Қазақстанның тәуелсіздігіне – 25 жыл!

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жазылған ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Тарих толқынында» еңбегінде еркін де дербес елге қажетті ұлттық әрекеттердің бірнеше факторы көрсетілген. Оның ең алғашқысына ұлттық бірігу (интеграция) мен ыдыраудың (дезинтеграция) тетіктері жатқызылса, одан әрі қазақтың ұлттық тұтастануы үшін табан тірейтін негізгі идеялық тұғырлар, мысалы, мемлекеттің дербестігін сақтау және дамыту, мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін өркендету және оны нақтылы әрекетпен ұластыру, Қазақстанның аумақтық тұтастығы, т.б. белгіленген. Сонымен қатар саяси идеялардың әрекетсіз, «ауаға ілінгендей» болып қалмауы үшін қазақ ұлты «көш басшыларының» ұлттың жасақталу үрдісіндегі атқарар рөлі мен қызметі, ұлттық рухты қайта түлетіп, дамытуға белсенді қатысуы, т.б.  қарастырылған [1, 20-22].

Профессор З. Қинаятұлы 1990-жылдары тілі жойылып, «қара орысқа» айналып, ұлт ретінде біржола жұтыла бастаған қазақтың тың серпілісі 1986 жылы 16 желтоқсанда басталды дей келе, былай деп ескертеді: «Көп адам, талай тағдыр жапа шексе де ұлттық серпілістің кілті осы кезден басталды. Қазақ тәуелсіздікке қол жеткізіп, қазақ мемлекетінің бұрын құлап қалған шаңырағын қайта көтерді. Қазақтың ұлт ретінде қайта түлеуінің бір мүмкіндігі осылайша туды. Ұлттың бұлайша қайта түлеуі (ренессанс) бір емес, сан рет қайталануы мүмкін. Л. Гумилев айтқандай, қазақ қазір «инкубациялық кезеңді» басынан кешіріп жатыр. Бұл қайта түлеудің механизмін қосу ғана. Бастаманың бәрі табысты бола бермейді. Өте сақ болмасақ ұлттық мүмкіндіктен айырылып қалуымыз да ғажап емес. Онсызда жаһанданып келе жатқан бүгінгі әлемде өз ұлты ұлт бола алмай жатқан Қазақстан сияқты жас мемлекетте халықты көпұлттылыққа, көпмәдениеттілікке шақыру, т.б. үлкен қатер. Нағыз ойланып басқан әрбір қадамымыз, мағыналы ісіміз ғана бізді құтқармаса, «қазақ», «Қазақстан» деген ат-атау құтқара алмайды. Егер біз қазіргідей есігімізді айқара ашып тастап, басқаны өзімізге шақыра берсек, бірер жылдан соң «қазақстандық» деген ат-атаудың қалқасында қазақ та емес, қалмақ та емес, «қырық темірдің қылауы»-нан жиналған жаңа тобыр пайда болып кетуі мүмкін. Л. Гумилев алдын ала сақтандырған ұлт өмірінің инерциялық кезеңі сонда басталатын болады» [2, 209].

Дегенмен, қазіргі уақытта «Қазақстан-2050» Стратегиясы: «қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» бойынша, Қазақстан өз тұтастығын сақтаған, ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмыстанып жатқан, сонымен қатар елдің ішкі саяси тұрақтылығы мен ұлттық бірлігін нығайтуда белсенді әрекеттеніп жатқан елдердің біріне айналған. Белгілі тарихшы, профессор Х. Әбжанов азаттықтың бірнеше кезеңдеріне тоқталады: «Әлемдік және Отандық тәжірибені зерделесек, мәні мен көздеген мақсатына жеткен-жетпегеніне қарай азаттық дәуірдің әлденеше кезеңнен тұрғанын байқаймыз. Бірі – номиналды азаттық, екіншісі – сындарлы азаттық. Үшіншісі – шынайы азаттық. Номиналды азат ел басқа бір немесе бірнеше мемлекеттің ықпалынан шыға алмайтын кіріптар күйде қала береді. Әдетте бұндай елдің экономикасы бөтеннің мүддесіне жұмыс істеп, сыртқа қарыз-берешегі басынан асып жатады. Билеуші елдің тұрақсыздығынан ауық-ауық мемлекеттік төңкеріс болып тұрады. Сындарлы азаттыққа жеткен елге, кешегі бодандық мұрасынан (рухани, тілдік, экономикалық, ментальдық, т.б.) толық қол үзбесе де, өзіндік даму жолын табуға талпыныс, кейбір іргелі салаларда оны таба алу, халқына өршіл рух тән. Шынайы азат ел ішкі-сыртқы саясатын әлемдік өркениет талабына, ұлттық мүддеге сай жүргізетін биіктіктен көрінеді. Біз әзірге дамыған, шынайы азат елдер қатарына қосылмасақ та, озат та өміршең құндылықтарды игеруге бейімделіп, болашақ даму бағытын таңдау негізінде анықталған сындарлы қазақтандық жол басында келеміз. Номиналды азаттықпен қоштасуды бастаған күніміз, шартты түрде айтар болсақ, саяси тұрғыдан – 1991 жылдың 16 желтоқсаны, экономикалқ тұрғыдан – 1993 жылдың 15 қарашасы, стратегиялық тұрғыдан – 1997 жылдың 10 қазаны» [3, 291].

Егер тәуелсіздіктің компоненттері сан алуан десек, оның ішінде сол тәуелсіздіктің ең басты тетіктеріне ұлттық намыс, отаншылдық, тіл жатады. «Отбасынан басталып, ұлыс сатыларынан өтіп, биік деңгейге жеткенді көрсететін ұғым ұлт десек, оның өзіндік ерекшеліктерінің бірі – ұлттық намыс. «Ұлттық намысты күн тәртібіне қойған ұлт ұстазы А. Байтұрсынұлы: «жұрт ісіне жаны ашып, жұрт намысына қаны қызатын қазақта адамдар аз болады. Себебі жұрт жұмысы деген қазақтың әдетінде болған емес. Өзге жұрттан оңаша жүріп, қазақ басқа халықтармен бәсекелесіп, жарысқа түскен жоқ. Сондықтан жұрт жұмысы, ұлт намысы деген сөз қазақтың көбіне түсініксіз нәрсе», – деп пайымдады. Ол ұлттық намыс етіп балаларға оқулық, роман шығарған зиялыларға спонсорлық жасайтын намысы бар байларды қазақтың білім жарысына түсіп, өркениетті елдерге теңелуі жолындағы ұлттық намысқа шақырды. А. Байтұрсынұлы өзінің атақты «Әдебиет танытқышында» толғаудың бір түрі «намыс» болатынын, ал «намыс тар жол, тайғақ кешуде, қиыншылық шегіне жеткенде шығатын сөз», – деп түйіндейді. «Қиын істі істеуге көбінің батылы жетпей тұрғанда, қанын қыздырып, намысына тигізіп сөйлеу «қайрау сөз» деп аталған. Сол қайрау сөздің өлеңмен айтылғанын «намыс толғауы» дейміз. А. Байтұрсынов қиын шақта «жұрт қамы, жұрт ісі» деп, басын бәйгеге тігетін ұлттық намысы бар күрескер жанды айтады. Демек, ұлттық намыс өз ұлтының «мен» дегізерлік қасиеттерін қызғыштай қорғайтын, ұлтты іргелі, жоғары деңгейге көтеруді аңсайтын да қолдайтын, ісімен де күшімен де ұлттық намыс туын көтеріп, қара бастың қамы емес, адамзаттың баласы – ұлтымыздың ұлықтығы үшін, теңдігі мен елдігі үшін әр пенденің өтейтін қарызы мен парызы болса керек. Ұлт намысын жүрегінде маздатып жандырмай, Азамат тәрбиелеу мүмкін емес. Ұлттық намыс тек Отанын сүйген жанда болады, ал отаншылдықты туылған сәттен бастап тәрбиелеу керек. Отанды құрғақ сүюден патриотизм шықпайды. Ол қарекеттен туындайды. Патриотизм – адам баласының өз өмірінде қоғамнан алғанынан бергені мол, орда тігіп, сарай салдырған, еңбек жазып, есімін тарихта қалдырған, бау-бақша егіп, жер бетін молшылыққа малындырған, ұлтының даңқын шығарып шамшырақ жандырған, халқын қорғап, қас дұшпанды ерлігімен тәнті еткен, яғни «Адам» деген атын сақтап, дүниеге келгенін ақтау» [4, 256-260].

         Назым Хикметті:

«Егер де сен жанбасаң жанартаудай атылып,

Егер де ол жанбаса, аруақты шақырып,

Егер де біз жанбасақ Нигарадай сапырып,

Тұншықтырар бар әлемді түнек пен қапырық», – деп сөйлеткен М. Қозыбаев өз ойын былайша тұжырымдаған еді: «Ұлтқа, Отанға, міне, осылай «жанартаудай атылып» қызмет ету – патриотизм. Тәуелсіздікпен мақтану аз, оны жақтау жеткіліксіз, оны көздің қарашығындай сақтау парыз. Ел мүддесін, халық мүддесін қорғап, оны ақтау қарыз. Жадағай қазақ, жаңа қазақ, қазақ ұлты, Қазақстан халқы бірігіп ол мүддеге негіз, тірек болуымыз керек… Егер демократиялық, құқықтық, зиялы қауым құрғымыз келсе, мемлекет халықтың қалың тобының мүддесіне негізделген әлеуметтік саясат жүргізуі керек. Мемлекет идеологиясы демократияға (қалтасы қалыңдардың диктатурасы емес), құқыққа (біріккен, ұйымдасқан жемқор алаяқтарға қарсы), кең ауқымды әлеуметтік саясатқа бейімделуі абзал. Бізде кейбір сәтте тоталитарлық жүйе тұсындағы идеологияның сарқыншақтары (науқандық, жоғарыдан жоспарлау, табынушылық, жеке адамды орынсыз марапаттау, т.б.) бой көрсетуде. Біздің идеологияның басты, ең соңғы сөзі – тәуелсіздік, оны баянды ету. Мемлекеттегі идея да осы. Сан тарапқа тараған партиялар мен қоғамдардың ұрандары мен бағдарламалары қалаған, ұлт пен ұлыс өкілдерінің кәделеріне жараған негізгі ұлттық мүдде – тәуелсіздік болуын ұмытпағанымыз абзал» [4, 256-260].

Әрине, өзімізге өзі билік жасап, өз мүмкіндіктерімізді өзіміз үшін пайдалануға қол жеткізген тәуелсіздік жылдары көп істер атқарылды. Саяси бостандығымызды жариялап, Ата Заңымызды қабылдадық, мемлекетіміздің рәміздері – Әнұран, Ту, Елтаңбамызды белгіледік, шекарамыз айқындалды. Отан қорғар әскер құрылды, көптеген мемлекеттермен қажетті шарттар жасадық. Яғни мемлекетке тән саяси белгілердің бәрі жасалды. Саяси бостандықпен қатар түбегейлі экономикалық реформалар жүргізілді. Әлемнің саяси картасында дербес мемлекет ретінде пайда болуымен Қазақ елі өркениеттің ұлы көшінен өзіне лайықты орнын табуға кірісті, ал ұлттық валюта – теңгенің дүниеге келуі және айналымға енуі номиналды экономикадан ұлттық экономикаға көшудің шешуші қадамы болды, сонымен қатар «Қазақстан-2030» Стратегиясы азат елдің жасампаз интеллектуальдық әлеуетін паш етті. Сындарлы азаттықтың қайшылығын, қиыншылығын танып біліп, жемісін де көре бастадық [3, 291]. Елімізді, мемлекетімізді әлем таныды. Алайда, тындырылмаған істер әлі көп. Түркі халықтарына ортақ көне әдеби ескерткіш – «Құдатғу біліг», Құтты білік («Бақытқа бастаушы білім») еңбегінде Жүсіп Баласағұни мемлекетті дұрыс басқарудың төрт принципін – қара қылды қақ жаратын әділ заң, бақ-дәулет, ақыл-парасат пен қанағат-ынсапты ұсынған еді. [5, 108-109]. Қазіргі кезеңде еңселі ел болу үшін экономикалық және рухани тәуелсіздік керек. Тіл мәселесі түбегейлі шешілмейінше, мемлекеттік тілдің мәселесін де көтере беруді жалғастыру қажет. Ал рухани-қоғамдық тәуелсіз мінез қалыптасуы үшін уақыт керек.

Қорыта айтқанда, қазақтың арманы болған тәуелсіздік қазақ мемлекеттілігінің үзілгенін жалғап, ұлттың рухын көтерді. Ендігі кезекте демократиялық құндылықтарға, адалдыққа, ақыл мен парасатқа, шынайы бірлікке негізделген ұстанымдар ғана Қазақстанды еңселі ел болуға ұмтылдырады. Демек, адами тұрғыдан жетілген, кісілік кемелденген, бәсекеге қабілетті білімді ұрпағы бар қуатты да құтты мемлекет құру  басты мақсат болмақ.

                                                                                         Клара Сәркенова