«Әкім талабы жұмысымызды ширатуға себепші болды…»

     Редакция басшылығының тапсырмасымен бейсенбі күні №5 емханада болдық. Ондағы мақсатымыз — емхананың тыныс-тіршілігі мен онда атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын білу.

   Әншейінде абыр-сабыр болып жататын емханада кісі аяғы саябырсыпты. Тіпті, науқастарды қабылдайтын дәрігерлер кабинетінің алдында да кезек күтіп отырғандар аз. Емхананың екі корпусын аралап жүріп, өзімізді тура «Талап» емханасында жүргендей сезіндік. Әдетте, «Талап» АҚ емханаларының қызметі қанша қымбат болса да, жұрт ол жерге жұмыстарының үйлесімділігі мен қызметкерлерінің сыпайы қарым-қатынасы үшін барады ғой. Сол тәртіп енді осы №5 емханаға да көшіп келгендей. Ұзын дәлізді аралағанда бірден көзімізге түскені, дәрігерлер кабинетінің есіктерінде қабылдауға келген науқастар тізбегі тұр. Онда науқастың аты-жөні, туған жылы, айы күні, қашан тіркелгені және дәрігерге кіру уақыты көрсетілген. Әр науқасты қабылдауға 15 минут уақыт бөлініпті. Емшара жасайтын кабинетке де науқастар рет-ретімен кіріп жатыр. Бұл жолы бұрынғыдай айқай-шу байқалмады. Емхана жұмысының біршама ретке келіп қалғаны  көрініп тұр. Мұның бәрі облыс әкімінің өңіріміздегі емдеу орындарының жұмысын қатаң қадағалауды қолға алғанынан болар деп ойладық. Емхананы аралап болған соң мекеме басшысы Сәуле Бұлқашевамен кездесіп, аз-кем сұхбаттастық.

— Біздің мекеме 2013 жылдан бастап жұмыс істейді. Қазіргі таңда емханада 64 дәрігер, 159 медбике 46790 тұрғынға дәрігерлік көмек көрсетеді. Емханамызда 21 участок бар, сол участоктарға 21 жалпы тәжірибедегі дәрігер бекітілген. Ол дәрігерлерге 3 медбике, 1 әлеуметтік қызметкер көмек көрсетеді. Бұған акушер-гинекологты  акушеркасымен  қосыңыз. Әр участокта 2100 тұрғын бар, жаңағы айтып отырған жалпы тәжірибедегі дәрігерлердің әрқайсысы өзінің көмекшілерімен бірге осыншама тұрғынға көмек көрсетуі тиіс.  Олар белгіленген сағатқа сәйкес науқастарды қабылдайды.  Бұған қоса емханада үйге барып қызмет көрсету жүйесі қалыптасқан. Яғни,  әр участоктың дәрігерлері қарт адамдар мен жүріп-тұруы қиын мүгедектердің үйлеріне  барып,  олардың денсаулықтарын тексереді. Дәрігер белгілеген ем-домды медбикелер жасайды. Бізде кадр жетіспеушілігі жоқ. Сала (профильді) мамандарының жетіспеушілігін жою үшін 2016 жылдан бастап ЖТД дәрігерлерін кардиология, клиникалық фармаколгоия, ФГДС, балалар отоларингологы, көз дәрігері, неврология бойынша аралас мамандықты игеру үшін қайта даярлықтан өткізу жұмысын ұйымдастырып жатырмыз. Өткен жылы дәрігерлердің білімін жетілдіру үшін 4 млн.960 мың теңге бөлінді.

Ал енді емханадағы қазіргі өзгерістерге келсек, мұндай тәртіпті орнатуға біз бұрыннан да әрекет жасап келеміз. Облыс әкімінің талабы осы бағыттағы жұмысымызды ширатуға  себепші болды. Дегенмен, дәл қазіргі уақытта әкім талап еткендей кезекті жеңілдету үшін электронды табло қоя алмаймыз. Себебі,  бұған 22 млн. теңге қаражат керек, ал ондай қаражат әзірге жоқ. Сондықтан, таблоның орнына әрбір қабылдау кабинетінің алдына науқастар тізбегі және олардың кіру уақытын көрсетілген жазылу парағын ілдік. Науқастар осы парақтағы ретпен әрқайсысы өз уақытында қабылдауға кіреді. Қабылдауға келмейтін немесе келмеген науқастардың аты-жөні арнайы маркермен сызылады және оның орнына кенеттен ауырып, дәрігер қабылдауына келген науқастар кіреді. Біздің бұл шарамыз өзіміз күткендей нәтиже берді. Соңғы кездері бұрынғыдай кезектің болмау себебі осы шараның нәтижесі деп ойлаймын.    Жалпы, емханада науқастардың келу легін реттеу қызметі бұрыннан бар. Анықтамалық ақпарат емхана дәлізіндегі жергілікті теледидар бойынша әр корпуста (А,Б) көрсетіліп тұрады. Кабинеттер жеткілікті, дәрігерлер ересектер мен балаларды бөлек-бөлек екі сағаттан жеке қабылдайды.  Емхананың клиникалық зертханасы таңғы сағат 7.30-дан 17.00-ге дейін, ал емшара кабинеті 09.30-дан  кешкі 19.00-ге дейін жұмыс жасайды. Сондай-ақ, пациенттердің амбулаторлық карталарын түгендеу үшін жеке тіркеушілер бекітілген. Карталарды медбикелер қабылдау басталарда дәрігерге жеткізеді, -деген Сәуле Бахытханқызы емханада бұған қосымша пациенттерді қолдау бөлімі жұмыс істейтінін айтып, бізді сол кабинетке бастап апарды.

№118 кабинетте науқастардың арыз-шағымы бойынша арнайы жұмыстанып отырған екі қызметкер бізге тіркеу журналын көрсетті. Онда биыл алғашқы үш айда 52 шағымның түскені жазылған.  Соның 12-сі дәрігерлік қызметтің сапасына байланысты болса, 19-ы регистратураға хабарласа алмағанына реніш білдірген. 8 адам дәрігерлер тарапынан этиканың сақталмайтынын айтса, 3-і қабылдауға жазылу бойынша және 2-і дәрігерді үйге шақыртуға байланысты жасалыпты. Тағы 3 адам дәрімен қамтамасыз ету бойынша, 2 адам тіркеуге қатысты наразылықтарын білдірген. Бөлім қызметкерлерінің айтуынша, шағымның көбі (27-сі) Call-center арқылы түскен, кейде науқастар жазбаша да, аяқтай келіп те шағымданып жатады. Сондай-ақ, науқастар наразылықтарын 27-83-55 нөмірі  арқылы да хабарлауына болады.

-Арыз-шағым түскен бойдан бөлім қызметкерлері оларды маған жеткізеді. Мен әкімшілік қызметкерлерін жинап алып, шағымдар мәселесін тез шешуге тырысамын. Мысалы, үш айда түскен 52 арыздың 21-і тексерген кезде негізсіз болды, ал қалғандары оң шешімін тапты. Осы бөлімнің ашылуы емхана жұмысының ширауына көп әсерін тигізді. Тұрғындардың арыз-шағымы арқылы біз мекеме жұмысының кемшілігін көреміз және оны қалпына келтіруге тырысамыз, -деген Сәуле Бахытханқызы қай жұмыстың да ашық жүргізілгені жақсы екенін айтты.

Бұдан соң мекеме басшысы бізді 101 бөлмеге апарып, қандағы холестерин және глюкоза мөлшерін анықтайтын құрылғыны көрсетті. Ол, сондай-ақ, бұл құрылғы арқылы науқастардың бар-жоғы 5 минуттың ішінде  қан құрамындағы холестерин және глюкоза мөлшерін білуіне болатынын айтып, емхана пациенттерін, соның ішінде «хроник» науқастарды осы құрылғының пайдасын тегін көруге шақырды.

Айша ӨТЕПАЛИ,

Батыс Қазақстан облысы