыс Қазақстан облысы




