Рухани бай-Әбілда ауылында ат әбзелдерін жасайды.

 

Тірлігі мен бірлігі жарасқан Әбілда ауылында соңғы 5 жылда қылмыстық іс тіркелмеген, атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жұмыссыздар тіркелмеген. «Үздік ауыл» жобасы байқауының облыстық кезеңіне таңдалып алынған Әбілда ауылында өтетін іс шаралар жоспары бекітілді.
Жоспар екі кезеңге бөлінген. 1 кезеңде-ауылдың инфрақұрылымын дамыту, 2 кезеңде-қазақы құндылықтарымызды тірілту, ұлттық салт-дәстүрімізді қайта жаңғырту шараларының тізбегі жасалған.
Адамның басты мақсаты – өз ұлтының, өз жерінің мәдени ұстындарына сүйене отырып, өз бойындағы қасиеттірді дәйекті де тұғырлы етіп тәрбиелеп, жүзеге асыру. Мәдениеттің негізгі қайнар көзі, өзегі салт-дәстүр, әдеп-ғұрып болып табылады.
Негізінде ең күшті адам ол – рухани бай адам.
Салт-дәстүрге берік қазақ тәрбиесінде адамды жақсылыққа итермелейтін рухани күштердің арасында намыс маңызды рөл жасайды. Намыс адамдық менді қайрай түседі. «Ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді» дейді қазақ халқы.
Иә, дүниеге Алаш жұрты болып жаратылғалы бері «Ер қанаты – ат» деп білген қазақтың өмірін жыл¬қысыз көзге елестету қиын. Ұлан-ғайыр ұлы даламыздың бүгінгі ұрпағына дейін сақталып келе жатқанының өзі осы «мінсе – көлік, жесе – ас» дегеннен әрі асып, жылқының жаудың бетін қайтарудағы жауынгерлік үлесін айтып жеткізудің өзі бөлек әңгіме. Сондықтан да қазақ өзін алдымен жылқы мінезді жұртпын деп санайды. Жылқы ішінен тұлпарын таңдап бәйгеге қосады, аты озғанның бағы да озады деп біледі.
«Біздің жеріміз материалдық мәдениеттің көптеген дүниелерінің пайда болған орны, бастау бұлағы десек, асыра айтқандық емес», деп бүкіл түркі дүниесінің түп қазығы, біздің атамекенімізді ерекше ардақ тұтады. Елбасы одан әрі жылқы мінген ата-бабамыздың басқа да күнделікті тұрмыстық, өмірлік мәдениетті де дамыта түскенін атап көрсетеді. Жылқының қолға үйретілуіне байланысты, тақымына басқан сәйгүлігіне еркін мініп жүруі үшін ер-тұрман, жүген-ноқта, үзеңгі-таға сияқты ат әбзелдерінің, ыңғайлы киімнің, оның ішінде шалбар мен саптама етіктің дүниеге келуі де көшпенділер салт-дәстүрінің ажырамас бөлігі.
Ғасырлар бойы аттың жалында, түйенің қомында ғұмыр кешіп, қайталанбас мәдениет пен өнердің ғажайып үлгілерін қалыптастырған халқымыз аттың қыр-сырын жетік білген еді.
Ал, бүгінде бала тұрмақ, үлкендердің өзі атқа мінудің не екенін ұмыта бастағандай. Доспамбет жыраудың «Арыстандай екі бұтын алшайтып, арғымақ мінген өкінбес» деген сөзі осындайда еске түседі. Кезінде қазақ даласында атбегілік өнердің дамуы өзінің ең биік шыңына жетті десек, қателеспейміз.
Сондықтан да ат әбзелдерін қазақтар қашанда қадір тұтқан.
Дүниеде қазақ халқындай тұрмыс-тіршілігінде ерекше қастерлейтін жылқының қыр-сырына қанық, психологиясын жетік меңгерген ұлт жоқ та шығар. Жылқының құйрық-жалын тарап, ер-тұрмандарын ерекше күтіммен қарап, аялайтын қазақтың соған байланысты ырымы мен тыйымы да жетерлік.
Мысалы, «үзеңгі бауы сегіз қабат, ат үстінде шіреніп» сынды тұрақты тіркестер, «Алтын ерің аттың арқасына тисе, алтынын ал да отқа жақ», «Атыңа жаның ашыса, шап айылын қатты тартып мін» деген аталы сөздер де ерекше күтімнің белгісін білдіреді. Яғни ата-бабаларымыз ат әбзелдерінің жылқыға жайлы да көзге көрікті болғанын қалаған.
Алдыңғы буынның жылқыға сүйіспеншілігін білдіретін ат әбзелдеріне деген өзгеше көзқарасына бүгінгі буын куә болып келеді.
Осындай игі шаралар ұлттық қолөнерiмiздi насихаттауға, салт-дәстүрлерiмiз, тiлiмiз бен дiнiмiз, мәдениетiмiз бен әдебиетiмiз, жөн-жоралғыларымыз, бiр сөзбен айтқанда, ұлттық рухымызды бойымызда мәңгi сақтауға септігін тигізері сөзсіз.
Ата-бабадан кейiнгi ұрпаққа мирас болып келе жатқан рухани дүниені,яғни мәдени мұраны кеңінен насихаттауды мақсат еткен 1974 жылы Әбілда ауылында туылған, көпбалалы әке Қабланбек Абдуалиев.
Қабланбек ат әбзелдерін бала күнінен өз қызығушылығымен жасайды. Бүгінде 5 баланың әкесі, шаруасын дөңгенлентіп отырған азамат ауыл қарияларымен бірлесіп, қашанда жастарға ат әбзелдерін насихаттап, оның жасалу жолдарын түсіндіруді өз борышым деп санайды.
Облыстық «Үздік ауыл» жобасы байқауына ұсынылған Әбілда ауылында мұнан да өзге рухани құндылықтар жетерлік.

Дариха Үмбетиярова, Сарысу ауданы.